Бүгіннен бастап Еуразия экономикалық одағына (ЕАЭО) Қырғызстанды мүшелікке қабылдау туралы келісім күшіне енді. Бұл туралы Еуразиялық экономикалық комиссияның ресми сайтында хабарланды.
Армения, Беларусь, Қазақстан және Ресеймен бірге енді Қырғызстан да ЕАЭО-ның толыққанды мүшесі болды.
Мемлекеттік шекараның қазақ-қырғыз учаскесіндегі бақылауды алып тастау рәсімі бүгін Жамбыл облысы Қордай ауданындағы «Ақ Жол-Автодорожный» бақылау-өткізу бекетінде өтті. Нұрсұлтан Назарбаев пен Алмазбек Атамбаев Шыңғыс Айтматов атындағы «Рух Ордо» мәдени орталығы мен «Ак Жол» бақылау-өткізу пунктінің ортасындағы телекөпір арқылы мемлекеттік шекараның қазақ-қырғыз учаскесіндегі бақылауды алып тастау рәсіміне қатысты. Бүгіннен бастап Қырғыз Республикасы Еуразиялық Экономикалық Одақтың толыққанды мүшесі атанды. Енді оның аумағы кедендік шекарасыз бірегей кеңістіктің бөлігіне айналды. Сол себепті мұндағы 8 бақылау-өткізу бекеті, 7 көлік және 1 темір жолды тек шекарашылар күзететін болады. Олар өтушілердің төлқұжат-визаларын тексеріп, көліктерді тасымалдауға тыйым салынған заттарға қатысты тексерулер жүргізеді. Тауар тасымалданған жағдайда, арнайы құжаттар ресімделіп, артынша салық органдарына тапсырылады.