$ 494.87  520.65  4.91

Командалық жүйемен күрес нәтижесін бере бастады ма?

Бір шенеунктің басына бақ қонып, таққа отырса, жайдақ болса да, атқа мініп, жанынан табылатын жоқ дегендегі жеті адамды да құдайы жарылқады дей бер.

Тас қамалдардың ішіндегі шылбырдай шұбалған бұл ұзын керуен «команда» деп аталып, тәж киіп таққа отырған басшысы қайда барса, шұбырып соңынан ілесіп жүруі дағдыға ғана емес, қалыпты қызмет жүйесіне айналған соң, 2013 жылы Әлихан Бәйменов Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі агенттік төрағасы болып тұрғанда бұл «пирамиданың» парша-паршасын шығаруға пара-пар заңнама да енгізіп қойған еді. Командалық жүйенің кадрлық ревервті пайдалануға кедергі келтіретіні, оның сыбайлас жемқорлыққа жол ашатыны мың-сан мәрте айтылып жүр, бірақ жұлқынып жететін жаңа басшы бұрынғы орынбасарлар мен департамент, комитет төрағалары, бөлім жетекшілерінен бастап, есіктегі күзетшіге дейін тіпті тұқымдыққа да бір талын қалдырмай, ұстарамен шаш сыпырғандай етіп, бір-ақ күнде орындарынан жұлып алатын әдеттерін әлі қойған жоқ. Бір қолдан жем жеп, бір астаудан су ішіп үйренген «топтанған қарғалар» мен биік эшелонда биліктің бұл жүйесін қолдайтындар Бәйменов мырзаның  сол бастамасына пысқырып та қарамай келеді десек, өтірік емес. Себебі, олар командамен жүріп-тұру жүйесінің тек бізде ғана емес, әлемдік тәжірибеде бар екенін, саяси тұлғаға жұмыс сапасын көрсету үшін сенген адаммен ғана жұмыс істеу қолайлы екенін алға тартады. Олардың уәжінше, қанша жерден тізгіндеуге тырысқанымен, бұл түпкілікті жойылып кетпейтін, өмір сүруін тоқтатпайтын жүйе. Міне, тағы да қоғамда «Соңғы ауыс-түйісте ат ауыстырып жатқандар жаңа қызметіне жалғыз портфелімен барар ма екен, әлде жапырылған қолын қоса бастап, үдере көшіп барар ма екен?» деген сауал көкейде қылтия қалғаны сол еді, Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің  департамент директоры Әли Көмекбаев жаңа басшының тек үш адамды ғана ауыстыра алатынын мәлімдеді. Олар – көмекші, кеңесші және хатшы. Сонымен басшының «оң қолы» орынбасар емес, осы кісілер болып тұрғаны езуге сәл-пәл күлкі үйіргенімен, кішкентай адамдардан келер қауіптің жоқтығына келіскендей кейіп таныта қалды. 

Талай тағайындаулар мен орын ауыстырулар болып жатыр, бірақ тап ертеңінде, дәл осындай қадап тұрып айтатын құжат, қаулы, қарар дейтін болмайтын. Аяқ астынан команда жайының ауызға алынуына не себеп? Соған қарағанда, бұл әңгіме «күніміз туатын болды» деп қопаңдап қалған «болашақтықтарды» иықтан бір басып қоюдың амалы сияқты көрінді. Өйткені, Бауыржан Байбек қай орынға барса да, қандай жаңа қызметтің тізгінін ұстаса да, сол күні-ақ, «ол өзінің болашақтықтарын тартатын шығар» деген сөз қаулап кететін болып жүр. Бұл әңгіме, шамасы, билікте әлі де сіресіп отырған партиялық-комсомолдық номенклатураның орнын жаңа тұрпатта тәрбиеленген «Болашақ» бағдарламасымен білім алып келгендер біртіндеп алмастырса деген аңсар-тілектен туындаған болса керек. Бірақ бұл жерде «Болашақ» түгілі, бас қайғы – өзі үшін де жауапты өткел болғалы тұрған жоғары лауазымға келе салып, үлкен шаһардың проблемалары мен нәзік иірімдерін жақсы білетін ескі кадрлармен бірден қоштасудың шаруашылық ісінен хабары аз Байбек үшін тиімсіз болатынын сарапшылар қазірден айтып жатыр. Сондықтан, «беліне қалжуыр байлап» қызметке кірісу жаңа әкім үшін қауіпті болмақ.

Бұл мәселе тек Алматы шаһары мен оның әкіміне ғана қатысты емес, басшыларын  ауыстырған бас партия «Нұр Отан» мен жеті жылға жуық уақыт бір әкімді ғана бауырына басып, қимай қоштасқан оңтүстіктегі облыс, аудан әкімдіктері мен жергілікті басқару ұйымдарына «үш адам ғана ауыстырылады екен, басқамызға тиіспейтін көрінеді» деп терең тыныс алуға тым ерте. Өйткені, департамент директоры мәлімдеме жасамай жатып, «Берік Уәли «Нұр Отанға» бара ма?» деген сұрақ күн тәртібіндегі күйіп тұрған мәселедей, ел аузында екі күннен бері жүр.

А.Халықова

 
Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары