28.08.2015, 09:00

Елбасы барша халықты Конституция күнімен құттықтады

30 тамыз – Қазақстан халқы біртұтас таңдау жасаған ұлы бетбұрыс күні.

Бүгін ел Ата Заңының 20 жылдық мерейтойына арналған ғылыми-тәжірибелік конференция барысында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев осылай деді. Президент барша қазақстандықтарды ұлы мерекемен құттықтап, басты құжатымыздың ерекше маңыздылығын атап өтті. Бұдан 20 жыл бұрын бүкілхалықтық референдумда Ата Заңымыз қабылданып, қазақ халқы ескі мен жаңа тоғысқан алмағайып кезеңде барша әлемге бірлігі мен даналығын көрсете білді. Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті: - Біз ортақ тағдыр біріктірген Қазақстан халқы деп басталатын Ата Заңымыздың бойына еліміздің ең басты құндылықтарын түгел сыйғыза білдік. Мен Конституцияның бір жылдығына арналған салтанатты жиында «Біз заң аясында өмір сүруге үйренуіміз керек» деп айтқанмын. Ата Заңымызбен жүріп өткен 20 жылға көз сала отырып, бүгін біз заң аясында өмір сүретін елміз деп мақтанышпен айта аламыз.