08.08.2015, 06:06

Мемлекеттік қызметшілерге талап күшейеді

Фото: caravan.kz

Шымкент қалалық әкімдігінде Мемлекет басшысы ұсынған 5 институционалды реформаны іске асыру бойынша алқалы жиын өтті. Оған Шымкент қаласы әкімінің барлық орынбасарлары мен бөлім басшылары, қызметкерлері, сондай-ақ, Абай аудандық прокуратурасының өкілдері қатысты.

Жиында Шымкенттегі жоғары оқу орындарының ғалымдары «Ұлт жоспары – 100 нақты қадам» туралы баяндамалар жасаса, жиынға қатысушылар өз пікірлерін ортаға салды.

Айта кетерлігі, ағымдағы жылы Ұлт жоспары аясында бірқатар заңдарға өзгерістер  мен толықтырулар енгізілмек.

Жиында кәсіби мемлекеттік аппарат құру жайлы айтылып, мемлекеттік қызметшіге қойылатын талаптар мен міндеттер сөз болды.

Ұлт жоспарының 15 қадамы кәсіби мемлекеттік аппарат құру мәселесіне арналған. Соның ішінде 12-қадамда  жаңа этикалық ережелер енгізу мәселесі айтылған. Яғни, алдағы уақытта мемлекеттік қызметтің жаңа Этикалық кодексі жасалып, этика мәселелері жөніндегі уәкілетті өкіл лауазымы енгізіледі.

Жиын барысында 13-қадам «Жемқорлыққа қарсы күресті күшейту» туралы кеңінен сөз болды. Ендігі жерде жаңа заңнамалар әзірленіп, Мемлекеттік қызмет істері және жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің құрылымында жемқорлық құқық бұзушылықтың жүйелі түрде алдын алу және сауықтыру үшін жемқорлыққа қарсы арнайы бөлім құрылады. Барлық мемлекеттік органдарға, оның ішінде құқық қорғау органдарының барлық қызметкерлеріне қатысты «Мемлекеттік қызмет туралы» жаңа заң қабылданып, осыдан соң іс басындағы мемлекеттік қызметкерлер кешенді аттестаттаудан өткізіліп, кәсіби талаптар күшейтіліп, еңбекақы төлеудің жаңа жүйесі енгізіледі.

- Мұның бәрі, сайып келгенде, мемлекеттік қызмет саласында жемқорлықтың алдын алуға қатысты қолға алынған шаралар, - деп атап өтті мамандар.