$ 494.87  520.65  4.91

Ел болашағына жасалған 100 нақты қадам

Елбасының көрегенді саясатын тағы бір қырынан айқындаған жоба – Ұлт жоспары, яғни бес институттық реформасын жүзеге асыруға бағытталған «100 нақты қадам» екені анық.

Ұлт жоспарында денсаулық сақтау саласы да кеңінен айтылған. Бүгінгі күні ауыл медицинасы әрбір тұрғынның денсаулық сақтау мекемелеріне қаралуын қадағалайтын Бірыңғай ұлттық жүйесін енгізумен ерекшеленіп отыр. Яғни, ауыл дәрігерлерінің әрбір пациентті қабылдауы бір­ден электрондық базаға енгі­зіліп, ашық түрде көрсетіледі. Денсаулық сақтауды дамытудың 2011-2015 жылдарға арналған «Саламатты Қазақстан» мемле­кеттік бағдарламасының аясында бастапқы медициналық-санитарлық көмек жүйесін жетілдіру мен одан әрі дамытуға басымдылық берілді. Осыған орай, Жуалы ауда­нындағы емханалар мен басқа да медициналық мекемелердің барлығы компьютермен қам­ты­лып, интернет желісіне қосылған. Бүгінде электрондық байланыс денсаулық сақтаудың бірқатар ақпараттық жүйелерін пайдалану, науқастар туралы ақпараттарды алмасу барысында менеджерлерге жедел ақпарат алуға және өз уақытында басқарушылық шешімдер қабылдауға мүмкіндік беруде. Бекітілген халық тізіміне Жуалы ауданы бойынша 50 мың адам тіркелген. Сондай-ақ, аудандағы дәрігерлік амбулатория мен медициналық пункттер телефон желісімен қамтылған. Бұл шалғайдағы медициналық пункттердің аудандық аурухана мен емхана дәрігерлерімен хабарласып, жедел шешім қабылдауға мүмкіндік беруде. Жалпы алғанда, аудан бойынша орталық аурухана, емхана, туберкулезге қарсы диспансер, 8 дәрігерлік амбулатория, 5 ФАП және 32 медициналық пункт қызмет көрсетуде. Аудан­дық ауруханада телемедицина орталығы жұмыс істейді. Ауыр науқастар түскен жағдайда ке­зекші дәрігерлер «телемедицина көпірін» пайдалана отырып, облыс орталығындағы дәрігерлерден ақыл-кеңес ала алады. Жылдан-жылға ауданның денсаулық сақтау саласына бөлінетін қаржы көлемі артып келеді, 2012 жылы бөлінген қаражат 754 382 мың теңгені құраса, өткен жылы ол 931 385 мың теңгені құрады. БМСК-ды ғимаратпен жаб­дық­тау мәселесіне соңғы 4 жылда көп көңіл бөлініп, жаңадан 10 медпункт пен 1 дәрігерлік амбулатория ғимараты тұрғызылып, пайдалануға берілді. Кеңестік кезеңнен қалған әртүрлі ве­дом­с­­тво­­лардың, әкімдіктердің тең­ге­ріміндегі медициналық мекемелер ғимараты орталық аурухананың теңгеріміне қайта алынып, күрделі жөндеуден өткізілді. Енді алдағы жылдарда 3 дәрігерлік амбулатория мен 4 фельдшерлік пункт ғимаратын салу жоспарлануда. Аудандық аурухана заманауи аппараттармен жабдықталған. Медициналық құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету көрсеткіші 32-ден 79 пайызға жетті, 8 дәрігерлік амбулатория медициналық көлікпен қамтылған. «Саламатты Қазақстан» бағдар­ламасы бойынша құрамында 11 маман дәрігерлерден құралған жылжымалы медициналық кабинет шалғайда орналасқан Қошқарата, Билікөл, Ақтөбе, Күреңбел ауылы тұрғындарына медициналық көмек көрсетуде. Бұл дәрігерлік бригада жылжымалы автофлюрографпен қамтылған. Сондай-ақ, теміржол бойында орналасқан Шақпақ, Сұрым, Күркіреу су разьездеріндегі тұрғындарға «Денсаулық пойызы» медициналық көмек көрсетті. Бірыңғай ұлттық денсаулық сақтау жүйесінің енгізілуіне байланысты жоғары көрсеткіштерге жеткені үшін Жуалы аудандық орталық ауруханасы ҚР Ден­саулық сақтау министрлігінің бұйрығымен «Ең үздік 50 ауру­хананың» қатарына енгізілді. Шыны керек, ауыл медицинасына Бірыңғай ұлттық денсаулық сақтау жүйесінің енгізілуі үлкен серпін берді. Елдің дәрігерлік көмекке жүгінуіне толық мүм­кіндігі бар, осыған орай әрбір пациентке қолжетімді әрі сапалы медициналық көмек көрсетілуде.
Еске сала кетейік, үстіміздегі жылдың сәуір айында Елбасы Н.Ә.Назарбаев Қазақстан Республикасының Президенті лауа­зымына кірісу рәсімінде сөйлеген сөзінде алдағы уақытта «Мемлекеттік құрылыстың одан арғы 100 нақты қадамы» атты Ұлт Жоспарын ұсынатынын айтқан болатын. Жақында Елбасының бұл жоспары халықтың назарына Ұлт Жоспары – «100 нақты қадам» деген тақырыппен ұсынылды.

Ұлт Жоспарының кіріспесінде: «100 нақты қадам» – бұл Жаһандық және ішкі сын-қатерлерге жауап және сонымен бір мезгілде, жаңа тарихи жағдайларда Ұлттың дамыған мемлекеттердің отыздығына кіруі жөніндегі жоспары» екені атап көрсетілген. «Кәсіби мемлекеттік аппарат құру», «Заңның үстемдігін қамтамасыз ету», «Индустрияландыру және экономикалық өсім», «Есеп беретін мемлекетті қалыптастыру» деп аталатын бөлімдерден тұратын ресми құжаттың өн бойында мемлекет дамуының алдағы уақыттағы 100 нақты қадамы айқындалған.
«100 нақты қадам» елімізде «2050 – Стратегиясын» жүзеге асыру мен Қазақстан мем­лекеттілігін нығайтуға, жолдан адас­пауға, күрделі кезеңнен сенімді өтуге жағдай туғызатын беріктік қорын жасап беретін болады. Жоспардың негізгі мақсаты «аурулардың сыртқы белгілерін» сылап-сипап қою емес, оларды «жүйелі емдеу» болып табылатын қоғам мен мемлекетті түбегейлі қайта өзгертуге негіз қалайды» делінген бағдарламалық құжаттың 1-қадамы – Мемлекеттік қызметке қабылдау ресімдерін жаңғыртуға арналған. Онда: Мемлекеттік қызметке қабылдау төменгі лауазымдардан басталуы тиіс екені атап өтілген. 2 қадамда «Төменгі лауазымдарға кандидаттарды реттеу және одан әрі лауазымдық өсу іскерлік қасиеттер негізінде жүзеге асырылуы тиіс» деген міндет қойылып отыр. 3-қадам туралы айтатын болсақ, мұнда: «Қазақстан республикасының мемлекеттік қызмет және жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің рөлін арттыру» мәселесі бойынша орындалуы тиіс міндеттер жан-жақты баяндалған.
Ұлт Жоспарының 4, 5, 6 және 7 қадам­дарында мемлекеттік қызметке бірінші рет қабылданушылар үшін Міндетті түрде сынақ мерзімін ендіру. Мемлекеттік қызметкерлердің жалақысын қызметінің нәтижесіне байланысты өсіру; Еңбекақыны нәтиже бойынша төлеуге көшу. Мемле­кет­тік қызметкерлердің лауазымдық еңбек­ақы­ларына өңірлік үйлестіру коэффиценттерін қосу міндеттері бойынша нақты тапсырмалар жазылған.
Ауыстырылатын мемлекеттік қызмет­керлерге лауазымдық міндеттерін атқару кезеңінде оларға жекешелендіру құқығынсыз қызметтік пәтерлерді міндетті түрде беру (8-қадам); мемлекеттік қызметкерлерді тұрақты түрде оқыту жүйесін заңды түрде бекіту – үш жылда бір рет олардың кәсіби шеберлігін арттыру (9-қадам); мемлекеттік қызметкерлерді мансаптық жоғарылату үшін конкурстық негізге көшу (10- қадам); шетелдік менеджерлерді, жекеменшік сек­тордың жекелеген мамандарын, халықара­лық ұйымдардың қызметкерлері болып табылатын Қазақстан Республикасының азаматтарын мемлекеттік қызметке жіберу (11-қадам); жаңа этикалық ережелерді енгізу. Мемлекеттік қызметтің жаңа Этикалық кодексін жасау (12-қадам) міндеттері мен оларға қатысты нақты мәселелер еліміздегі мемлекеттік қызмет саласын жаңа деңгейге көтерері сөзсіз.
Жемқорлыққа қарсы күрес – Елбасы сая­са­тының басым бағыттарының бірі. Бұл мәселе Ұлт Жоспарының 13-қадамында – жемқорлыққа қарсы күресті күшейту қа­да­мында көрініс тапқан. Сонымен қатар Ұлт Жоспарында Мемлекеттік қызмет туралы жаңа заң қабылдау  14-қадамда, Мемлекеттік қызмет туралы жаңа заң қабылданғаннан кейін іс басындағы мемлекеттік қызметкерлерді кешенді аттестат­таудан өткізу мәселелері 15-қадамда сипатталған.
Ұлт Жоспарында сондай-ақ азаматтардың сот төрелігіне қолжетімділігін жеңілдету үшін сот жүйесі инстанцияларын оңтайландыру (16-қадам), судья лауазымына кандидаттарды іріктеу тетіктерін көбейту және біліктілік талаптарын қатайту (17-қадам), «Оқуды және сот тәжірибесі арасындағы өзара байланысты күшейту үшін сот төрелігі институты мемлекеттік басқару академиясының құрылымынан бөлінуі керек» (18-қадам) деген міндеттер қойылған.
Бүгінде елімізде сот саласын жетілдіруге байланысты көптеген іс-шаралардың атқа­ры­лып жатқаны белгілі. Осы орайда Судьялардың есеп беру тәртібін күшейту; судьялардың жаңа этикалық кодексін жасау және т.б. мәселелер Ұлт Жоспарының 19-қадамында көрсетіліп отырғанын айта кеткеніміз жөн. Құжаттың 20, 21, 22-қадамдары сот саласына арналған.
Инвестициялық даулар бойынша жеке сот істерін жүргізуді құру; Дубай тәжірибесі бойынша Астана қаласында «aifc» халықаралық арбитраждық орталығын құру; шетелдік және халықаралық соттардың үздік стандарттары бойынша сот істерін жүргізуді қамтамасыз ету үшін Жоғарғы сот жанынан беделді шетелдік судьялар мен заңгерлер қатысатын халықаралық кеңес құру; Сот ресімдерін оңайлату және сот процестерін жеделдету үшін азаматтық-құқықтық дау­лар жөніндегі соттарға прокурордың қатысуын қысқарту және т.б. маңызды мәсе­лелер Ұлт Жоспарының 23, 24, 25, 26, 27, 28-қадамдарында көрініс тапқа­нын айта кеткеніміз жөн.
Құқық қорғау органдарының қызметін жетілдіру, жергілікті полиция қызметін құру, жол полициясы қызметкерлерінің этикасы және өзге де мәселелер 29, 30, 31, 32-қадамдарда келесі міндеттер бойынша айқындалып отыр.
Бас бостандығынан айыру орнынан босаған және сынақтан өту қызметіне тіркелген азаматтарды әлеуметтік оңалтудың тиімді жүйесін қалыпқа келтіру; мемлекет-жекеменшік серіктестігін дамыту шеңберінде пенитенциярлық инфрақұрылымды жаң­ғырту; ауылшаруашылық жерлерін тиімді пайдалану мақсатымен оларды нарықтық айналымға енгізу; жер кодексіне және басқа да заң актілеріне өзгерістер енгізу және өзге де көкейкесті міндеттер Ұлт Жоспарының 33, 34, 35, 36, 37, 38-қадамдарында көрініс тапқан.
Ұлт Жоспарында белгіленген тапсырмалар еліміздің әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан дамуын одан әрі жетілдіру мәселелері қамтылған. Мәселен, мемлекеттік монополиядан біртіндеп бас тарту; құрылыстың сметалық құнын анықтаудың ресурстық әдісін енгізу; кеңестік кезеңнен бері қолданылып келе жатқан құрылыстың ескірген нормалары мен ережелерінің орнына еурокодтар жүйесін енгізу; электр энергетикасы саласын қайтадан құру тәрізді өзекті міндеттер бүгінгі күн талабымен орайлас келіп отыр.
Бағдарламалық құжатта сондай-ақ ет өндірісі мен өңдеуді дамыту үшін стратегиялық инвесторларды тарту; экономиканың шикізаттық емес салаларындағы орта бизнестің нақты көшбасшы компанияларын қолдауға бағытталған «ұлттық чемпиондар» белсенділігін жүзеге асыру; ғылымды қажет ететін экономиканың негізі ретінде екі инновациялық кластерді дамыту; өндіріске инновациялар енгізу жөніндегі жұмыстарды қаржыландыру тетіктері бар «ғылыми және (немесе) ғылыми техникалық қызмет нәтижелерін коммерцияландыру туралы» заң әзірлеу. Қазақстанды халықаралық көлік-коммуникациялық ағымдарға интеграциялау сынды ауқымды мақсаттар мен міндеттер 61 және 76-шы қадам аралығында көрініс тапқан.
Аталған міндеттердің жүзеге асырылуы ел келешегінің кемел болашағының жарқын болуына негіз болары сөзсіз. Мемлекет басшысы ұсынып отырған Ұлт Жоспары – 100 нақты қадамына енген: «Экономиканың алты негізгі саласы үшін он алдыңғы қатарлы колледж бен он жоғары оқу орнында білікті кадрларды әзірлеу, кейіннен бұл тәжірибені еліміздің басқа оқу орындарына тарату», Назарбаев университеті тәжірибесін ескере отырып, жоғары оқу орындарының академиялық және басқарушылық дербестігін кезең-кезеңімен кеңейту; Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамы идея­сын алға жылжыту жөніндегі ұлттық жобаны әзірлеу және жүзеге асыру; «Нұрлы болашақ» ұлттық жобасын әзірлеу және жүзеге асыру және т.б. міндеттер кеңінен атап көрсетілген.
«Іске асыру тетігі» деп аталатын бөлімде бес жұмыс тобынан жасақталған жаңғырту жөніндегі Ұлттық Комиссия құрылғаны туралы айтылған. Ұлттық комиссия бес инс­титуттық реформаны кезең-кезеңімен орындауды келісілген басқару бойынша жүзеге асыруы, тұжырымдамалық шешімдер қабылдап, іс-қимылдың нақты жоспарын айқындауы тиіс екені және өзге де жайттар атап көрсетілген.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары