Бүгін парламент мәжілісінің жалпы отырысында палата депутаттары депутат Дариға Назарбаеваның өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату туралы қаулы қабылдады, деп жазады ҚазАқпарат.
Еске сала кетейік, мемлекет басшысының жарлығымен жақында Дариға Назарбаева премьер-министрдің орынбасары болып тағайындалды. Ол бұл тағайындауға дейін парламент мәжілісі төрағасының орынбасары болған еді.
Дариға Назарбаева 1963 жылы 7 мамырда Қарағанды облысының Теміртау қаласында туған. Саяси ғылымдар докторы, тарих ғылымдарының кандидаты. Ағылшын, итальян, неміс тілдерін меңгерген.
«Бөбек» балалар қайырымдылық қорының вице-президенті. «Хабар» агенттігі» ЖАҚ-ның президенті, «Хабар» агенттігі» ЖАҚ-ның директорлар кеңесінің төрайымы болған.
2004-2007 жылдары – ІІІ сайланған Қазақстан Республикасы парламенті мәжілісінің республикалық «Асар» партиясының тізімі бойынша сайланған депутаты, «Аймақ» депутаттық тобының жетекшісі.
2007-2012 жылдары – «Қазақстан Республикасы тұңғыш президентінің қоры» Қоғамдық қорының директоры. 2012 жылғы 20 қаңтардан бастап Қазақстан Республикасы парламенті мәжілісі Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төрайымы болды.
2014 жылғы 3 сәуірден Қазақстан парламенті мәжілісінің вице-спикері, сондай-ақ «Нұр Отан» партиясы фракциясының жетекшісі лауазымдарын атқарды.