28.09.2015, 03:46

Қазіргі әлем жауапкершілік дағдарысын бастан кешіруде

joinfo.ua

Кеше БҰҰ Бас Ассамблеясының 70-ші мерейтойлық сессиясы аясындағы «Пост-2015» саммитінде Беларусь президенті Александр Лукашенко: «Қазіргі әлем жауапкершілік дағдарысын бастан кешіруде», – деп мәлімдеді деп жазады ҚазАқпарат  

«Қазіргі әлем жауапкершілік дағдарысын бастан кешіруде. Өйткені, өзімшілдік мүдде мен қас-қағым сәттік пайда көптеген шешімдерді қабылдауда басшылыққа алынуда. Бірқатар мемлекеттердің халықаралық аренадағы іс-әрекеті шынайы ақиқатты және басқа елдер мен қоғамның ерекшеліктерін жиі ескере бермейді», - деді Беларусь Президенті.

Сонымен қатар, Лукашенко егер де мұндай жағдай болмаған болса Ирак, Ливия, Сирия және басқа да мемлекеттерде жүздеген мың адам құрбандыққа шалынбайтындығын, сондай-ақ соғыстан қашқан босқындар легінің артпайтындығын, Ислам мемлекетінің пайда болуына жол берілмейтіндігін баса атап өтті. 

«Бүгінгі таңда барша әлемдік қоғамдастықтың мүддесі үшін шешім қабылдауға дайын, жаһандық, стратегиялық іс-қимылға қабілетті, ортақ игілік үшін ымыраға бара алатын жауапты саясаткерлер керек», - деп түйіндеді А.Лукашенко.