Қырғызстан президенті Алмазбек Атамбаев елдің қорғаныс министрін қызметтен босату туралы жарлыққа қол қойды. Бұл туралы президенттің баспасөз қызметі хабарлайды деп жазады Baq.kz.
Мемлекеттік ұлттық қауіпсіздік комитетінің мәліметінше, Абибилла Құдайбердиевтің үстінен қызметін асыра пайдаланғаны және жемқорлық фактілері бойынша қылмыстық іс қозғалған.
«Мемлекеттік ҰҚК жемқорлыққа қарсы қызметі республиканың әскери прокуратурасымен бірге Қорғаныс министрлігіне шұғыл тексеру жұмыстарын жүргізіп, нәтижесінде қалыптасқан жемқорлық жүйесін анықтады», – делінген МҰКҚ таратқан хабарламада.
Тергеу барысында белгілі болғандай, министрліктің жоғары шенді қызметкерлері мемлекет қаржысын «Әскер-Курулуш» мемлекеттік мекемесі арқылы жеке фирмалардың есебіне аударып отырған.
Қылмыстық іс министрмен бірге ведомствоның шенді өзге де қызметкерлерінің, сондай-ақ аталған компания басшыларының үстінен қозғалды. Тергеу амалдары жалғасып жатыр.