9 маусымда болатын кезектен тыс сайлау қоғамдағы тұрақтылық пен елдегі келісімді сақтаудың бірден бір жолы. Осылай деген қоғам белсендісі әрі блогер Қазыбек Шайх президент Қасым-Жомарт Тоқаев үндеуінің дұрыс шешім екенін айтады.
Оның пікірінше, Қазақстанда өтетін кезектен тыс сайлау заң шеңберінінен аспайды.
«Тіпті белгіленген күннің өзі заңды. Өйткені, шілде айы – демалыс уақыты. Сайлауды шілдеге қою дұрыс шешім болмаған болар еді», – дейді ол.
Блогер кезекті сайлау жайлы мәлімдеменің күткен әрі күтпеген жағдай болғанын айтады.
«Кез келген адам қарапайым өмір сүріп жатыр. Олар сайлаудың қашан болатынан хабарсыз. Қай датаны қойсаңыз да ол күтпеген жағдай болады. Өйткені халық келесі жылы сәуірде, не биыл болады деп ойлады», – дейді ол.
Блогер заң бойынша президент сайлауының келесі жылдың сәуір айында өтуі керек екенін айтады. Егер кезектен тыс сайлау өткізбегенде Қазақстан 8 ай бойы президентсіз қалуы әбден мүмкін еді дейді ол.
«Өздеріңіз ойлап қараңыздаршы. Назарбаев Қазақстанда 20 жыл бойы билеп келді. Өз бағдарламасы, өз стратегиялық бағыты қалыптасқан. Бұл – үлкен бір организм. Сондықтан кезектен тыс президенттік сайлау нақты уақытында белгіленді дер едім», – дейді сарапшы.
Ол кезектен тыс сайлау мемлекеттегі ғана емес, әлемдік аренадағы тұрақтылығымызды сақтап қалғанын айтады.
«Бізге тағы 20 жыл тұрақтылық керек. Басқа дамыған мемлекеттерге қараңыздаршы. Президенттікке үміткерлер бір-біріне неше түрлі сөздер айтады. Бұл қаншалықты дұрыс? Қазақстанда бұл жағынан тұрақтылық бар. Соны сақтап қалған жөн.
Қазіргі алмағайып заманда бүкіл әлем бізді бағып отыр. Инвесторлар да сабырсызданып күтіп отыр. Сол үшін бұл этаптан қан төгіссіз, соғыс болмай, аман-есен өтіп кеткеніміз дұрыс», – дейді Қазыбек Шайх.
Еске сала кетейік, 9 сәуір күні Қазақстанның уақытша президенті Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа үндеу жариялап, 9 маусым күні кезектен тыс сайлау болатынын мәлімдеген.
Сондай-ақ ол елбасы Нұрсұлтан Назарбаевпен ақылдасып, шешім қабылдағанын айтқан.