$ 448.89  477.93  4.76

Қала әкімдерінің рейтингін Әбдірахымов бастап тұр

SAIGEZ.KZ сайтының дәстүрлі жобасы аясында ай сайынғы қала әкімдерінің рейтингі анықталды.

Бір айта кетерлігі қыркүйекте Қостанай қаласындағы кадрлық көзгеріс, қазан айында Ақтөбеде де болды. Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаевтың 27 қазандағы өкімімен Сағын Бекбол Үбайдоллаұлы Ақтөбе қаласының әкімі қызметіне тағайындалды.

Ал өткен айдағы рейтингте «Ортаңғол бестік» тобын бастаған Омаров Ерхан Болатжанұлы басқа жұмысқа ауысуымен байланысты Ақтөбе қаласының әкімі қызметінен босатылды. Сондықтан бұл жолы Ақтөбе қаласының әкімдігі қатыстырылмады. Бекбол Сағын – жасы  43-тегі жас саясаткер. Қараша айы бойынша жасалатын, желтоқсанның басында жарияланатын рейтингке қатыстырылады.

Жалпы алғанда қала басшылары қарқындарын төмендетпеді. Кейбір облыс орталықтары алғашқы жауған қармен әуре болып, жылу және тағы басқа мәселелермен бетпе бет келді. Өткен айдағыдай еліміздегі кейбір облыс орталықтары қала күні мерекесін атап өтті. Алғашқы екі рейтингпен салыстырғанда осы жолғы тізімде айтарлықтай өзгерістер бар. Тұрақты сарапшыларымыздың дәлелі мен әкімдердің орындарын төмендегі мәліметтерден білесіздер.

  1. Әбдірахымов Ғабидолла Рахматоллаұлы, Шымкент қаласы

Қазан айында Шымкент қаласы бүкіл ел назарында болды. Рет-ретімен айтар болсақ, облыс орталығы «Қала күні» мерекесін жоғары деңгейде өткізді. Әбдірахымов барлығын тазалықтан бастады. Алдымен аймақ әкімімен бірге сенбілікке шықты. Олар жастарға қосылып Бекет батыр көшесінде 50 түп сәндік ағаш көшетін отырғызды.Тазылық жұмыстары 59 көше мен 6 саябаққа жүргізілген. Қоғамдық жұмыстардан бөлек қала әкімі саяси шешімдер де қабылдады. Атап айтқанда оның орынбасары болып Нұралхан Көшеров тағайындалды. Әбдірахымов қаладағы ретсіз сауда мен базарларды жойып, заман талабына сай сауда орындары мен алып дүкендерді салу керектігін айтып, жоспары бойынша 2017 жылдан бастап ірі базарлардың бәрі қала сыртында болатынын жеткізді. Шымкентте инновациялық университет салынатыны туралы да осы айда әкімнің қатысуымен өткен жиында хабарланды. Қыркүйекте оқушылармен кездескен қала әкімі балалар қылмысын болдырмау туралы нақты іске көшкен сияқты. Мектеп оқушыларына «Қылмыссыз жарқын болашақ» тақырыбында «дөңгелек үстел» өткізіле бастады. Осы айда қала күні қарсаңында 320 орындық жаңа балабақша, жаңа кондитер фабрикасы ашылды. Тұрғындар қала күнін бір аптадан бері кең көлемде атап өтті. 10-17 қазан күндері аралығында өткен мерекелік шаралардың әр күні арнайы тақырыпта өткізілді. Қала күні қарсаңында Шымкенттің келбеті өзгерді дейді сарапшылар. Қазан айының өзінде бірнеше ескерткіш пен қалаға әр беретін жаңа дүниелер халық игілігіне берілді. Айтпақшы, Шымкент қаласы əкімдігі елімізде алғаш рет ғимарат кіреберісінен «Reception» ашты. Әкімшілікке келген қала тұрғындарына күзет емес, арнайы анықтама қызметі жұмыс жасап,кез келген сауалдарына жауап береді. Осылардың бәрін сараптай келе, сарапшыларымыз Ғ. Әбдірахымовты тағы да лидер деп танып отыр.

  1. Көлгінов Алтай Сейдірұлы, Орал қаласы

Орал шағын қала болса да тазалық жағынан алдыңғы қатардағы шаһарлардың бірі. Қауіпсіздік мәселесі де күшейтіліп жатыр дейді жергілікті белсенділер. БҚО жеріндегі жалпы еңбек өтілі 4 жылға таяған Алтай Көлгінов мегажобаларының дені аяқталып келеді. Шаһарда Қадыр Мырза Әлі атындағы мәдениет және өнер орталығы жанында, 5-інші және 7-шағынаудандар аралығында орналасқан жаңа алаң қарқынды салынып жатыр. Құрылыс барысына барып, танысып қана қоймай, қолғабыс тигізіп қайтқан А. Көлгіновтің айтуынша, өңірлерді дамыту бағдарламасына және қаланың бас жоспарына сәйкес қолға алынған жоба құны — 1,483 млрд. теңге. Құрылысы өткен жылы басталған жаңа алаңдағы жұмыстар 85 пайызға орындалған. Мұнда су атқанда, түрлі-түсті түске бөленетін ауқымды субұрқақтар, 4 ротонда, басқа да көрікті орындар болады. Жаңа алаңды алдағы жылдың бірінші тоқсанында пайдалануға беру жоспарланып. Абаттандырылатын аумақ көлемі 7 гектардан асады, ол үш бөлікке бөлінген. Қадыр Мырза Әлі атындағы орталық жанында театр-ойын-сауық, екіншісінде ресми шаралар өтетін көп деңгейлі әкімшілік, үшіншісінде саябақ алаңы орналаспақ. Жаңа алаң гүлзарлар, әдемі тал-теректермен көмкеріледі.

Қазан айынан бастап қала көшелеріндегі билбордтар тек қана әлеуметтік мәселелерге арналып отыр. Орал қаласында 7,67 км электр желілері қайта құрылды. Біраз уақыт әуе рейсін қабылдай алмаған Орал әуежайының уақытынан бұрын ашылуы сияқты жаңалықтар Алтай Көлгіновтің екінші сатыға көтерілуіне ықпал етсе керек. Бұған дейінгі рейтингтерде де үздіктер қатарынан түсіп көрмеген қала басшысы жұмысын ешқандай пиарсыз-ақ атқара беретіні белгілі. Қазан айының соңында Көлгінов дабыра қылмай қаладағы қоғамдық көліктермен Оралды аралап шыққан. Кемшіліктерді өзі теріп шықты. Әкімді көп ешкім аңғармай да қалған. Айтпақшы ол қаладағы қоғамдық көліктердің ішіндегі ескі әрі тар автобустар қолданыстан алынатындығын мәлімдеді.

  1. Нәлібаев Нұрлыбек Мәшбекұлы, Қызылорда қаласы

Қызылорда қаласына Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың сапарлап баруы шаһар әкімінің рейтингіне де оң әсерін беріп отыр. Мемлекет басшысы сапары аясында облыс орталығында орналасқан нысандарды аралады. Н. Нәлібаевқа осы айда басқа емес, Президенттің жанында жүріп, барын көрсетуіне мүмкіндік туды. Елбасы Арай-2 мөлтек ауданында салынған жаңа көпқабатты тұрғын үйде болып, қоныс иелерімен кездесті. Мемлекет басшысынан кейін Қызылорда «Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Асқар Мырзахметовті қабылдап, билік партиясы басшылығының да жоғары бағасын алды.

Қызылорда қаласында соңғы 4 жылда 1460 пәтер пайдалануға берілсе, биылдың өзінде 2652 пәтердің құрылысы салынуда.  Сондай-ақ, қалаға көрік беретін жаңа мешіт ашылып, жаңа ипподром пайдалануға берілді.

10-қыркүйек – 10-қараша аралығы сенбілік айлығы жарияланғалы қалада тазалық жұмыстары ретке келтірілді. Осы уақытқа дейінгі сенбіліктердің нәтижесі – 27 мың 180 метр арық жүйелері тазаланып, шамамен 457 м3 текше метр қоқыс шығарылуы. Сарапшылар өткен айда 4-орынға сырғып кеткен Н. Нәлібаевтың осы айдағы орны – үшінші саты деп қорытындылады.

  1. Алпысов Ермек Амантайұлы, Талдықорған қаласы
  2. Календеров Нұржан Сәбитұлы, Тараз қаласы
  3. Бакауов Болат Жұмабекұлы, Павлодар қаласы
  4. Ожаев Нұрлыбек Жұмахметұлы, Атырау қаласы
  5. Қасымжанов Темірбек Жұмақұлұлы, Өскемен қаласы
  6. Әубәкіров Нұрлан Ерікбайұлы, Қарағанды
  7. Маржықпаев Ермек Боранбайұлы, Көкшетау
  8. Тасмағанбетов Марат Иманбайұлы, Петропавл қаласы
  9. Тұрымов Серікбай Өтелгенұлы, Ақтау
  10. Жақыпов Базыл Шамұханұлы, Қостанай қаласы
Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары