$ 448.89  477.93  4.76

Болашаққа батыл қадам

Бүгiнде әлемнiң көптеген елдерi күрделi экономикалық қиындықтармен бетпе-бет келiп отыр. Жаһандық деңгейдегi сая­си текетiрестiң өрши түсуi дамыған, алпауыт мемлекеттердiң де iргесiн шайқай бастағандай. Түрлi сипаттағы жанжалдар мен қарулы қақтығыстардың жаңа ошақтары пайда болып, салдарынан миллиондаған адамдар кедейлiк пен аштыққа, босқындыққа ұшырап, мыңдаған бейкүнә жандардың қаны төгiлуде. Осынау алмағайып әлемде тұрақтылығы мен бейбiтшiлiгiн сақтап, орнықты дамып келе жатқан мемлекеттер санаулы ғана. Солардың бiрi де бiрегейi – Қазақстан.

Әрине, бүкiл дүниежүзiн жай­лаған экономикалық дағдарыс бiздiң елiмiздi де айналып өтпесi анық. Қазақстан экспортқа шы­ғаратын өнiмдер бағасының күрт арзандауы еліміздің эконо­микасына да айтарлықтай әсер еткенi түсiнiктi. Дегенмен, эко­номикалық жағдайымыз жақ­сы кезде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Ұлттық қорды қалып­тастырған болатын. Сол кездерде кейбiреулер «мұнайдан түскен қаржыны халыққа таратып беру керек» деп шу көтергенi де есiмiзде. Бiрақ, халқымызда «Тарта-тарта жесең тай қалады, қоя-қоя жесең қой қалады, қоймай-қоймай жесең нең қалады?» деген мәтел бар емес пе?! Расында, Нұрсұлтан Әбiшұлы сол күндерi алда қиын кезеңдер боларын дәл болжаған екен. Бүгiнде Мемлекет басшысының кемеңгерлiгi мен көрегендiгiнiң арқасында Ұлттық қорға жинақталған қаржы отандық экономикамыздың тұрақтылығын сақтап отыр. Басқаша айтқанда, осынау қиын кезде сiз бен бiз­дiң зейнетақымыздың уақтылы төленiп, аурухана мен мектеп секiлдi әлеуметтiк маңызы бар нысандардың құрылысының тоқтамай тұруы, ұл-қыздары­мыздың жұмыссыз қалып, босып кетпегенi Елбасының бiр кездерi қабылдаған дұрыс шешiмiнiң жемiсi.

Қазақстанның бүгiнгi мақ­саты – қиын күндер өткенше күнел­ту, әйтеуiр жан бағу емес, дағ­дарыстан серпiндi дамуға жол табу. Осы қи­ындықтардың өзiн алға ұмтылуға алғышарт етiп, болашаққа зор жеңiстермен қа­дам басу. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «100 нақты қадам­нан», тұратын Ұлт жос­парын тап осынау асқақ мақсатқа бастайтын ма­ңыз­ды тарихи құжат деп атар едiм.

Ұлт жоспары ұзақ мерзiмге есептелген стратегиялық құжат дегенiмiзбен, оның аясында қа­былданып жатқан нақты қа­дамдардың игiлiгiн халық қазiрдiң өзiнде сезiнуде. Айталық, 2016 жылдың қаңтар айынан бастап бюджеттiк саладағы аза­маттық қызметкерлердiң жалақысы мен қариялардың зейнетақысының және мүмкiндiгi шектеулi аза­маттардың жәрдемақысының өсуi баршаны қуанышқа бөледi. Өйт­кенi, еңбек адамдарына лайықты жағдай жасау мен мұқтаж жан­дарға әлеуметтiк қолдауды кү­шей­ту қашанда маңызды әрi қай­ыр­лы iс.

Қазақстанның басқа өңiрлерi секiлдi Оңтүстiк Қазақстан облы­сында да ауқымды iстер атқа­рылуда. Маңдайынан күн сүйген бiздiң туған өлкемiзде бұрын­ғысын айтпағанда, соңғы бiр жылда атқарылған жұмыстардың өзi ұшан-теңiз. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ұлттық экономикамызды шикiзатқа тәуелдiлiктен құтқару үшiн кәсiпкерлiк пен өндiрiстiң дамуына, ауыл ша­руа­шылығының жандануына ерекше назар аударып келе жатқаны белгiлi. Мемлекет бас­шысының жеке қадағалауы мен қамқорлығының нәтижесiнде Оңтүстiк Қазақстан облысында ауыл шаруашылығы, кәсiпкерлiк салалары айтарлықтай дамып, өндiрiс жандана бастады. Соның бiр айғағы Ордабасы ауданында трактор зауытының ашыл­ған­дығы дер едiм. Аграрлы өңiр болып саналатын Оңтүстiк Қа­зақстан облысы үшiн ауыл шаруа­шылығы техникаларының қашанда орны бөлек. Бiр сәт еске түсiрелiкшi, тап осындай заманауи, сапалы тракторды қашан өзiмiз жасап, өзiмiз құрастырып едiк? Жоқ, мұндай тiрлiк тiптi кешегi Кеңес Одағының дүркiреп тұрған кезiнде де бол­маған. Бұл – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қабылдаған Үдемелi индустриялық-инновациялық да­му бағдарламасының жемiсi. Те­мiрланда құрастырылып жатқан «Киоти» маркалы трактор жер өңдеуге, ауыл шаруашылығы өнiм­дерiне күтiм жасауға өте ың­­ғайлы. Мұндай заманауи тех­никаға қол жеткiзген диқан­дардың қырманы тасып, елiмiздiң несiбесiн арттыра түсетiнi ақиқат.

Бұқаралық ақпарат құрал­дарынан бiлетiнiмiздей, облысымызда ауыл шаруашылығы өнiмдерiн қайта өңдеу, құрылыс материалдарын өндiру, тоқыма өнеркәсiбiн, фармацевтиканы, туризмдi дамыту бағыттарында қыруар жұмыстар атқарылуда. Атап айтар болсақ, өңiрлiк iшкi жал­пы өнiм көлемiнiң 2 триллион 100 миллиард теңгеден асуы – үлкен жетiстiк. Ал облыс диқандарының 2 миллион тон­­надай көкөнiс пен бау-бақша өнiмдерiн өсiруi ауыл шаруа­шы­лығына көрсетiлiп жат­қан мем­лекеттiк қолдаудың нәтижесi.

Бұрындары кәсiпкерлiк пен өндiрiстiң дамуына ең алдымен әкiмшiлiк кедергiлердiң көп­тiгi тосқауыл болатыны айтылушы едi. Сол себептi, облыста кәсiпкерлерге қызмет көрсету орталығы ашылып, «бiр терезе» қағидасы енгiзiлген. Онда өз iсiн бастаған азаматтарға кәсiби мамандар көмектеседi. Орталық бүгiнгi күнге дейiн 50 мың бизнесменге қызмет көрсеткен. Елу мың кәсiпкердiң қол астында 2-3 адамнан жұмыс iстейдi дегеннiң өзiнде, олардың әрқайсысының арқасында бiр-бiр отбасы тұр. Демек, Елбасының сарабдал саясатының арқасында ашылған осы бiр орталықтың пайдасы қаншама адамға тиiп, олардың тұрмысының түзелуiне ықпал еткенiн өзiңiз бағамдай берiңiз. Биыл облыстың барлық аудан-қалаларында да кәсiпкерлерге қызмет көрсету орталықтары мен кәсiпкерлiк мектептерi ашылыпты. Олардың барлығы да типтiк ғимараттарда жұмыс iстеуде.

Шымкент қаласының ма­ңы­нан ашылып, нәтижелi жұ­мыс iстеп жатқан «Оңтүстiк» ин­дус­­триялық аймағы мен «Оң­түстiк» арнайы экономикалық ай­мағы – Президенттiң Үдемелi индус­триялық-инновациялық да­му бағдарламасының төл туындысы. Мұнда ондаған мың адам жұмыс iстеп, бiр жағынан бюджетке салық төлеп жатса, екiншi жағынан отбасыларын асырауда. Ал Шымкент қаласында жаңадан тағы 4 индустриялық аймақ ашу, сонымен қатар, облыстың бар­­­­лық аудан-қалаларында да ин­дустриялық аймақ құру жөнiн­дегi жаңалық бүкiл халықты қуа­нышқа бөлеп, ертеңгi күнге деген сенiмiмiздi нығайтты.

Осы орайда М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің ғалымдары елi­­мiздiң инновациялық дамуы­на, ғылым, бiлiм беру мен мәде­ниет салаларының алға жылжуы­на зор үлес қосқанын атап өткен жөн. Бiздiң оқытушы-про­фес­сорларымыз сапалы кадрлар дайындап, халықтың зияткерлiк деңгейiнiң өсуiне ық­пал етуде.

Бұл ретте айта кетейік, Елбасы Н.Назарбаевтың халыққа арнаған «Нұр­лы Жол – болашаққа бастар жол» ат­ты Жолдауында бі­лім са­­ласына ерекше назар ауда­ры­л­­­­ған. «Индустрияландыру бағ­дар­ла­малары шеңберінде базаларында ғылымның экономика са­ла­ларымен және мамандар дайындаумен байланысы қамтамасыз етілетін 10 ЖОО анықталды. Осы мақсаттарға 2017 жылға дейін 10 миллиард теңге бағыттай отырып, осы жоғары оқу орындарының материалдық-техникалық базасын қалыптастыруды тапсырамын» делінген Жолдауда. Осы оқу орнының да таңдаулы білім ордаларының қатарынан көрінуі – ғалымдарымыздың инновациялық бағыттағы жұмысының мойын­далуын, қажырлы еңбектің баға­ланғанын білдіреді. Әл­бет­те, бұл университеттің абы­рой-беделін арттырып қана қоймай, жас ға­лымдардың өз мүмкіндіктеріне деген сенімін де нығайта түседі.

Жалпы, біздің университеттің Қазақстан және әлем бойынша рейтингісі жылдан-жылға жо­ға­рылап келе жатыр. Жуырда ғана жарияланған Еуропалық одақ стандарттары бойынша Еуро­палық ғылыми-өнеркәсіптік палатасы дүниежүзіндегі жоға­ры оқу орындары арасында («Academіc Rankіng of World Unіversіtіes-European Standard ARES») жасалған 2014 жылдың рейтингісіне Қазақстаннан жиыр­маға жуық жоғары оқу орындары қатысса, біздің университет осы абыройлы тізімге А+ санаты бойынша еніп отыр. Сондай-ақ, бұл тізімге елімізден әл-Фа­раби атындағы Қазақ ұлттық уни­­верситеті мен Л.Н.Гумилев атын­­­дағы Еуразия ұлттық универ­ситеті кірген.

Бұл рейтингте бағалаудың басты өлшемі – білім сапасы, ал ғылыми қызметте стандарт­ты көрсеткіштерден бөлек шет­елдік бірлескен авторлардың қа­тысуымен шығарылған жария­ланым саны және халықаралық ынтымақтастық есепке алынды. Университет беделі, оның бітірушілерінің еңбек нарығында сұранысқа ие болуы және жұмыс берушілердің пікірлері, білімді ақпараттандыру бағалаудың ең басты критерийлеріне айналды. Халықаралық рейтингке ену біздің университет үшін өте маңызды. Бірінші кезекте, шетел студенттерін академиялық ұтқырлық бағдарламасына тарту мүмкіндігі пайда болды, себебі, олардың ата-аналары ЖОО-ны халықаралық рейтингке қа­тысуы бойынша таңдайды. Екіншіден, рейтингтің жоғары нәтижелері ЖОО-ның шетелдік серіктестермен ынтымақтастық орнату мүмкіндіктерін кеңейтеді. Үшіншіден, осындай рейтингтерде қазақстандық ЖОО саны­ның артуы еліміздің әлемдік академиялық қауымдастықтағы беделін арттырады.

Бүгінгі таңда бұл білім ошағы Қазақстан Республикасының ірі және көпсалалы универ­си­теті, аймағымыздың инфрақұ­рылымының дамуы мен қа­лып­­тасуына, халықаралық қо­ғам­­дас­тықтағы интеграция мен жа­һан­дану үрдістеріне бел­­сен­ді қатысатын ғылыми-бі­лім беру, интеллектуалдық, мә­­­де­ни орталығына айналған. Уни­­­верситетіміз германиялық ASІІN агенттігінде білім беру бағ­дарламаларын халықаралық аккредиттеуден өткізу арқылы тех­никалық сала мамандарын даярлаудың жоғары сапасын дәлелдеген қазақстандық ЖОО-лардың алғашқысы болып есеп­теледі. Білім ошағының же­тістіктері мен жеңістерінің жыл санап артуы біз таңдаған жолдың дұрыстығына айқын дәлел.

Облыста әлеуметтiк салада, бiлiм беру мен денсаулық сақтауда, руханият пен мәдениетте де ауқым­ды жұмыстар атқарылуда. Барлығын тiзбектемей-ақ қоялық, тек биылдың өзiнде облыста 104 мектептiң құрылысы жүргiзiлiп, оның 49-ы пайдалануға берiлмек. Осының өзi Қазақстанның дағ­дарыс кезiнде де әлеуметтiк салаға қаншалықты көңiл бөлiп отырғанын көрсетедi емес пе?!

Ал мәдениет саласында ше? Бұрынғыны айтпағанда, соңғы бiрер жылда ашылған мәдениет нысандарын атасақ та жеткiлiктi. Шымкенттегi «Отырар» кiтап­ханасы, «Түркiстан» салтанат сарайы, Көрме орталығы, Ж.Шанин атындағы облыстық академиялық қазақ драма театры мен облыстық тарихи-өлкетану мұражайының жаңа ғимараттары, салт-дәстүр орталығы, Бейнелеу өнерi мұра­жайы… Осының бар­лығы соңғы бiр-екi жылда ашылған iрi мәдениет ордалары. Демек, бұл саланың дамуы да назардан тыс қалып жатқан жоқ.

Аталған ғимараттардың бiр­қатары Шымкенттiң жаңа әкiм­шiлiк-iскерлiк орталығында бой көтердi. Мемлекет бас­шы­­­сының Шымкенттi Қазақ­стан­дағы үшiншi қалаға айналдыру жөнiндегi тапсырмасының қалай орындалып жатқанын тап осы әкiмшiлiк-iскерлiк ор­талыққа қарап-ақ байқауға болады. Мұндағы облыс әкiмдiгi мен облыстық мәслихаттың 16 қабатты жаңа ғимараты Оңтүстiк өңiр дамуының нышанындай көрiнедi. Бiр сөзбен айтқанда, Елбасының қамқорлығының арқасында Шымкент елордамыз Астанаға қарап бой түзеп, сол iзбен дамып келедi. Әңгiменi әлемдегi жағдайдың күрделi екендiгiнен бастап едiк қой. Осынау қиын-қыстау кезеңде елдi адастырмай, тура жолға, даму мен өркендеуге бастаған Мемлекет басшысына деген Оңтүстiк Қазақстан облысы халқының алғысы мен сүйiс­пеншiлiгi шексiз.

Әлемдік экономикалық жағдай нашарлай түсіп, базбір мемлекеттерде дағдарыс байқалғанымен, елімізде, оның ішінде Оңтүстікте индустриялық-инновациялық да­­му қарқыны әлсіремек түгілі, қай­та керісінше күшеюі қуантады. Әрине, бұл Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев жүргізіп отырған сарабдал саясаттың нәтижесі екені даусыз. Оңтүстікте халықтың кә­сіпкерлікке деген ұмтылысы жоғары. Ал өңір басшысы Бейбіт Атамқұловтың индустриялық-инновациялық дамуға айрықша назар аударып отырғандығы жергілікті кәсіпкерлік пен өнді­рістік кәсіпорындардың жуық арада жаңа белестерді бағын­дыратынына сенімімізді арттыра түскендей. Облыс әкімінің бірқатар аудан-қалаларға арнайы іссапармен барып, ондағы индус­триялық аймақтардың жұмы­сымен етене танысуы ауылды жерлердегі кәсіпкерлікті өркендетуге жасалған қадам деп қабылдадық.

Сондай-ақ, шетелдік инвес­торларды көптеп тартуға да ба­сымдық беріліп отыр. Бұған соң­ғы айларда өңірімізде Малай­зия, Германия, Польша, Қытай, Канада секілді елдерден үлкен де­легациялардың келуі дәлел бола алады. Шетелдіктермен кез­десу барысында Оңтүстікте бір­лескен жобаларды іске асыру жай­лы келіссөздер жүргізілді. 23 қазанда Шымкентте өтетін ІІ ха­лықаралық инвестициялық фо­румға артылған үмітіміз көп. Оған әлемнің көптеген елдерінен инвесторлардың келетінін ескерсек, бұл облыс үшін үлкен мүм­кіндіктер ұсынатын жиын болмақ.

Оңтүстікте бірлескен жоба­ны жүзеге асыруға, әсіресе, неміс биз­не­сінің қызығушылығы үл­кен екен. Қазіргі таңда облыс аймағында Германияның инвес­тор­лары жүзеге асырып жатқан 3 жобаның жалпы құ­ны 52 миллиард теңгені құ­райды. Ал поляк бизнесмендері Шым­кентті Орталық Азия өңі­ріндегі базалық алаң ретінде қарас­тырып отырғаны да өңірдің зор мүм­кіндіктерге ие екенін айқын көрсетті.

Тағы бір ерекше назар ауда­рарлық тұсы – әңгіме тек бизнес жайында емес. Шет­елдіктермен келіссөздер барысында білім мен ғылым саласындағы жобаларды да жүзеге асыру ісі талқыланды. Мәселен, Малай­зия елі өңірімізде әлемдік дең­гейдегі техникалық колледж салуға ниет білдірді. Бұл жоба ұлттық білім беру саласындағы айрықша бастамалардың біріне айналмақ. Осы бағытта біздің университетіміз де жемісті жұмыс атқаруда. Бүгінгі таңда М.Әуезов атындағы ОҚМУ әлемнің бір­қатар танымал әрі беделді уни­верситеттерімен тікелей байланыс орнатқан. Басты мақсат – тәжірибе алмасу арқылы әлемнің ең үздік білім технологияларын меңгеру. Міне, осындай жобалар арқылы жарқын болашақтың кепілі – жастарға сапалы білім беріп, білікті кадр даярлау бағытында ауқымды қадамдар жасалуда.

1994 жылдың 6 маусымындаҚазақстан Республикасының Жоғарғы Кеңесі жас егемен мемлекеттің тағдырындағы елеулі оқиға – астананы Алматы қаласынан Ақмола қаласына көшіру туралы шешім қабылдады. Астананы ресми көшіру1997 жылдың 10 желтоқсанында болды. Қазақстан Республикасы Президентінің 1998 жылдың 6 мамырындағы Жарлығымен Ақмола қаласы Астана деген жаңа атқа ие болды, ал 1998 жылдың 10 маусымындаҚазақстанның жаңа астанасының халықаралық тұсаукесері өтті.

Қазақстанның жаңа, заманауи астанасын құру идеясы еліміздің Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевқа тиесілі, ол астананы Республиканың орталық бөлігіне көшіру экономикалық реформалармен қатар, егеменді Қазақстанның даму мәселелерін шешудегі, оның нарықтық экономика мен демократияға тиімді көшудегі тағы бір стратегиялық механизміне айналатындығын айтты. Жаңа ірі еуразиялық державаға жаңа жалпыұлттық символ – Батыс пен Шығысты тоғыстыратын орын ретіндегі Қазақстанның жаңа қоғам құру рухын, жаңашылдығы мен рөлін сипаттайтын астана, ХХІ ғасыр қаласы қажет болды.

Қазақстанның бұрынғы астанасы – Алматы – еліміздің шалғай жерінде оңтүстігінде орналасты, ал оның тұрғындар санымиллионнан астам болды. Алматының тығыздалған құрылысы қаланың әрі қарай дамуына мүмкіндік келтірмеді. Жолдарда шамадан артық көліктердің болуы мен ерекше табиғи жағдайлар, дәлірек айтқанда – қаланың үш жақтан таулармен жабықтығы нәтижесінде «оңтүстік астана» Қазақстанның ең экологиялық күрделі қалаларының біріне айналды.

Әлемдік тәжірибеде мемлекеттің жаңа сапалы даму деңгейіне көшумен байланысты, ұлттық мемлекеттердің жаңа даму кезеңін бейнелейтін астананы көшіруге қатысты мысалдар аз емес. Ал Қазақстан ТМД елдерінің ішінде мұндай жобаны жүзеге асыру қолынан келген жалғыз мемлекет болды. Астананы көтеру Қазақстан Республикасы мен оның азаматтарының экономикалық, саяси, әлеуметтік және рухани әлеуетін көрсеткен кеңестік кезеңнен кейінгі кеңістіктегі орасан зор мегажобаға айналды.

Астананы көшірудің 10-жылдығына арналған салтанатты жиналыста Н.Ә. Назарбаев былай деп еске алды: «Өткен күнде белгі жоқ, ол кезде жағдай мүлде басқаша болатын. Тәуелсіздік алғаннан кейінгі реформаларды анықтау, оларды тиянақты түрде жүзеге асыру мәселелері, біріншіден, қапысыз біліктілікті, екіншіден, нартәуекелді қажет етті.Тәуелсіздік туы көгімізде желбіреген күннен бастап, Қазақстан үшін жаңа тарихтың басталғаны, ал ол ескі тарихтың сылбыр жалғасы бола алмайтыны белгілі еді. Батыл ой, батыл әрекет қажет болды.Міне, осы тұста өзімнің көкірегімде қайнап піскен осы идеяны, ешбір кедергіге қарамастан, кейбір үзеңгілес, тілектес жандардың да күдіктеріне қарамастан аяғына дейін қорғап шыққанымды сіздердің алдарыңызда бүгін мақтанышпен еске аламын» [1].

Тоқсаныншы жылдардың ортасында мұндай идеяның жүзеге асатынына сенгендер аз болды. Алайда бүгін, астананы көшіру туралы шешім қабылданған күннен он жылдан астам уақыт өткеннен кейін Тұңғыш Президентіміздің болжағыштығы мен қырағылығы барлығына айқын болды. Қысқа мерзімде бой көтерген Астана Қазақстан Республикасының қарқынды дамуының, болашаққа деген ұмтылысының бейнесіне айналды.

Ел астанасын ауыстыру елдегі ұлттық қауіпсіздікті нығайтты және Астананың ғана емес, бүкіл Қазақстанның экономикалық дамуына қуатты серпін болды. Қала экономикасының даму қарқынының жоғарылығы инвесторларды көп тартуға әсер етті. Астаналық мәртебеге ие болған сәттен бері салынған инвестиция мөлшері іс жүзінде – 30 есе, ал өңірлік жалпы өнім 90 есе өсті. Қаланың өңірлік жалпы өнімінің үлесі республика көлемінде 8,5 пайызды құрады.

Астана мәртебесін алғалы бері қалада 10 миллион шаршы метр тұрғын үй салынды,  бұл астананы елде құрылыс ауқымы бойынша көшбасшы етті. Астана құрылысына жүздеген құрылыс компаниялары қатысты. Жергілікті фирмалармен қатар жаңа елорданы түрік, итальян, француз, швейцария компаниялары тұрғызды. Астананың сәулеткерлік тұжырымдамасын жасау барысында Нұрсұлтан Назарбаевтың Елордада Батыс пен Шығыстың мәдени дәстүрін үйлесімді тоғыстыратын ерекше еуропалық стиль қалыптастыру идеясы негізге алынды. Астаналық бас жоспардың авторы белгілі жапон сәулеткері Кисе Курокава болды.

Бүгінгі күнгі Астана – механикалық құрылысымен емес, Батыс пен Шығыстың, Солтүстік пен Оңтүстіктің мәдени дәстүрлерін жарасымды тоғыстырған үйлесімділікпен ерекшеленетін еуразиялық қала.

Н.Ә. Назарбаев Қазақстанның жаңа астанасының даму философиясын жарқын әрі көркем көрсете алды: «Осында ежелгі Сарыарқа жерінде тек астана емес, еліміздің болашақ бесігі өмірге келді. Астана тарихы мен қазақстандықтардың тағдыры бір-бірінен ажырағысыз. Елорда біздің республикамыздың күш-қуатының іске асуының, динамикалық дамуының және тұрақтылығының көрінісі. Астана барша қазақстандықтарды біріктіретін және алға қарай қадам басқан жарқын, қуатты, гүлденген қалаға айналды. Біздің елордамыз Отанымыздың жүрегі, халықтың өз күшіне сенімі мен ұлы тағдыр-талайының символы болып табылады» [2].

Еуразия құрлығының ортасында қолайлы орналасуы Астананы экономикалық тұрғыдан тиімді көлік, қатынас және логистика орталығына, Еуропа мен Азия арасындағы өзіндік транзиттік көпірге айналдырды. Бұл қаланың кәсіпкерлік мәдениеті қарыштап дамып келе жатқан Қазақстандағы ірі бизнес орталығының біріне айналуына мүмкіндік берді. Бүгінде Астана – аймақтықтан халықаралыққа дейінгі түрлі деңгейдегі бизнес-форумдарды өткізуге арналған алаң. Қазіргі таңда Астанада 50 мыңнан астам шағын және орта кәсіпкерлік нысандары жұмыс істейді, олар қаланың 170 мыңдай тұрғынын қамтып отыр. Мұның тек бастама екендігіне сенім білдіруге болады.

Бүгінде Астана халықаралық маңызы бар түрлі форумдар, конгрестер мен өзге де іс-шаралар өтетін Еуразия кеңістігінің орталығына айналды. Соңғы жылдар ішінде Қазақстанның елордасы бірнеше рет барша әлемдік қоғамдастықтың басты назарында болды.Осылайша, 2003 жылдан бастап Елордада төрт әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезі өтті, мұндай шараларды өткізу мемлекетіміздің бірегей конфессиялық саясатының арқасында мүмкін болды. Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының конгресін өткізу үшін Астанада арнайы Бейбітшілік пен келісім сарайы салынды, ол – ең жаңа құралдармен жабдықталған концерттік-опера залы бар, пирамида үлгісіндегі бірегей ғимарат.

Астана халықаралық форумдар мен кездесулердің қатысушыларын әлденеше рет жоғары деңгейде қарсы алған. Қазақстанның жас астанасы Астана экономикалық форумының, Еуропа, Азия және Солтүстік Американың 56 елінің мемлекет және үкімет басшыларын жинаған Еуропадағы қауіпсіздік пен ынтымақтастық ұйымы саммитінің, сонымен бірге басқа да халықаралық маңызы бар кездесулердің қатысушыларын қарсы алды.

2010 жылы Қазақстан кеңестік кезеңнен кейінгі мемлекеттер арасында ЕҚЫҰ-на бір жыл бойы төрағалық ету құқығына ие болған алғашқы ел болды. Осы жылы Астанада ЕҚЫҰ-ның тарихи саммиті, ШЫҰ мен ИЫҰ-ның мерейтойлық саммиттері өтті. 2011 жылдың басында республикамыздың астанасы VII Қысқы Азия ойындарының қатысушылары мен қонақтарын қабылдады. Бүгінгі күні бүкіл әлемде Астана жайлы «Болашақ энергиясы» атты ұранмен өтетін «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесінің болашақ қожайыны ретінде сөз етеді.

Елорданы әлемнің жиырмадан астам қаласымен достық және бауырластық қатынастар байланыстырады. Астана 1999 жылы шілдеде ЮНЕСКО-ның «Бейбітшілік қаласы» деген сыйлығына ие болды. 2000 жылдан бері Қазақстанның бас қаласы Астаналар мен ірі қалалардың халықаралық ассамблеясының мүшесі болып саналады.

2001 жылы Астанаға Рим Папасы Иоанн Павел ІІ-нің келуі Қазақстанның діни мәселелерді шешу мен конфессияаралық бейбітшілікті қамтамасыз етудегі үлесінің жоғары бағалануының көрсеткіші болып табылады. 2011 жылыАстанамыз «ТМД және ЕЭҚ үздік қаласы» атты халықаралық байқауының жеңімпазы атанды, ал 2012 жылы ТМД және түрік әлемінің мәдени астанасының борышын абыройлы атқарды.

Астана бүгінде айрықша сәулетімен ғана ерекшеленіп қоймай, сондай-ақ бау-бақшалы қалаға айналып келеді. Елорданың «жасыл белдеуі» кеңеюде, қала орасан далалық өңір орталығының жасыл алқабына – экологиялық таза мегаполис үлгісіне айналды.Мемлекет Астанаға «жасыл қорған» қоя отырып, жел күшін басуды өз алдына міндет етті. Ол үшін астананы ауыстырудың алғашқы жылдарында-ақ Астананың айналасында «жасыл белдеу» ағаштары отырғызылды, олардың биіктігі бүгінде10 метрге жеткен. Астананың өзінде жаңа саябақтар мен гүлзарлар салынып, көгалдардың жалпы көлемі миллиондаған шаршы метрге жетіп отыр. Астананың айналасында адам қолымен жасалған ормандар ауданы 65 мың гектардан асады, оның 14 мың гектарықаланың ішінде орналасқан. Бұл жұмыстар әлі де жалғасын табуда. 2020 жылға дейін Астана жанындағы дала мен қала ішіндегі территорияның жалпы алғанда 100 мың гектарын көгалдандыру жоспарланып отыр.

Тұрғындар мен қонақтардың назарын аулайтын «Бәйтерек» кешені жаңа елорданың басты символына, оның өзіндік бойтұмарына айналды. Өзге де бірегей сәулеткерлік ғимараттар қатарында белгілі британдық архитектор Норман Фостердің жобасы бойынша пирамида үлгісінде салынған «Бейбітшілік және келісім»сарайын, әлемдегі ең биік шатыр үлгісіндегі ғимарат – «Хан Шатыр» сауда-ойын-сауық орталығын, теңізден алыс орналасқан океанариум – «Думан» орталығын, Манфреди Николетти туындысы – «Қазақстан» орталық концерт залын, «Триумф Астана» және «Солтүстік шұғыласы» тұрғын үй кешендерін, «ҚазМұнайГаз» және «Қазақстан темір жолы» ұлттық компанияларының кеңселік ғимараттарын атауға болады.

Астана әлі де дамиды, бұдан да әсем, бұдан да көркем болады. 80 қабаттан тұратын «Абу-Даби плаза» атты жаңа ғимараттың және «Ритц-Карлтон» қонақүйінің құрылысы басталып кетті, алда «ЭКСПО-2017» ғимараттарының құрылысы басталады.

Қазіргі кезеңде Астана жаңа Қазақстанның жоғары руханилығының нышаны ғана емес, сонымен бірге оны сақтаушы болып табылады. Өткерген он жылдан астам уақыт тек экономикалық немесе әлеуметтік көрсеткіштердің өсуімен емес, мәдени құндылықтардың қалыптасуымен де ерекшеленді.

15 жыл бұрын Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаевтың тапсырысымен Астанада Ұлттық музыка академиясы құрылып, 2011 жылы Қазақ ұлттық өнер университеті болып өзгертілді. Мұнда ХХІ ғасырдың қазақстандық мәдениеттің алғашқы өкілдері тәрбиеленді.

2009 жылы Астанада бірегей«Қазақстан» концерт залы ашылды. Оған Орталық Азияда тең келер ғимарат жоқ және ол әлемнің ең үздік сәулет ғимараттарының қатарына жатады. Ғимараттың акустикалық мүмкіндігіне әлемге танылған көптеген үздік музыканттар мен опера әншілері сай баға берді. 3500 көрерменге арналған залда музыка өнерін сүйетіндер Астанадан ғана емес, Қазақстанның басқа қалаларынан да көптеп жиналады.

Астананың 15-жылдығының қарсаңындақала орталығында жаңа опера және балет театрының құрылыс жұмыстары аяқталып, «Астана Опера» деген атауға ие болды. Бұл өте бірегей ғимарат – сәулеті жағынан классикалық, ал техникалық орындалуы мен ішкі жабдықталуы жағынан инновациялық, бұл оны Еуразия мен бүкіл әлемдегі айтарлықтай көз тартарлық сахна алаңдарының бірі етеді. Осы ғимарат сахнасында қазақ опера өнерінің классикасы – «Біржан мен Сара» спектаклі заманауи орындауда қойылды.

Астанада қысқа мерзімдебірегей рухани-діни ғимараттар – «Нұр Астана» және «Әзірет Сұлтан» мешіттері, православиелік Успенский Кафедралы Соборы, Үздіксіз Көмек Әулие Ана католиктік Соборы, «Бейт Рахель – Хаббад Любавич»синагогасытұрғызылып, бүгінде қызмет атқаруда. Президентіміздің бастамасымен Астанада, халқымыздың бірлігін сақтаушы ретінде, Бейбітшілік пен келісім сарайы бой көтерді, ол барлық қазақстандықтар үшін сәулет өнерінің аса құрметті нышанына айналды. Мұнда жыл сайын Қазақстандағы этнос аралық және конфессияаралық қатынастардағы толеранттылықтың басты механизміне айналған Қазақстан халқының Ассамблеясы өтіп тұрады. Біздің Астанамызға келген қонақтардың барлығы дерлік қала тұрғындарының толеранттылығын, жеріміздегі бейбітшілік пен тыныштықты ерекше атайды. Бұл қасиеттерді Қазақстанның барлық этностары мен конфессиялар достығын және бүкіл қазақстандық қоғам бірлігін нығайтып келе жатқан Астананың бойынан көруге болады [3].

Астана қазақстандық қоғам ұмтылып келе жатқан жаңа қазақстандық әлеуметтік даму стандартын қалыптастыруда, сонымен бірге барлық қазақстандықтардың салауатты өмір салты мен өмір сүру сапасының жоғары деңгейін көрсетеді. Соңғы жылдары бас қалада жаңа спорттық нышандар желісі кеңінен тарады:«Қазақстан» және «Алатау» спорт кешендері, «Алау» жаңа мұзды Спорт Сарайы, Республикалық велотрек, «Астана – Арена» жабық стадионы,он шақты спорт алаңы, клубтар мен фитнес-орталықтар, бұл кешендерге қала тұрғындары көптеп келеді және де бұл орындар халықаралық спорттық жарыстардың өтуіне арналған негізгі орындар болып қалыптасты [3].

Қазақстанның Тұңғыш Президентінің идеясымен іргесі қаланған жаңа елорда қысқа мерзім ішінде жалпыұлттық идея мәртебесіне ие болды және жас мемлекеттің тәуелсіздігінің символына және жаhандық табысына айналды. Астана біздің қоғамдағы бейбітшілік пен келісімнің өзегі болып, қазақстандықтарды бір шаңырақ астына жинады.Н.Ә. Назарбаев өз сөзінде атап өткендей, «Біздің елордамыз – Отанымыздың жүрегі, бүкіл халықты біріктірген ұлттық идея, ол халықтың өз күшіне сенімі мен ұлы тағдыр-талайының символына айналды» [2].

Астана – заманауи сәулеткерліктің, қазіргі архитектураның мүмкіндіктері толық көрініс тапқан кең байтақ қазақ даласының нақ ортасында ғаламат ғимараттары бар қайталанбас әсем шаһар ғана емес. Қазақстанның қазіргі елордасына Батыс әсемдігі мен Шығыстың терең рухани дәстүрлерін жарасымды тоғыстырған бірегей сәулеткерлік стиль тән.«Тәуелсіздік Астананы өмірге келтірді. Өз кезегінде Астана біздің Тәуелсіздігімізді қуаттап, дамыта түсуде», – еліміздің Тұңғыш Президенті Н.Ә. Назарбаевтың бұл сөзі Қазақстанның жаңа астанасының мемлекет тағдырындағы рөлі мен маңызының орасан зор екендігін тағы бір дәлелдеді [1].

Барлығы арманнан басталды. Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев ешқандай кедергілер мен күдіктерге қарамастан, бұл арманын жүзеге асырды. Сол уақыттан бері 15 жыл бойыҚазақстанның халықаралық мәртебесі бас қаласы – Астананың даңқы арқылы да өсіп келеді.

Бүгінде Астана – бұл Қазақстанның жаңа тарихы жинақталған орын. Астананың мысалы арқылы біздің бүкіл мемлекетіміздің дамуы туралы пікір түюге болады.

Халықаралық қоғамдастықтың белсенді мүшесі ретінде еліміз шет қала алмайтын әлемдік экономикалық дағдарыс кезеңінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев дамудың даңғыл жолын тағы айқындап берді. Бес институттық реформа мен оны жүзеге асыру бойынша қабылданған Ұлт жоспарындағы 100 нақты қадам – жаңа экономикалық жағдайда Қазақстанның күрделі кезеңнен сенімді өтуіне жағдай туғызады және одан әрі дамуына бағдар болады.

Ұлт жоспарының алғашқы 15 қадамы – мемлекеттік қызмет саласына қатысты реформалар. Сондықтан, Мемлекеттік қызмет және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің тапсырмасына сәйкес, аталған агенттіктің Шығыс Қазақстан облысы бойынша департаменті бүгінде Ұлт жоспарының маңызын түсіндіру мақсатында, сондай-ақ, облыстық ақпараттық насихат тобының құрамында кешенді жұмыстар жүргізуде. Мысалы, біз соңғы бір айдың ішінде облысымыздың аймақтарының жартысынан көбінде дерлік мемлекеттік және құқық қорғау органдарының қызметкерлерімен кездесіп, реформа аясында болатын өзгерістерді түсіндірдік. Осы кездесулер барысында жиі қойылатын, жалпы халық үшін, оның ішінде мемлекеттік қызметшілер үшін өзекті болып отырған бірнеше жаңалыққа тоқтала кетсем деймін.

Бұл реформаларды жүргізу­дің басты мақсаты – кәсіби мем­ле­кеттік аппараттың, мемлекеттік басқарудың халыққа адал қыз­мет етуге бағытталған жаңа үлгі­сін қалыптастыру. Себебі, қал­ған реформалардың іске асуы ел басқаратын, елге қызмет ете­тін мемлекеттік аппараттың кәсібилігіне тікелей байланысты. Осыған орай, Агенттіктің және оның аумақтық бөлімшелерінің алдына екі үлкен мақсат қойылып отыр. Біріншіден, мемлекеттік басқаруға талантты, білікті, адамгершілік қасиеттері жоғары мамандарды тарту. Ол үшін үш сатылы қадрларды іріктеу жүйесі енгізілмек. Бірінші саты – заңнаманы білу деңгейін тексеруге арналған тестілеуден өту. Екінші саты – үміткердің біздің департаментте әңгімелесуден өтуі. Әңгімелесу барысында біз білім деңгейін, қарымын, біліктілігін анықтаймыз, үміткердің жеке басының қасиеттері бағаланады. Үшінші сатыда үміткер жұмысқа қабылдау туралы шешім қабыл­дайтын мемлекеттік мекемеге жолданады.

Мемлекеттік қызметке алғаш қабылданатындар оны төменгі лауазымдардан бастайды, сонымен қатар, оларға міндетті түрде сынақ мерзімі белгіленеді. Әрі қарай қызметтік өсу тек конкурстық негізде ғана жүзеге асырылады. Конкурс мәселесіне келсек, алдымен конкурс бос лауазымдық орны бар мемлекеттік органның ішінде, өз қызметшілері арасында өткізіледі. Сәйкес келетін үміткер болмаған жағдайда, онда барлық қалаушылар қатыса алады. Ауысулар енді болмайды. Ауысу рәсімі тек баспасөз хат­шыларына және саяси қызмет­шілердің көмекшілеріне ғана сақталып қалмақ. Екінші мақсат – мемлекеттік қызметтегі ынта­ландыру деңгейін арттыру. Мем­лекеттік қызметшілердің мүд­десін қорғау, үздіксіз білім алу жүйесін және еңбек етуге қо­лайлы ортаны қалыптастыру, көшбасшылықты қолдау және тағы басқа да шаралардың заң жүзінде бекітілуі, сол арқылы ха­лыққа қызмет етуді таңдаған адамдарды ынталандыру көзделген.

Ұлттық комиссия деңгейінде мемлекеттік қызметшілерді мате­риалдық ынталандыру мәселесі қарастырылды. 2016 жылдың 1 қаңтарынан бастап еңбекақы екі негізгі бөліктен құралады. Бі­рін­шісі – кепілдендірілген бөлігі. Ол факторлы-балдық жүйе негізінде қызметшіге жүктел­ген нақты жұмыс көлемін, қызмет­шінің мемлекеттік органның стратегиялық мақсат-міндеттерін орындауға қосқан үлесін ескере отырып, есептеледі. Нәтижесінде бір санатта қызмет ететін қыз­мет­шілер әртүрлі еңбекақы алады. Еңбекақының екінші бөлігі – бонус түріндегі өзгермелі бөлігі. Ол жылдық дербес жоспарларды орындауды бағалау нәтижесі бойынша төленеді. Егер жоғары нәтижелерге қол жеткізілсе, сәй­ке­сінше бонустар төленеді. «Қана­ғ­аттанарлық» деген баға алған жағдайда, кәсібилігін дамыту бойынша жеке жоспарлар жаса­лады. «Қанағаттанарлықсыз» деген баға алғандар лауазымынан төмендетіледі немесе жұ­мыстан босатылады. Соны­мен қатар, лауазымдық еңбек­ақыларға өңірлік ерекшелік коэф­фициенттері енгізіледі.

Сондай-ақ, мемлекеттік қыз­меттің жаңа Этика кодексі қабыл­данады. Жаңа кодекске мемле­кеттік қызметшілердің жұмыс уақытында және жұмыстан тыс кездегі өздерін ұстауына қатысты талаптар, мемлекеттік қызметтің құндылықтары мен ұстанымдары, ел алдында сөз сөйлеу тәртібі мен мүдделер қақтығысы енгізілген.

Бүгінде жоғарыда аталған тұжырымдамалық өзгерістерді ескере отырып, мемлекеттік аппаратты қалыптастыру үшін «Мемлекеттік қызмет туралы» жаңа заң қабылдау қажеттігі туындап отыр. Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігімен аталған заңның жобасы дайындалып, жан-жақты талқылануда. «Мемлекеттік қызмет туралы» жаңа заңға сәйкес, мемлекеттік қызметшілер санатына әкімшілік, саяси мемлекеттік қызметшілер, құқық қорғау органдарының және сот жүйесінің қызметшілері, әскери қызметшілер де енгізіледі. Барлығына ортақ мемлекеттік қызмет өткерудің қағидалары, этика талаптары анықталған. Сондай-ақ, сыбайлас жемқорлық қатерлері, дербес оқу, ішкі конкурс деген сияқты бірқатар жаңа ұғымдар енгізілген.

Заң қабылданғаннан кейін қызмет етіп жүрген мемлекеттік қызметшілер кезектен тыс аттес­таттаудан өткізіледі. Жалпы, бұл аттестаттауды өткізудің негізгі мақсаты – өтпей қалған қызметшілерді жұмыстан босату, қудалау шаралары емес, мемлекеттік қызметшілердің өз лауазымына, жаңа заң талаптарына сәйкестігін анықтау. Бұл аттестаттау бізге мемлекеттік аппараттың кадрлық әлеуетін нақты бағалап, одан әрі барынша тиімді пайдалануға мүмкіндік береді. Аттестаттауды өткізудің негізгі мақсаты – қызметшілердің арасынан талантты, талапты, білікті мамандарды анықтау, меритократия қағидаты негі­зінде лайықты мамандарды жо­ға­рылату. Аттестаттаудың нәтижесі негізінде дербес жоспарларына, оқу және біліктілігін арттыру бағ­дарламаларына өзгерістер енгі­зіледі.

Жаһандану заманының талаптарына сай, елімізде осындай оңды өзгерістер жүзеге асып, өркениетті елдердің қатарына бір емес, жүз қадамға жақындаудың мүмкіндігі туып отыр. Сондықтан, азаматтардың қажеттіліктері мен сұраныстарына жауап бере ала­тын кәсіби аппаратты құру бо­й­ынша алдымызда тұрған аса ау­қымды міндеттерді сәтімен жүзеге асыруымыз, сол арқылы мем­лекеттік басқару жүйесіне халықтың, сондай-ақ мемлекет­тік қызметшілердің көзқарасын түбегейлі өзгертуіміз қажет.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары