Уақыттан жүйрік ештеңе жоқ, тарих тұрғысынан таразылайтын болсақ,еліміздің қазіргі дамуының әрбір жылы кей сәтте онжылдықтардың жүгін арқалап отырғаны әмбеге аян. Қазақстан Республикасы егемендігін алған кезден бастап өзінің әлеуметтік-экономикалық, саяси-құқықтық даму жолында елеулі табыстарға қол жеткізіп, әлемдік қоғамдастықтың жалпы жұртқа танымал, мойындалған мүшесіне айналды. Дүниежүзі «қазақстандық даму жолы» жөнінде, байыпты прагматизмге негізделіп, мемлекетіміздің ұзақмерзімді ұлттық мүдделері нақты ескерілген ерекше тұжырымдама туралы айта бастады.
Бұл туралы «Егемен Қазақстан» газетінде «Мәңгілік Елдің» заңнамалық негізі мақұлданды» тақырыбымен жарияланған ҚР Парламенті Мәжілісінің Төрағасы Қабиболла Жақыповтың мақаласында жазылған.
«Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаев атап өткендей, еліміз жиырма жылдан асар-аспас аз уақыт ішінде өз дамуының бірнеше кезеңін бастан кешірді: мемлекет құрылысының бірінші кезеңінде егеменді мемлекеттің іргетасы қаланса, екінші кезең қалыптасқан мемлекетке жеткізген жол іспетті болды. Мемлекет құрылысының үшінші кезеңі Мәңгілік Елге жол тартатын ұлы реформалардан басталып отыр.
Үшінші кезең бастаулары
Елбасы ел дамуының үшінші кезеңін бастайтын бес институттық реформаны күрт шиеленіскен жаһандық сын-қатерлерге әдеттен тыс әрі күшті жауап ретінде ұсынды.
Биылғы жылдың 27 қыркүйегінде БҰҰ-ның Нью-Йоркте өткен «2015 жылдан кейінгі даму кезеңіне арналған күн тәртібін» қабылдау жөніндегі саммитінде Президент БҰҰ-ның Орнықты даму мақсаттары мен өзге де құжаттарының мазмұны мен бағдары Қазақстанның басымдықтары мен міндеттеріне толық сәйкес келетінін, оларды іске асыру жауапкершілігі ұлттық үкіметтердің мойнына жүктелетінін атап өтті.
Қазақстан басшылығының елді орнықты дамыту жөніндегі жауапкершілігіне «Қазақстан-2050» Стратегиясы: қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» құжатын іске асыру мысал бола алады, оның мақсаты елді әлемнің ең дамыған 30 елінің қатарына қосу болып табылады.
БҰҰ-ның аса ірі халықаралық форумында біздің Президентіміз бүкіл әлем жұртшылығын елде іске асырылып жатқан, мемлекеттік басқару аппаратын жаңғыртуға, азаматтық және құқықтық институттардың жұмысын жетілдіруге, экономиканы әрі қарай индустрияландыруға бағытталған «Бес институттық реформа» жөнінде хабардар етті.
Олардың іске асуы қазақстандық мемлекеттілікті одан әрі нығайтуға негіз қалап, жоғары технологиялы экономиканы жылдам дамытып, әлемдік нарыққа шығаруға жағдай жасайды.
Биылғы жылдың мамыр айында Мемлекет басшысы Қазақстан халқына бес реформаны іске асыру бойынша мемлекет атқаратын іс-қимылдың егжей-тегжейлі екшелген алгоритмі - «Ұлт жоспары - 100 нақты қадам» құжатын ұсынды. Бұл құжат жаһандық тұрақсыздық белең алып отырған қазіргі жағдайда елдің қиын сынақ кезеңінен сенімді өтуіне мүмкіндік беретін негіз болмақ.
Асқақ мақсаттарды мұрат тұтқан әрі сонымен бір мезгілде жүзеге асырылу мүмкіндігі мол «Ұлт жоспары - 100 нақты қадам» әлем қоғамдастығының назарын аударды.
Шетелдік сарапшылар арасында Президенттің бұл жоспары - барынша уақтылы, өзекті әрі терең ойластырған жоспар, ол «әлемдегі үкіметтердің төрттен үші үшін манифест» бола алар еді деген пікір айтылды.
Біздің еліміздің тәуелсіздік жылдары ішіндегі даму тәжірибесі Президент қабылдаған бағдарламалардың ешқашан манифест болып қала алмайтынын көрсетті. Олар әрдайым іс жүзіне асырылып, Қазақстанды прогрессивті даму жолында байыпты түрде алға бастырып, мемлекет пен қоғамға орасан зор пайдасын тигізіп келеді.
Бұл жолы да Мемлекет басшысы ұсынған Ұлт жоспары нақты іс-қимыл құжаты ретінде қоғам мен мемлекетте заман талабына сай әрбір адамның, әрбір отбасының әл-ауқатын арттыра түсуге, елдің әлемдік ауқымдағы бәсекеге қабілеттілігін арттыруға бағытталған іргелі өзгерістердің негізін қалайды.
Президент алдымызға Ұлт жоспарын іске асыру жөніндегі ең шұғыл заңдардың алғашқы топтамасы 2016 жылғы 1 қаңтардан бастап жұмыс істеуге тиіс деген міндет қойды.
Комиссия атқарған жұмыс ауқымды
Ұлт жоспары жарияланған бойда дереу Президент жанынан Жаңғырту жөніндегі ұлттық комиссия құрылып, оның құрамына депутаттық корпустың өкілдері де кірді. Бұл парламентшілердің заң жобасының тұжырымдамасы мен мәтінін әзірлеудің ерте сатысынан бастап оның тақырыбын меңгеріп, өз ұсыныстарын айтуына, әріптестерінің пікірлерін біліп, ескеруіне мүмкіндік берді. Жаңғырту жөніндегі ұлттық комиссия өзгерістердің әрбір блогы бойынша заң жобаларын дайындауда ауқымды жұмыс атқарды.
Жаз бойы Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындай отырып, Үкіметтің, өзге де мемлекеттік органдардың, Парламенттің қос палатасының бірлесе күш салуы нәтижесінде «100 нақты қадамды» заңнамалық қамтамасыз ету жөніндегі заң шығару жұмысының жоспары жасалды. Осы құжатта заңдардың жобаларын Парламентте қарау кестесіне баса мән берілді.
Көбіне-көп, алдын ала жасалған осы ауқымды жұмыстың, заң шығару жұмысы жоспарының үйлесімділігі мен байыптылығының арқасында Парламент Мәжілісіне сессияның басталуына қарай көптеген заң жобаларының келіп түсуі депутаттар үшін күтпеген жаңалық бола қойған жоқ.
Парламент заң жобаларының топтамасын Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігімен келісілген кестеге сәйкес қарауға және осы күзде Президенттің қол қоюына ұсынуға тиіс. Заңнамалық базаны жаңартудағы мұндай қажетті серпін уақыттың ұшқыр сипатынан туындап отыр, біз заман ағымына ілесіп қана қоймай, озыңқы қарқынмен дамуға да тиіспіз.
Біздің еліміздің тарихи қысқа мерзімде бұдан да күрделі, бұдан да ауқымды реформалар жүргізу тәжірибесі бар. Әрі олардың бәрі жүйелі, дәйекті және нәтижелі сипатымен ерекшеленді.
Осы орайда, 1995 жылы мемлекет дамуының бетбұрыс кезеңінде, ұлттық экономика кеңестік жоспарлы экономикадан нарықтық экономикаға көшкен сәтте Президент ел болашағы үшін жауаптылық жүгін өз мойнына алып, жағдайды нарықтық қатынастар пайдасына түбегейлі түрде өзгерткен заң күші бар 147 Жарлық қабылдағанын еске сала кеткім келеді. Мен бұл туралы сеніммен айта аламын, өйткені сол жылдары өңірдің басшысы болып қызмет атқарғанмын.
Дәл сол тұста Президенттің «Жер туралы», «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы», «Мұнай туралы», «Шетелдік инвестициялар туралы» және басқа да Жарлықтары шықты. Мүлдем жаңа нарықтық заңнаманың осы блогы сол кезде экономиканы реформалау, өндірістің еркіндігі мен кәсіпкерлікке қолдау көрсету бағытында елеулі серпін жасауға жол ашты.
Соның нәтижесінде біздің республика нарықтық өзгеріс, тартылған инвестициялар көлемі бойынша, жалпы, экономиканың өсімі мен азаматтардың әл-ауқаты жөнінен ТМД елдері арасында көш бастады.
Ел дамуының сол бір күрделі кезінде Мемлекет басшысының тығырықтан жол таба біліп, экономиканы құтқарып қалу жолында шешуші шараларды жедел қабылдау секілді бірегей қабілеті айқын көрінді. Өткір сынақтар сәтінде Президент әрдайым жаңа мүмкіндіктерді ойластырып, алыс болашақты ойлай отырып, «дағдарыстан шығудың» бірден-бір дұрыс әрі тиімді кілттерін табады.
Елді жаңғырту жолындағы батылдық пен нәтижеліліктің осы бір жарқын мысалы бізді қазір де, мемлекет пен қоғам дамуының жаңа кезеңін іске асыру кезінде шабыттандыра түседі.
Көлемі айтарлықтай ауқымды заң жобаларымен сапалы жұмыс істеуді қамтамасыз ету мақсатында палата басшылығы Парламент Мәжілісіндегі жұмыс топтарының құрамына енген депутаттық корпустың, Үкімет пен басқа да мемлекеттік органдардың, Мәжіліс аппаратының, отандық және шетелдік сарапшылар мен мамандардың, үкіметтік емес ұйымдардың, ғалымдар мен азаматтық қоғамның көптеген өкілдерінің бар күш-жігерін біріктіріп, оларды жедел, кәсіби және ашық жұмыс істеуге жұмылдырды.
Мәжіліс - заң шығарудың штабы
Осы бір айрықша есте қаларлық күндері Мәжіліс еліміздегі заң шығару жұмысының орталығына, нағыз штабына айналды.
Депутаттардың бар уақыты мен қажыр-қайраты Президенттің «100 нақты қадам» жоспарын іске асыру үшін әзірленген заң жобаларының топтамасын қарастыруға бағытталды. Палатаның басшысы ретінде реформаларды заңнамалық қамтамасыз етуде депутаттардың кәсібилікпен беріле жұмыс істегеніне менің көңілім толды.
Мәжілісте өткізілетін парламенттік тыңдау, комитеттердің көшпелі отырыстары, конференциялар, дөңгелек үстелдер, іссапарлар секілді және басқа да көптеген қажетті іс-шаралар осы аса маңызды міндет шешілгенге дейін кейінге қалдырылды.
Мәжілістің жұмыс кестесі өте тығыз болды. Әрбір күн, әрбір сағат есепке алынды. 1 қыркүйекте Парламенттің бесінші сессиясы ашылғаннан кейін іле-шала Мәжілістің бюросы өткізіліп, онда келіп түскен заң жобалары бөлінді.
Бейінді комитеттердің отырыстарында жұмыс топтарының жетекшілері мен құрамы белгіленіп, заң жобаларымен жұмыс кестесі нақтыланды.
Аса қауырт заң шығару қызметі негізінен жұмыс топтарында, сан-алуан консультациялар, келісулер, сараптамалар және т.с.с. барысында жүргізілді. Бұл - заң шығарушының қасиетті зертханасы, оған еліміздің кез келген белсенді тұрғыны қатыса алады. Парламент қашанда өз сайлаушыларымен ынтымақтасу үшін ашық. Қандай да бір заң жобасын әзірлеу кезінде кез келген азамат, ғылыми және басқа да кез келген ұйым Парламент сайтында ұсыныстар, кеңестер беріп, өз өмірлік тәжірибесін бөлісіп, депутатқа өтініш жасай алады. Біздің отандастарымыздың әрбір сындарлы, дәйекті пікірі заң шығарушының назарынан тыс қалмайды, тіпті, ол мұндай пікірлерді қарауға мүдделі, өйткені заң еліміздің әрбір тұрғынының, бүкіл қоғамның және тұтастай алғанда мемлекеттің мүдделерін қанағаттандыруға және қорғауға бағытталған.
Бесінші сайланған Парламенттің бесінші сессиясының алғашқы күнінен бастап Мәжілістегі күрделі заң шығару жұмысы жеті комитет пен аппаратта таң сәрісінен түн жарымына дейін, қажет болған кезде сенбі, тіпті жексенбі күндері жүріп жатты.
Мәжілісте жедел заң жобалары бойынша жұмыс ашық жүргізілгенін айта кеткен жөн. Бұқаралық ақпарат құралдарының, жұртшылықтың өкілдері жұмыс топтары мен комитеттердің отырыстарына, жалпы отырыстарға қатысуға мүмкіндік алды. Жұмыс топтарының жүздеген мүшелері, заң жобаларының әзірлеушілері, мамандар, сарапшылар, ондаған бұқаралық ақпарат құралдарының журналистері, Мәжіліске шақырылған өзге де мемлекеттік органдардың, қоғамдық ұйымдардың өкілдері таңмен таласып Парламент ғимаратының есігін ашады. Күн сайын жұмыс топтары мен комитеттердің 30-ға тарта отырысы өткізілді. Кейбір заң жобалары бойынша (мысалы, «Қоғамдық кеңестер туралы», «Жоғары Сот Кеңесі туралы», индустриялық-инновациялық саясат мәселелері жөніндегі және басқалар) бір күнде екі реттен отырыс өткізілді.
Осы кезеңдегі Мәжілістегі заң шығару жұмысының қандай қарқынды болғанын бірқатар цифрлар толық айғақтай алады. Қыркүйектің басы мен 7 қазан аралығында жұмыс топтарының 500-ден астам отырысы, бас комитеттердің 22 кеңейтілген отырысы өткізілді. Депутаттар заң жобаларының бүкіл топтамасы бойынша 11 мыңға жуық түзетулерді қарастырды, олардың жартысынан астамы қабылданды.
Ел болашағына деген асқан жауапкершілік сезімі, заң жобасының сапалы шығуына деген шынайы мүдделілік жұмыс топтарында болмасын әрбір тұжырымдамалық ұсыныстар бойынша қызу пікірталас тудырды. Кейде эмоцияға берілу де болғанымен, жұмыс тобының мүшелері түптеп келгенде бір-біріне құлақ қойып тыңдап, барлық мүмкін нұсқаларды талқыға салып, заңның оңтайлы нормаларын, Конституцияға қайшы келмейтін, заң жобасының тұжырымдамасына жауап беретін, қатардағы сайлаушы, жұмысшы немесе ғалым, мұғалім немесе бизнесмен, ауыл тұрғыны немесе қала тұрғыны, яғни біртұтас Қазақстан халқын құрайтын - біздің азаматтарымыз күтетін нормаларды тауып отырды.
Депутаттар палатаның жалпы отырысына заң жобаларының көлемді салыстырма кестелерінің бүкіл мәтіні бойынша пысықталған позициялармен, заң шығару жұмыстарының барлық күрделі сатыларынан өткен, үйлестірілген пікірлермен келіп отырды.
Жүктеме жүгі ауыр шақ
Жүктемеге келетін болсақ, жүктеме негізінен Әлеуметтік-мәдени даму комитетіне және Экономикалық реформа комитетіне түсті, Мәжілістің жалпы отырыстарына қарауға олар тиісінше 15 және 12 заң жобасын дайындады. Қаржы және бюджет комитеті мен Заңнама және сот-құқықтық реформа комитеті - 10 заң жобасын, Аграрлық мәселелер комитеті - 7, Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитеті мен Экология мәселелері және табиғат пайдалану комитеті әрқайсысы 4 заң жобасынан қарады.
Нақты заң жобаларына келер болсақ, мақұлданған заң жобаларының ішінде 3 конституциялық заң, 19 негізгі заңдардың жобалары, қолданыстағы құқықтық базаға өзгерістер мен толықтырулар енгізетін 40 заң жобасы бар. Ал Ұлт жоспарын заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз ету жалпы мынадай болды: 13 заң жобасы - мемлекеттік құрылыс мәселелері бойынша; 9 заң жобасы қаржы, салық және кеден ісі мәселелері бойынша; әрқайсысы 7 заң жобасынан - еңбек, әлеуметтік сақтандыру және әлеуметтік қамсыздандыру, сондай-ақ, шаруашылық қызметін мемлекеттік реттеу мәселелері бойынша;
6 заң жобасы ұлттық қауіпсіздікті, соттардың және құқық қорғау органдарының қызметін қамтамасыз ету мәселелері бойынша; 5 заң жобасы білім беру, ғылым, мәдениет және денсаулық сақтау мәселелері бойынша; 4 заң жобасы ауыл шаруашылығы мәселелері бойынша; әрқайсысы 2 заң жобасынан - азаматтық және азаматтық-процессуалдық заңнама саласы, кәсіпкерлік, сондай-ақ, өнеркәсіп, көлік және байланыс мәселелері бойынша, бір-бір заң жобасынан - жер заңнамасы саласы және құрылыс, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, сәулет және т.б. мәселелері бойынша қабылданды. Өздеріңіз көріп отырғандай, Президенттің реформасы іс жүзінде мемлекет пен қоғам тыныс-тіршілігінің барлық саласын қамтыған.
Оқырмандарға заңның кейбір ерекшеліктерін, сонымен бірге, онымен жұмыс істеу барысын білген қызықты болар деп ойлаймын. Заңдардың бұл топтамасы мемлекет пен қоғамның дамуы үшін жаңа мүмкіндіктерді ашады, көбіне азаматтардың мүдделеріне сай келеді.
Мәселен, Ұлт жоспарының алғашқы он бес қадамы қазіргі заманғы кәсіби мемлекеттік аппаратты қалыптастыру мәселелеріне арналған. Бұл қадамдардың барлығы «Мемлекеттік қызмет туралы» заңның жаңа редакциясында және оған қосымша заңда көрініс тапты. Бұл заң туралы көптеген мақалалар жарық көрді, сондықтан мен бұл нормативтік-құқықтық актінің жобаны әзірлеушілер мен Мәжіліс депутаттары жұмыс істеген бірқатар жаңа тұстарын атап өткім келеді.
Адамзат тәжірибесі көрсетіп отырғандай, билік беделі ғана емес, сонымен бірге мемлекеттіліктің табыстылығы да көбінде сауатты, білікті, сыбайлас жемқорлыққа ұрынбаған шенеунікке байланысты. Сол себепті тәуелсіздік жылдары біз мемлекеттік қызмет туралы заңнаманы және онымен қатар сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы заңнаманы жетілдіріп отырдық.
Заң жобасы көбіне «интеллектуалдық, моральдық және кәсіптік жағынан ең лайықтылардың басқаруы» ретінде «меритократия қағидаттарына» және білімін, дағдысын, тәжірибесін практикада тиімді қолдана алатын және ол үшін жауап бере алатын мемлекеттік қызметкерлерді таңдау және жоғарылату; мемлекеттік қызметкердің қабілеттілігі мен өзін өзі ұдайы дамытып отыруы; ашық бәсекелестік негізінде оның мансаптық өсуін қамтамасыз ету; мемлекеттік қызметкердің қызметтік этика қағидаларын мүлтіксіз сақтауы жатқызылатын «кәсіби қызметін іске асыруға біліктілікпен келу» сияқты ұғымдарға негізделген.
«Мемлекеттік қызмет туралы» Заңға енгізілген жаңалықтар жұмыс тобының 11-отырысында жан-жақты талқыланды. Депутаттар барлық түзетулерді кейбір кездері көрініс беріп қалатын дәстүрлі бюрократиялық тәсілдерді халықтың қажеттілігі мен мұң-мұқтажына тез арада жауап беретін, мемлекет пен қоғамның мүддесін қамтамасыз ететін мемлекеттік менеджменттің жаңа мәдениетіне ауыстыру мақсатында енгізіп отыр.
«Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» Заң алдыңғы заңмен тығыз байланысты болып табылады. Адамзат лауазымды тұлғалардың сатқындығымен, парақорлықпен, кейбір шенеуніктердің өздерінің лауазымдық жағдайларын теріс пайдаланушылықтарымен баяғыдан бері күресіп келеді және белгілі бір жетістіктерге, тіпті адам таңғаларлық жетістіктерге жетуде. Оған бірқатар дамыған елдердің мысалдары дәлел бола алады.
Қазақстан осы індетпен табанды күресіп келеді, Қазақстан Республикасы Президентінің 2014 жылғы 26 желтоқсандағы Жарлығымен бекітілген Сыбайлас жемқорлыққа қарсы 2015-2025 жылдарға арналған стратегия, «Нұр Отан» партиясының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы 2015-2025 жылдарға арналған іс-қимыл бағдарламасы және басқа құжаттар осыған дәлел.
Үкімет ұсынған заң жобасында «сыбайлас жемқорлық», «сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат», «сыбайлас жемқорлық қаупі» сияқты ұғымдардың мағынасы ашылып, «сыбайлас жемқорлыққа қарсы шектеулер», «сыбайлас жемқорлыққа қарсы мониторинг» және сыбайлас жемқорлыққа қарсы басқа да іс-қимылдың жаңа шаралары енгізіледі. Уәкілетті органның Мемлекет басшысының қарауына енгізілетін сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бойынша жыл сайынғы Ұлттық баяндаманы дайындауы заң жобасы жаңалықтарының бірі болып табылады.
Заң жобасымен жұмыс барысында жұмыс тобының 15 отырысы өткізілді, депутаттар 150-ден аса түзету енгізді, оның шамамен 100-і қабылданды. Депутаттық корпус сыбайлас жемқорлыққа қарсы тәрбие; сыбайлас жемқорлыққа қарсы мониторинг; сыбайлас жемқорлыққа қарсы стандарттар; жеке секторда, оның ішінде квазимемлекеттік сектор субъектілерінің қызметінде шешімдер қабылдау ресімдерінің ашықтығы; кәсіпкерлік саласында сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл шаралары; сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтар аясын айқындау мәселелерін және басқа да мәселелерді көтерді.
Кәсіби біліктілік көрінген тұс
Еліміздің жоғары заң шығарушы органының мүшелері ретінде, Парламенттің депутаттары «Заңның үстемдігін қамтамасыз ету» бағыты бойынша бірқатар заң жобаларын қарауда ерекше кәсіби біліктілік танытты. Аталған топтамада бірқатар заңдар бар, олардың ішінде «Қазақстан Республикасының Жоғары Сот Кеңесі туралы» заң жобасы, «Қазақстан Республикасының сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Конституциялық заң жобасы бар. Бұл заң жобалары мұқият қаралды, тұтастай алғанда, қабылдауға дайындалды.
Мәжілісте қаралған және мақұлданған заң жобаларының арасында Президент реформаларымен біте қайнасып жатқан «Нұрлы Жол» бағдарламасын іске асыруға бағытталған топтаманы ерекше атап өту қажет. Осы бөліктің негізгі мақсаты - мемлекеттің одан кейінгі экономикалық серпілісі үшін Еуразиялық континенттік көліктік жүйенің бөлігі ретінде мемлекеттің инфрақұрылымдық желісін құру болып табылады. Қазақстандық инфрақұрылымдық жоба ҚХР басшылығы ұсынған «Жібек жолының экономикалық белдеуі» бағдарламасымен сәтті үйлесуде.
Бұл мегажоба экономикалық ынтымақтастыққа Америка континенті елдері мен Австралияны енгізу үшін ашық, сондай-ақ, Азия, Еуропа және Африка мемлекеттерінің экономикалық бытыраңқылығын еңсеруге бағытталған көп қырлы экономикалық стратегия болып табылады.
ЕАЭК жобалары және Жібек жолының экономикалық белдеуі бір-бірін толықтыратын сипатқа ие екенін ерекше атап көрсету қажет. Бұл орайда, Қазақстан Президенті БҰҰ Саммитінде (2015 жылғы қыркүйек) Үлкен Еуразия идеясының айналасына топтасудың маңыздылығына ерекше тоқталып өтті, ол ұлттық егемендікті сөзсіз сақтағанда және қатысушы елдердің ұлттық ерекшеліктеріне құрмет болғанда ЕАЭО-ны, Жібек жолының экономикалық белдеуін және Еуропалық одақты ХХІ ғасырдың біртұтас интеграциялық жобасына біріктіреді.
Негізгі үш компонентті атап өту қажет, біздің пікірімізше, олар Жібек жолының экономикалық белдеуі жобасын іске асыру шеңберінде Қытай мен ЕАЭО елдері арасындағы экономикалық өзара іс-қимыл жасаудың базалық негізін құрайтын болады.
Біріншіден, бұл - біздің елдерімізді жалғастыратын көлік инфрақұрылымын дамыту және оны халықаралық көлік-коммуникациялық дәліздермен интеграциялау.
Екіншіден, Еуразиялық экономикалық одаққа қатысушы елдер мен Қытайдың сауда-экономикалық, индустриялық және инвестициялық ынтымақтастығын нығайту жөніндегі шаралар кешенін қабылдау.
Үшіншіден, Жібек жолының экономикалық белдеуі жобасы шеңберінде Еуразиялық экономикалық одақтың Қытаймен ынтымақтастығы маңызды компонент болып табылады.
Екі стратегиялық жобаның жүйелі түрде өзара іс-қимыл жасауы ХХІ ғасырдағы әлемдік дамуды қалыптастыруға мүмкіндік беретініне сенімім мол.
Қазақстан теміржол көлік қатынасында және 8445 шақырым жолдың 2787 шақырымы еліміздің аумағы арқылы өтетін «Батыс Еуропа - Батыс Қытай» автомобиль жобасында негізгі транзиттік мемлекет болады. Аталған дәлізді құру және оның тиімді жұмыс істеуі үшін нормативтік-құқықтық базаны жетілдіру қажет. Бұған Азаматтық, Бюджет, Салық кодекстеріне және «Қазақстан Республикасындағы көлік туралы», «Табиғи монополиялар және реттелетін нарықтар туралы», «Теміржол көлігі туралы», «Автомобиль жолдары туралы», «Сауда мақсатында теңізде жүзу туралы», «Автомобиль көлігі туралы», «Ішкі су көлігі туралы», «Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану және авиация қызметі туралы» Қазақстан Республикасының заңдарына енгізілген және «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жол-көлік инфрақұрылымын, көліктік логистиканы және авиатасымалды дамыту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңда қамтылған өзгерістер мен толықтырулар бағытталған.
Экономика саласы заңдарының топтамасына мынадай заңдар да кірді, олар: «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне сауда қызметін реттеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы», күшін жоюға қойылған 11 заңның («Жеке кәсiпкерлiк туралы, «Шаруа немесе фермер қожалығы туралы», «Тауарлар импорты жағдайында ішкі рынокты қорғау шаралары туралы», «Демпингке қарсы шаралар туралы», «Субсидиялар және өтем шаралары туралы», «Инвестициялар туралы», «Техникалық реттеу туралы», «Сәйкестікті бағалау саласындағы аккредиттеу туралы», «Бәсекелестік туралы», «Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік бақылау және қадағалау туралы», «Индустриялық-инновациялық қызметті мемлекеттік қолдау туралы») басын біріктірген Кәсіпкерлік кодекс, депутаттар сол арқылы Қазақстан Республикасының 10 кодексі мен 83 (!) заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізуді қарастырған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне кәсіпкерлік мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы»; ілеспе заңымен «Мемлекеттік сатып алу туралы»; ілеспе заңымен «Өзін өзі реттеу туралы» және т.б. заң жобалары.
«Мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау туралы» заң жобасына бюджет қаражатын пайдалану бойынша квазимемлекеттік сектор субъектілерінің жыл сайынғы аудитіне қатысты қағидатты сипаттағы түзету енгізілді, енді аудиторлық компаниялар есепте бюджет қаражатын пайдалану мәселелерін бөлек қосымшамен жазатын болады.
Жұмыс істемейтін кредиттер мәселелері жөніндегі заң жобасы бойынша депутаттар қаржылық көрсетілетін қызметтерді тұтынушы азаматтарымыздың құқықтарын қорғауға қатысты маңызды түзетулер енгізді.
Инвестиция - игергенге игілік
Елімізде инвестицияларды тарту үшін қолайлы жағдайлар жасайтын заңнама базасы қалыптастырылған, трансұлттық компаниялар тартылуда.
Қазақстан тартылған инвестициялардың көлемі бойынша ТМД-да көшбасшы болып табылады, осы инвестициялар Мемлекет басшысының белсенді қызметі мен беделінің арқасында елімізге келуде. Осыған мысал ретінде Қазақстан Республикасы Президентінің жалпы капиталдандыруы 10 триллионнан асатын 40-тан астам америкалық озық компания, инвестициялық қор және қаржылық институт басшыларымен Нью-Йоркте биылғы жылғы 28 қыркүйектегі кездесуін айтуға болады. Кездесу барысында компаниялардың Қазақстан экономикасын одан әрі дамытуға қатысуын және құрылғалы отырған Астана Халықаралық қаржы орталығы шеңберінде ынтымақтасу мүмкіндігін кеңейту жолдары қаралды. Америкалық бизнесмендер біздің Қазақстанның ынтымақтастық үшін ашық екенін, ел басшылығының құқықтық жүйені нығайту және оның инвестициялық тартымдылығын арттыру жөніндегі күш-жігерін жоғары бағалады.
Отандық өнеркәсіпті дамыту, ірі инвесторларды тарту үшін жағдайды одан әрі заңнаманы үнемі жетілдіруді талап етеді.
Экономикалық бағыттағы заңдармен қатар еңбек және әлеуметтік саладағы заңдардың тұтас топтамасы қаралды, олардың арасында ілеспе заңымен Қазақстан Республикасының Еңбек кодексін; ілеспе заңымен «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы»; «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне халықты әлеуметтік қорғау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы»; ілеспе заңымен «Қайырымдылық, демеушілік және меценаттық қызмет туралы»; «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мәдениет және тарихи-мәдени мұра мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы»; ілеспе заңымен «Ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызметті коммерцияландыру туралы» және басқа да заң жобаларын атаған жөн.
Жаңа Еңбек кодексі еңбек қатынастарын икемді түрде реттеу тетіктерін кеңейту, кәсіпорындардың дамуына кедергі келтіретін бірқатар шектеулерді алып тастау қажеттілігіне байланысты әзірленді, бұл кәсіпкерлікті дамытуда, еңбек нарығында, шетелдік инвестицияларды тартуда оң әсерін тигізеді.
Заң жобасына депутаттар баса назар аударды, олар 300-ден астам түзету енгізді, енгізілген түзетулердің 215-і қабылданды. Депутаттар экономикалық тиімділік пен еңбекшілерді әлеуметтік қорғау арасындағы оңтайлы теңдікке бағытталған құқықтық тұжырымдардың дәлдігі бойынша жұмыс істеді, атап айтқанда, зейнеткерлік жасқа жақындаған адамдарды әлеуметтік қорғау, жұмыскерді бір жұмыс берушіден екіншісіне ауыстырудың қосымша мүмкіндіктері туралы және т.б. нормаларды ұсынды. Үстеме жұмыстағы еңбекке ақы төлеу коэффициенті туралы депутаттық түзету бойынша жаңа Еңбек кодексін әзірлеушілермен пікірталас туындады, олар құжаттың жобасында жұмыскердің жалақысында 1,25 сағаттық төлемақы мөлшерлемесін белгілеген. «Нұр Отан» партиясының парламенттік фракциясының депутаттары салалық кәсіподақтар мен жұртшылықтың ұжымдық өтініштерін ескере отырып, еңбек шартына сәйкес арттыру құқығымен үстеме сағаттардағы, мереке және демалыс күндеріндегі жұмыс үшін еңбекке ақы төлеудің 1,5-тен төмен емес бірыңғай біріздендірілген мөлшерін бекітуді талап етті.
Тиімділік тетігі - түсіністік
Айтпақшы, жедел қаралатын заң жобаларын қарау шеңберінде үш фракцияның және Қазақстан халқы Ассамблеясының депутаттық тобының тиімді жұмыс істегенін атап өту қажет. Олар бұл заңдардың сайлаушыларға керек екенін сезінуде жауаптылық пен түсіністіктің жоғары деңгейін көрсетті, пәрменді өзара іс-қимыл мен мәмілеге қол жеткізудің үлгісін паш етті. Бұл бүкіл депутаттық корпустың Елбасының саясаты мен реформаларын толық қолдайтынын көрсетеді.
Халықты әлеуметтік қолдау мәселелері «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне халықты әлеуметтік қорғау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңда көрініс тапты. Заңда табысы аз азаматтарды қолдаудың жұмысқа орналасуға ынталандыруға - әлеуметтік төлемдерді алушылар арасында масылдықты болғызбайтын жаңа тетіктерді енгізуге, сондай-ақ, азаматтардың жекелеген санаттары үшін әлеуметтік төлемдерді өзгерту мен оңтайландыруға бағытталған мемлекеттік жүйені реформалау бекітілді. Депутаттар енгізген 40-тан астам түзетудің 34-і қабылданды, яғни бұл депутаттық ұсыныстардың тиімділігі жоғары екенін көрсетіп отыр.
Білім беру мәселелері жөніндегі заң жобасы бойынша депутаттар білім беру саласындағы жергілікті атқарушы органдардың оқулықтар мен оқу-әдістемелік кешендердің жыл сайын 1 тамызға дейін білім беру ұйымдарына жеткізіліп берілуін қамтамасыз ету жөніндегі міндетін көздейтін түзету енгізді.
«Ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызметті коммерцияландыру туралы» Заң қоғам үшін бұрыннан қажет болатын, ол «100 қадам» Ұлт жоспарының арқасында іске асырылды.
Қазақстанның технологиялық тұрғыдан дамыған елдерден зерттеулер мен әзірлемелерді мемлекеттік қаржыландыру үлесінің жоғары болуымен, ғылымды қажетсінетін жеке компаниялардың болмауымен ерекшеленетіні баршаға мәлім. Елімізде бизнес пен ғылымның арасы әлі де алшақ, жолға қойылған іс-қимыл тетіктері жоқ, бірлескен жобаларды, ынтымақтастықты іске асыру практикасы қалыптаспаған. Бұған Қазақстан Республикасының Президенті назар аударып, ғылым мен бизнесті толыққанды кооперациялау бойынша шаралар қабылдау қажеттілігін, ғылыми әзірлемелерді және оларды коммерцияландыруды ынталандыру саласындағы құқықтық қатынастарды реттейтін заңнаманы дамытудың, яғни ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызметтің нәтижелерін практикалық қолданудың, оларды нарыққа шығарудың маңыздылығын атап көрсеткен болатын. Оның тапсырмасы бойынша заңнамадағы айтарлықтай олқылықтардың орнын сөзсіз толтыратын осы заң әзірленді.
Көпшілігі ғалымдар, тәжірибесі мол өндіріс қызметкерлері, басшылар болып табылатын депутаттар заң жобасына шамамен
70 түзету енгізді, оның 64-і қабылданды. Бұл түзетулердің барлығы заң нормаларын нақтылайды, оның түсінікті әрі тиімді болуы үшін қызмет етеді.
Реформалардың маңызды аспектісі - «Біртұтас болашақтың ұлтын қалыптастыру» «Қазақстан халқы Ассамблеясы туралы» Қазақстан Республикасының Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңда көрініс тапты. «Қазақстан халқы Ассамблеясы туралы» Заңға Ассамблеяны әрі қарай институттық дамытуға және қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті нығайтуға бағытталған өзгерістер мен толықтырулар енгізіледі. Тоғызы Қазақстан халқы Ассамблеясынан сайланатын Мәжіліс депутаттары негізгі мақсаты: қазақстандық біртектілік пен бірлікті нығайту мен дамыту, «Мәңгілік Ел» жалпыұлттық патриоттық идеясы біріктіретін құндылықтар, бәсекеге қабілетті ұлт қалыптастыру болып табылатын аталған заң жобасына айтарлықтай түзетулер енгізіп, мақұлдады.
Бірқатар нормативтік-құқықтық актілерден тұратын заң жобаларының топтамасы транспарентті әрі есеп беруші мемлекет қалыптастыруға бағытталған, олардың арасында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне Қазақстан Республикасында жергілікті өзін өзі басқаруды дамыту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңды атап өту қажет.
Заң Мемлекет басшысының 2012 жылғы 28 қарашадағы Жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасында жергілікті өзін өзі басқаруды дамыту тұжырымдамасында көзделген жергілікті басқаруды дамыту жөніндегі негізгі тәсілдерді, сондай-ақ, Жаңғырту жөніндегі ұлттық комиссияның ұсынымдарын дамытады.
Заң жобасы халықтың жергілікті маңызы бар мәселелерді шешудегі рөлін арттыруға; жергілікті өзін өзі басқару органдарына нақты қаржылық және материалдық ресурстарды беруге, сондай-ақ, әкімдердің жергілікті маңызы бар өзекті мәселелерді шешудегі қаржылық және экономикалық дербестігін кезең-кезеңмен әрі рет-ретімен нығайтуға бағытталған.
Жұмыс тобының 6 отырысында негізінен заң жобасының жекелеген нормаларын нақтылауға және жақсартуға бағытталған 49 түзету қаралды.
«Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне Қазақстан Республикасында мемлекеттік көрсетілетін қызметтерді ұсыну мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң жеке және заңды тұлғаларға «бір терезе» қағидаты бойынша мемлекеттік көрсетілетін қызметтерді ұсынуға байланысты қатынастарды реттейтін нормаларды заңнамалық бекіту мақсатында әзірленді. Заң жобасымен «Азаматтарға арналған Үкімет» мемлекеттік корпорациясы» ұғымы бекітіліп отыр, ол мемлекеттік қызметтер көрсету сапасын арттыруды, мемлекеттік көрсетілетін қызметтер стандарттары мен регламенттерін сақтауды, көрсетілетін қызметті алушылардың хабардар болуын және т.б. қамтамасыз етеді. Заң жобасы халыққа мемлекеттік қызметтер көрсету ресімдерін жетілдіруге және халықты әлеуметтік қорғау, жер қатынастары және жылжымайтын мүлікті ресімдеу салаларында қызмет көрсету сапасының бірыңғай стандарттарының сақталуын қамтамасыз етуге; мемлекеттік қызметтер көрсету мерзімі мен құжаттарын қысқартуға және олардың ашық болуын қамтамасыз етуге бағытталған.
Жұмыс тобының 12 отырысында 285 түзету келіп түсті, 187 позиция қабылданды.
Депутаттар бастамашылығы жоғары
Осы газет мақаласы аясында депутаттар бастама жасаған заң жобалары бойынша қызметті қысқаша сипаттап өтуді қажет деп санаймын. Түрлі салаларда практикалық жұмыс тәжірибесі мол Парламент депутаттары өз сайлаушыларының, бүкіл ел халқының шынайы өмірлік қажеттіліктеріне сүйене отырып, заң шығару қызметін қалыптастырады.
Заң жобаларының осы сессияға арналған Заң шығару жұмысы жоспарына кірген, депутаттар бастама жасаған 11 заң жобасының әрқайсысы қазіргі заманның талаптарына сай келеді. Олардың арасында «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы», «Органикалық өнім өндіру туралы», «Қайырымдылық туралы» заң жобалары қоғамның ерекше назарын аударып отыр. Жоғарыда аталған дербес заң жобаларының әрқайсысының бірқатар басқа да нормативтік-құқықтық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізетін ілеспе заң жобалары бар.
«Қазақстан Республикасындағы қоғамдық кеңестер туралы» Заң депутаттық корпустың «Транспарентті және есеп беруші мемлекет» атты бесінші реформаны іске асыруға қосқан зор үлесі болып табылады.
Мемлекет басшысы биліктің ашық әрі айқын болуы тиіс екенін, сондай-ақ, барлық деңгейдегі мемлекеттік органдардың шешім қабылдауына жұртшылықтың кеңінен қатысу мүмкіндігі жөнінде үнемі айтып келеді. Стратегиялық мақсат - халық алдында есеп беретін мемлекет құру. Заң жобасын қарау барысында Жоғарғы Сот, Бас прокуратура, Әділет, Қаржы, Ұлттық экономика, Ішкі істер министрліктері, Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі, Ұлттық банк, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы, Қазақстан Азаматтық альянсы, БҰҰ ДБ және өзге де үкіметтік емес ұйым өкілдерінің қатысуымен жұмыс тобының 23 отырысы өтті. Заң жобасын талқылау барысында депутаттар оған 100-ден аса түзету енгізіп, оның жартысына жуығы қабылданды. Мәселен, республикалық және жергілікті деңгейдегі мемлекеттік органдардың және олардың лауазымды адамдарының қызметі қоғамдық бақылау нысаны болатындығы туралы өте маңызды түзету қабылданды.
Депутаттар бастама жасаған «Ақпаратқа қол жеткізу туралы» келесі бір заң жобасының мақсаты әркімнің ақпаратты еркін алу және заңмен тыйым салынбаған кез келген тәсілмен оны тарату жөніндегі конституциялық құқығын іске асыруды қамтамасыз ету болып табылады. «Жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қарау тәртібі туралы» қолданыстағы Заңмен салыстырғанда сұрау салу бойынша ақпарат беретін субъектілердің тізбесі кеңейтілді.
Жұмыс тобының 10 отырысы барысында Мәжілісте 150 түзету енгізілсе, оның 79-ы қабылданды. Депутаттар бірлескен отырыстарын қоса алғанда, Қазақстан Республикасы Парламенті палаталарының, жергілікті өкілді органдардың ашық отырыстарын, сондай-ақ, мемлекеттік органдардың жыл қорытындысы бойынша өткізілетін алқа жиналыстарын интернет-ресурстарда онлайн трансляциялау арқылы қамтамасыз ету туралы нормаға қолдау білдіріп, барлық мүдделі тұлғаларға тұжырымдамалардың және нормативтік-құқықтық актілер мәтіндерінің жобаларымен, барлық деңгейдегі бюджет жобаларымен және оларды атқару туралы есептермен танысуға әрі оларды талқылауға қатысуға мүмкіндік беретін нормалар енгізуді талап етті.
«Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне құрылыстағы баға белгілеу, сәулет-құрылыс бақылауын, сондай-ақ, объектілерді пайдалануға қабылдауды жүзеге асыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын да Мәжіліс депутаттары әзірледі, оның мақсаты сәулет-құрылыс қызметі, құрылыстағы баға белгілеу саласындағы бақылаудың және қадағалаудың қолданыстағы жүйесін, мемлекеттік нормативтерді, сондай-ақ, рұқсат беру жүйесін жетілдіру болып табылады. Аталған заң жобасын қарау барысында депутаттар 279 түзету ұсынды, олар жұмыс тобының бес отырысында талқыланды. 117 түзету Үкіметке қарауға жіберілсе, оның ішінде 102-сін Үкімет тұжырымдамалық түрде мақұлдады.
Заң жобасы елдегі құрылыс саласында болып жатқан дүмпу кезінде қабылданды, оның нормалары құрылыс салу мен жобалау сапасын арттыруға мүмкіндік береді, бұл - азаматтарды ыңғайлы тұрғын үймен қамтамасыз ету ғана емес, құрылыстарды оның эстетикалық безендірілуімен үйлестіре отырып жобалау сенімділігін арттыру.
Сындарлылық сипаты - өнімділік
Заңдармен осылайша қарқынды әрі нәтижелі жұмыс істеуге Парламент депутаттары мен Үкіметтің, сондай-ақ, басқа да мемлекеттік органдардың, сарапшылар мен азаматтық қоғам өкілдерінің иық теңестіріп жұмыс істеуінің арқасында қол жеткізілді.
Заңнамалық үдерісте Парламент пен Үкіметтің өзара ынтымақтасып әрекет етуі әрдайым сындарлы түрде өтетін болса, ал осындай қауырт жұмыс күндері ол ерекше өнімді әрі нәтижелі бола түскенін атап өткен жөн.
Үкіметтің бүкіл құрамына ерекше алғыс білдіргім келеді. «100 нақты қадам» бойынша заң жобаларымен жұмыс істеу басталған кезде Премьер-Министр Кәрім Мәсімовпен Заң шығару жұмысы жоспарын қатаң басшылыққа алу, заң жобалары бойынша Үкімет қорытындыларын уақтылы беру жөнінде және т.б. уағдаластықтар болған еді. Ол заң шығару қызметіне тікелей қатысты, әрбір заң жобасына жіті мән берді.
Қыркүйек айының басында-ақ Үкімет жұмысының ұйымшылдығы байқалды. Министрлер, жұмыс топтары мен комитеттердің жұмысына тікелей қатысқан мемлекеттік органдардың өкілдері жедел әрі тыңғылықты жұмыс атқарды.
Осы жылдың тамыз айының соңында Үкіметтің Парламентке енгізген заң жобалары мейлінше сапалы, пысықталған әрі ілеспе құжаттарының толық болуымен ерекшеленді. Бұл Президент жанындағы Жаңғырту жөніндегі ұлттық комиссия қызметінің нәтижесі екені сөзсіз. Аталған комиссия Парламенттің қыркүйектегі сессиясына дейін министрліктермен және ведомстволармен бірлесіп, заңнамалық өзгерістер жобаларының көп бөлігін әзірледі. Бұл Үкімет пен басқа да мемлекеттік органдардың заң жобалау жұмыстары көлемінің ауқымды екенін дәлелдеп отыр.
Мемлекет басшысының институттық реформаларын тиімді іске асыру үшін атқарушы биліктің төмен тұрған барлық деңгейі осындай қарқынмен жұмыс істейді деп сенгім келеді.
Бұдан басқа, заң жобаларын отандық мамандар әзірледі, олармен жұмыс істеуге шетелдік сарапшылар тартылды. Мәселен, «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне арнайы экономикалық аймақтарды жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы Ұлттық кәсіпкерлер палатасы мен әлеуетті инвесторлардың ұсыныстары ескеріле отырып, әзірленді. Заң жобасын әзірлеуге әлемге танымал сингапурлық «Джуронг» компаниясы, сондай-ақ, Дүниежүзілік банк пен Еркін және арнайы аймақтардың дүниежүзілік федерациясынан халықаралық сарапшылар тартылды.
Заңның тұжырымдамасымен немесе оның құқықтық мазмұнын өзгертумен байланысты өзгерістер мен толықтырулар енгізу жөніндегі, сондай-ақ, мемлекеттік кірістерді қысқартуды немесе мемлекеттік шығыстарды ұлғайтуды көздейтін депутаттардың ұсыныстары бойынша Үкімет қорытындылары өте қысқа мерзімде берілді. Кейбір ерекше күрделі заң жобаларына Үкімет 5-6 рет қорытынды берді. Бұл мемлекеттік билік тармақтарының жемісті ынтымақтастық жасағанына мысал бола алады.
Премьер-Министр, Үкімет мүшелері, Премьер-Министр Кеңсесінің басшылығы мен аппараты бүкіл заңнамалық үдерістің барысымен таныс болды, ал туындайтын барлық мәселелерді жедел әрі кәсіби тұрғыдан шешіп отырды.
Бұл - республикалық немесе жергілікті бюджеттердің шығыстарын ұлғайтуды немесе кірістерін қысқартуды көздейтін нормативтік-құқықтық актілердің жобалары бойынша қиын шешімдер қабылданған Республикалық бюджет комиссиясының (РБК) отырыстарын; Қазақстан Республикасының Үкіметі мен уәкілетті мемлекеттік органдарының заң жобалау қызметі бойынша ұсыныстар әзірлейтін Ведомствоаралық комиссияның (ВАК) отырыстарын келісу, өткізу сияқты күрделі мәселелер, заңнамалық қызметті жүзеге асыруға аса қажет басқа да ұйымдастырушылық және ресімдік мәселелер.
Вице-министрлер, Үкімет атынан келген жұмыс тобының мүшелері жұмысқа өз министрліктеріне емес, Мәжіліске келіп жүрміз деп әзілдейтін.
Еліміз үшін қажетті заң жобалары бойынша биліктің барлық тармағы бірлесіп жұмыс атқарған аса жауапты күндер мемлекеттік биліктің бірлігі жөніндегі конституциялық норма қолданысының жарқын көрінісі болғанына сенімдімін. Бірлесіп атқарған жұмыстың нәтижесін сезіну, өркендеп келе жатқан Қазақстанның жаңа, үшінші кезеңін құруды заңнамалық жағынан қамтамасыз ету сияқты тарихи сәтке куә болу барлығымыздың мерейімізді арттырды.
Осылайша, депутаттық корпус пен Үкіметтің және басқа мемлекеттік органдардың, Мәжіліс аппараты қызметкерлерінің, сарапшылар мен жұртшылықтың күш-жігерін жұмылдыру нақты нәтиже берді: биылғы жылғы 7 қазанда Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында елдің мемлекеттік-құқықтық дамуының үшінші кезеңінің құқықтық базасын қалыптастырудың бірінші кезеңін аяқтайтын заң жобалары мақұлданып, Сенатқа жіберілді.
Президенттің барлық бес реформасын іске асыруды бастайтын заң жобалары 2016 жылғы 1 қаңтардан қолданылу үшін биылғы жылғы қарашада Мемлекет басшысының қол қоюына ұсынылуға тиіс.
Біз заң қабылдау маңызды іс екенін түсінеміз, алайда, заңдардың қабылдануымен практикалық жұмыс енді ғана басталады. Оларды орындау жөніндегі ауқымды әрі маңызды іске жол ашылады. Біз қабылдаған заңдардың нормаларын дәл, мүлтіксіз іске асыруды Үкімет, жергілікті атқарушы органдар қамтамасыз етуге тиіс, сонымен қатар, оларды тиісті заңға тәуелді актілерді әзірлеу мен дайындау және оларды нақты іске асыру жөніндегі жұмыс күтіп тұр.
«100 нақты қадам» Ұлт жоспарын заңнамалық қамтамасыз етуге бағытталған барлық заңдар практикада тиімді іске асырылып, мемлекеттік басқару аппаратын жаңғыртудың, азаматтық және құқықтық институттардың жұмысын жетілдірудің, экономиканы одан әрі индустрияландырудың құқықтық негізіне айналуы тиіс.
Тарихта қалар тағылымды сәт
Мемлекет басшысы «Баршаға бірдей осы заманғы мемлекет: бес институттық реформа» атты Стратегиясында «күшті мемлекет, дамыған қоғам қалыптасуы үшін елдің алға қарай 40-50 жыл бойы тұрақты қозғалысы қажет», деп атап өтті.
Еліміз өзі таңдап алған стратегиялық жолмен нық қадам басып келеді. Біз бұдан кейін де Қазақстанның өркендеуіне алып келетін Президенттік реформаларды табысты іске асыру үшін барлық күш-жігерімізді жұмсайтын боламыз. Ал тамыры ғасырларға созылған өткенімізден бастау алатын біздің дәуіріміз егемен Қазақстан мемлекеттілігін құру мен нығайту жолындағы әрі болашаққа - Мәңгілік Ел болуға қол созған ұлы уақыт ретінде тарихта қалады.