23.05.2019, 15:57

Саакашвили Владимир Зеленскийден өзіне Украина азаматтығын қайтарып беруді сұрады

Фото: Азаттық
Ол Зеленскийден елге кіріп, сотта өз құқығын қорғауға рұқсат беруді сұрайды. Саакашвили хатта өзіне «ешбір лауазым қажет емесін» жазған.

Грузияның бұрынғы президенті, Одесса облысының экс-басшысы Михаил Саакашвили Украина президенті Владимир Зеленскийден өзіне Украина азаматтығын қайтарып беруді сұрады. Бұл туралы Саакашвилидің хатын Зеленский әкімшілігіне тапсырған адвокат хабарлады.

Хатта саясаткер Украина Конституциясы мен «адамды азаматтықсыз қалдыруға болмайды» деген халықаралық ережеге қайшы келсе де, Киевтің өзін азаматтықтан айырғанын айтады. Ол Зеленскийден елге кіріп, сотта өз құқығын қорғауға рұқсат беруді сұрайды. Саакашвили хатта өзіне «ешбір лауазым қажет емесін» жазған.

2004-2013 жылдары Грузияны басқарған реформатор Саакашвили 2015 жылы Украина азаматтығын қабылдап, Грузия азаматтығынан айырылған. Сол кезде оны Украинаның экс-президенті Петр Порошенко Одесса облысының губернаторы етіп тағайындаған. Саакшавили бұл қызметті аз уақыт атқарды да, 2016 жылғы қарашада үкіметті жемқорлықпен күресіне кедергі жасады деп айыптап, отставкаға кеткен. Содан кейін президентті қатты сынай бастаған.

Дереккөз: Азаттық