Ақтауда қала ішінде жайылып жүрген жылқылар қамауға алынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат қала әкімдігінің Facebook-тегі парақшасына сілтеме жасап.
«Ақтауда қала аумағында жайылып, жасыл желектерге түскен жылқылар қамалды. Ақшұқыр тұрғыны Исағали Бүркітбаевтың 21 жылқысы 17-20 шағын ауданның аралығындағы аумағында жайылып жүрген. Малды «Қала жолдары» ЖШС-ның қызметкерлері мекеменің мал қамайтын қорасына апарып қамады», делінген хабарламада.
Жергілікті полиция қызметінің инспекторы мал иесіне Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 505-бабы бойынша xаттама толтырып, шара қолданған. Аталмыш бапта «қалалар мен елді мекендерде жасыл екпелерді жою және бүлдіру үшін жеке тұлғаға ескерту жасалады немесе 20 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынады» деп көрсетілген.