Түркістан облысы Сайрам ауданының полицейлері қарақшылық қылмысының бетін ашты. Тәртіп сақшылары кәсіпкердің үйіне шабуыл жасаған күдіктілерді ұстаған деп хабарлайды облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Аудандық полиция бөліміне жәбірленген кәсіпкердің өзі шағымданыпты. Оның айтуынша, қарақшылар басып кіргенде үйде ерлі-зайыптылар мен олардың кәмелетке толмаған үш баласы болған. Үй иесі қарулы ер адамдарды көре сала дереу айқайға салып, олардың өзіне қарай ұмтылған екен. Шудан қорыққан қарақшылар үйді тастай қашып, іздерін суытқан. Олар өздерімен ешқандай құнды зат алып кетіп үлгермепті.
Аталған жайтты полиция басқармасының тергеушісі ҚР Қылмыстық кодексінің 192-бабы «Қарақшылық» бойынша СДТБТ-ге тіркеуге алды. Түркістан облысының Полиция департаментінде жасалған қылмыстың ауырлығын ескере отырып, облыстың криминалдық полиция басқармасының қызметкерлерінен және Сайрам АПБ-нің тәжірибелі тәртіп сақшыларының арасынан арнайы топ құрды. Қылмысты ашумен қатар қылмыскерлерді ұстау үшін үш күн жұмсалады.
Осы күн ішінде полицейлер көршілерден сұрақ жауап алып, маңайдың барлығын тегіс шолып шығып, қылмыскерлердің жолдарының барлығын зерделеді.
Атқарған жұмыс нәтижесінде жедел тергеу тобы қысқа мерзімнің ішінде ауыр қылмысты ашты. Бес күдіктіні полицейлер тұрғылықты мекен-жай мен Шымкент қаласындағы жалдамалы пәтерлердің бірінен ұстаған. Олардың екеуі Шымкент қаласының, ал қалғандары Түркістан облысының тұрғындары екендігі анықталды. Күдіктілердің төртеуі бұрын ұрлық пен тонау бойынша сотты болғандар. Ұсталған азаматтардан екі газ пистолеті мен «Сайга 410» аңшы мылтығы, шолақ аңшы мылтығы тәркіленді.
Сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Күдіктілер қамауға алынды. Тергеу барысында полицейлер оқиғаның толық мән-жайын анықтай түсетін болады.