26 мамыр күні Грузия Тәуелсіздік күнінде Тбилисидегі "Азаттық" алаңында әскерилер алдында сөйлеген ел президенті Саломе Зурабишвили "Ресей Грузияға қатысты зорлықшыл саясат жүргізіп отыр" деді.
Президент Зурабишвилидің сөзінше, Ресей Оңтүстік Осетияны өзінің әскери базасына айналдырып, Грузия азаматтарын оккупация сызығынан ұрлап әкетеді. "Мәскеу абхаз халқын, мәдениеті мен тілін орыстандырып жатыр" деді ол.
"Елімізді оккупация сызығы бөліп жатқанда Грузияның тәуелсіздігі бүтін болмайды. Ресейдің зорлықшыл саясатына Грузияның бейбітсүйгіш саясатымен қарсы тұруға уәде етемін" деді Зурабишвили.
Грузия президенті Саломе Зурабишвили былтыр 16 желтоқсанда қызметіне кіріскен. Ұлықтау рәсімінде сөйлеген сөзінде ол "Мәскеу көрші елдермен байланысын қалпына келтіргісі келсе, халықаралық құқықты құрметтеуі тиіс" деген. Ол Ресейдің сепаратистер шоғырланған екі аймақ - Оңтүстік Осетия және Абхазияға қатысты "ақылға қонымсыз саясат" жүргізіп отырғанын айтқан.
Абхазия мен Оңтүстік Осетия 2008 жылы Ресей мен Грузия арасында болған әскери жанжалда Грузиядан бөлініп шыққан. Ресей Грузияның жікшіл аймақтарындағы әрекетін "бітімгершілік операциясы" деп атаған. Ресей қолдауына ие болған сепаратистер 2008 жылғы қақтығыстан соң осы екі аймақты бақылауына алған. Мәскеу екі аймақты тәуелсіз мемлекет деп мойындап, төрт мың әскерін орналастырған. Ресейден басқа оларды тәуелсіз ел деп бес мемлекет мойындаған.
Дереккөз: azattyq.org