Жиынды «Оңтүстік» телеарнасының директоры Уәли Қыдыр жүргізіп отырды. Басқосуда «Шымкент қаласы Азаматтық альянсы» қауымдастығының президенті Жұмағали Білісбеков 9 маусымда өтетін Президент сайлауы бірінші кезекте еліміздің болашағы үшін маңызды екенін атап өтті.
– Шымкент қаласы бойынша «Аманат» азаматтық платформасының эксперттік талқылауы еліміздегі елеулі саяси оқиға – Қазақстан Республикасы Президентін кезектен тыс сайлау науқаны қарсаңында өтуде. Аты айтып тұрғандай, аманатқа қиянат жасамауға тиіспіз. Елдің жарқын жолда дамуы үшін, сайлау науқаныныда сергектік танытуымыз қажет. Шымкентте қазіргі таңда 45 ҮЕҰ жұмыс істейді. Қоғамдық ұйым өкілдері сайлаудың әділ өтуіне атсалысып, бақылау жасауға ниет білдіруде. Бұл науқан еліміздегі демократиялық құндылықтарға сай, дамудың алғышарты бола отырып қазіргі қалыптасқан әлеуметтік-экономикалық, қоғамдық-саяси әлеуетін ортақ арнаға тоғыстырады, - деді Ж. Білісбеков.
Сондай-ақ Нұрғазы Бұқарбаев Шымкентте жұмысын бастаған «Аманат» азаматтық алаңының маңыздылығына назар аударды.
– Алдымызда Президент сайлауы тұр. Санаулы күндерден кейін үгіт-насихат жұмыстары басталады. Білесіздер, таяуда Шымкентте «Аманат» азаматтық алаңы құрылды. Бұл әділ, ашық сайлауға мүдделі Қазақстан азаматтарының тәуелсіз ерікті бірлестігі. Оған қоғамдық ұйымдардың өкілдері, БАҚ өкілдері, жастар, сарапшылар, азаматтық қоғам белсенділері кірді. Бұл - еркін пікір алаңы. Осы жерде сайлауға қатысты мониторинг жүргізіліп, тұшымды ақпарат берілетін болады. Аталған тұғырнаманың белсенді жұмыс істеуіне Шымкенттегі қоғамдық ұйымдар да белсенділік танытып отыр, – деді Н. Бұхарбаев.
Сарапшылар атап өткендей, демократиялық сайлау және дауыс беру құқығы – демократияның қажетті элементтері, қазақстандық мемлекеттіліктің басты қағидасы. Жиынға қатысушылар әрбір қазақстандық елдегі жоспарланған саяси оқиғалардың мәнін және оның Отанымыздың одан әрі өркендеуі үшін маңызын түсінуі керек екеніне тоқталды. Жиынды қорытындылай келе Уəли Қыдыр көпшілікті сайлау науқанына белсене қатысуға шақырды.
«SN.kz» - ақпарат»