21.05.2019, 16:58

Шымкентте Президент сайлауы бойынша семинар өтті

Сайлауды ұйымдастырушыларға арналған оқыту семинарын ҚР Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Ләззат Сүлеймен өткізді. Оған аумақтық және учаскелік сайлау комиссияларының мүшелері, электораттық оқытудың сертификатталған тренерлері, ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы филиалының өкілдері мен жергілікті атқарушы органдардың өкілдері қатысты.

Л.Сүлеймен сайлау заңнамасындағы өзгерістермен, сайлау науқанының негізгі кезеңдерімен, кандидаттардың сайлау алдындағы үгітті жүзеге асыру шарттарымен, сайлау комиссияларының сайлауды әзірлеу мен өткізу жөніндегі өкілеттіктерімен, аумақтық сайлау комиссияларның және жергілікті атқарушы органдардың мүмкіндіктері шектеулі азаматтардың құқықтарын қамтамасыз ету жөніндегі міндеттермен таныстырды.

Ал Шымкент қаласы әкімі аппаратының басшысы Еркеғали Әлімқұлов сайлаушылардың тізімдерін жасау, сайлау учаскелерін материалдық-техникалық жарақтандыру бойынша, оның ішінде мүмкіндіктері шектеулі азаматтар үшін жағдайларды қамтамасыз ету бойынша қабылданған іс-шаралар туралы баяндады.

– Қалада 260 сайлау учаскесі жұмыс істейді. Оның ішінде 25 учаске жаңадан құрылып отыр. Бекітілген күнтізбеге сәйкес, дайындық жұмыстары жүргізілуде. Шымкентте 568 794 сайлаушы бар. Қала әкімдігі тарапынан сайлауды ұйымдастырудағы цифрлық технологияларды қолдану, мүмкіндігі шектеулі азаматтардың сайлауға белсене қатысуына барлық жағдай қарастырылуда, - деді аппарат басшысы.

Қалалық сайлау комиссиясының төрағасы Ерлан Дауылбаев сайлау науқанын өткізу жағдайы, сайлау учаскелерінің дауыс беру күніне дайындығы туралы тоқталды.

«SN.kz»-ақпарат.