Президенттің алдында «қарамағымдағылар тыңдамайды» деп шағымданған «Самұрық-Қазына» қорының басшысы өз дегеніне жетіпті. Мәжіліске келген Өмірзақ Шөкеев бұдан былай бағынышты ұлттық компанияларға тікелей бұйрық бере алатын болдым деп мәлімдеді, деп хабарлайды 31 арна.
Сондай-ақ, үкімет өкілдері алдағы жылы бензин бағасы мен теңгенің бағамы қандай болатыны туралы болжамдарын айтты.
Елдегі аты дардай ұлттық компаниялардың басын қосқан «Самұрық-Қазына» қорында басқару жүйесі өзгереді, еншілес компаниялардың саны қысқарады деген ақпарат шыққалы мұның арты немен тынар екен деп елдің елеңдегені рас. Сарапшылар күшті көкесі бар топ-менеджерлер бұған оңайлықпен көне қоймас деп пікір айтқан болатын.
Осыны растағандай, Өмірзақ Шөкеев президенттің алдында бағыныштыларыма сөзім өтпейді, құзыретімді кеңейтіңіз деп өтінген еді. Қызу талқыға түскен бұл жайтқа қор басшысы бүгін мәлімдеме жасады.
«Самұрық-Қазына» бар, одан кейін еншілес компаниялар бар, ол еншілес компаниялардың тағы еншілес компаниялары бар. Сол сияқты 9 сатыда. Бәрі тыңдамайды деп айтуға болмайды. Тыңдайды бәрі. Уақыт көп кетеді. Сатылардан өткенше. Бұйрықтарым сатылардан өткенше. Тікелей команда беруге рұқсат алдым», – дейді «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ басқарма төрағасы Өмірзақ Шөкеев