17.06.2019, 17:37

Шымкент қаласы мәслихатының депутаттары Ғабидолла Әбдірахымовтың қала әкімі лауазымына тағайындалуын мақұлдады

Алтыншы шақырылған Шымкент қаласы мәслихатының кезектен тыс елуінші сессиясы өтті. Мәжілісте халық қалаулылары Қазақстан Республикасы Президентінің ұсынысын қарады.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жолдаған хатына сәйкес, Шымкент қаласы әкімінің лауазымына Ғабидолла Рахматоллаұлы Әбдірахымовтың кандидатурасына келісім беру ұсынылған. Сөз сөйлеген қала мәслихатының депутаттары қазіргі дағдарыс кезінде аймақты тәжірибелі әрі өңірдің тыныс-тіршілігін жетік білетін адам басқаруы тиіс, сондықтан ұсынылып отырған үміткер осы лауазымға лайық деп шешті. Дауыс беру кезінде халық қалаулылары бір ауыздан Ғабидолла Рахматоллаұлы үшін қол көтеріп, қала әкімі лауазымына тағайындалуын мақұлдады.

Еске сала кетейік, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасы Конституциясының 87-бабының 5-тармағына сәйкес жаңадан сайланған Қазақстан Республикасының Президенті қызметіне кіріскен кезде Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалалары және облыстардың әкімдерінің өкілеттігінің тоқтатылуына байланысты қаулы еткен болатын.

«SN.kz» - ақпарат»