Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бастап-ақ Корея Республикасы мен қазақ елінің өзара экономикалық, этно-саяси байланысы тығыз. Қазіргі күні қос мемлекетті өзара ұқсас салт-дәстүрі мен мәдениеті, экономикасы мен даму бағыты біріктіріп тұр. SN.kz тілшісі Оңтүстік Кореяның Қазақстандағы елшісі Ким Дэ Сикпен сұхбаттасып, қос мемлекеттің бірігіп жасап жатқан жұмыстары жайында кеңінен әңгіме өрбітті.
Ким Де Сик көрші мемлекеттердің байланысын нығайта түсер жаңа бағдарламаның дайындалғанын айтады.
Ол өз сөзінде: «Екі жақты серіктестікті одан әрі нығайту мақсатында Оңтүстік Корея Республикасының президенті Мун Чжэ Ин «Жаңа леп» бағдарламасын жасақтап, ұсынды», – дейді.
Оңтүстік Корея елшісі тұрақтылық пен ынтымақтастық бағытындағы жемісті жұмыстардың жалғасы ретінде алдағы уақытта да атқарылар маңызды мәселерге тоқталып өтті.
«Алдағы уақытта қос мемлекет арасында жаңа технология, инфрақұрылым, өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы саласында нәтижелі жұмыстар атқарылады деп білемін», – дейді Ким Де Сик.
Екі жақты достық пен берік қарым-қатынасты қалыптастыруда мемлекет басшысының парасат-пайымын елші бұрыннан аңғарғанын айтады.
«Қасым-Жомарт Тоқаевпен тікелей жұмыс жасамағаныммен, мен оның халықаралық байланыс жасауда беделді тұлға екендігін аңғардым», – дейді ол.
Елші мемлекет басшысының дипломаттық қабілетін жоғары бағалап, ел игілігі үшін әлі де маңызды шешім қабылдайтынына сеніммен қарайды.
Ким Дэ Сик «Қазақстанға іссапарымен келген БҰҰ-ның бұрынғы бас хатшысы Пан Ги Мунның өзі оның саяси сауатты азамат екендігін ерекше атап өткен болатын», – дейді ол.