Бүгін Қырғыз Республикасына ресми сапары шеңберінде еліміздің Сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысов Президент Алмазбек Атамбаевтың қабылдауында болды, деп хабарлайды Skifnews.kz.
ҚР Сыртқы істер министрлігі баспасөз қызметінің ақпаратына жүгінсек, Е.Ыдырысов ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың көршілес елдің басшысы мен бауырлас қырғыз халқына жолдаған зор тілектерін жеткізді.
«Сұхбаттастар арасындағы тартымды әңгіме барысында өзекті халықаралық және екіжақты мәселелер қарастырылды. Өңірлік тұрақтылық пен қауіпсіздікті бірігіп қамтамасыз ету, Қырғызстанның Кеден Одағы мен Еуразиялық экономикалық одаққа кіруі, қазақ-қырғыз сауда-экономикалық ынтымақтастықты белсендіру мәселелеріне ерекше назар аударылды», делінген хабарламада.
Қырғызстан Президенті өз елінің әрі қарай даму болашағына бөлек тоқталып өтіп, қазақстандықтардың өмір сүру деңгейі мен әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштердің тұрақты түрде артып отыруын қамтамасыз еткен Президент Н.Назарбаевтың көрегенді басшылығына жоғары баға берді. А.Атамбаев ағымдағы жылдың қараша айында өзінің Астанаға сапары мен қазақстандық әріптесімен өтетін келіссөздер жемісті болады деп сенетінін атап өтті.
Өз кезегінде ҚР сыртқы саяси істері басшысы А.Атамбаевты «Қазақстан-2050» Стратегиясына сәйкес еліміздің саяси және әлеуметтік-экономикалық дамуының басымдықтарымен таныстырып өтті. Қазақстан өңірдегі барлық мемлекеттерінің тұрақты дамуына мүдделі және алдағы уақытта да осы мақсатқа қол жеткізуге бар күш-жігерін салатыны айтылды.