$ 448.15  483.46  4.86

Ізденген ел жол табады

Жаһандық қаржы дағдарысы, елдер арасында орын алып жатқан экономикалық келіспеушіліктер, санкциялар, бағаның тұрақсыздығы және басқа да осы салаға қатысты мәселелер бүгінгі таңда адамзатты толғандырып отыр. Проблемаларды шешудің, қиындықтан шығудың жолдары іздестірілуде. Әлемдік қоғамдастықта сөзі өтімді алпауыт мемлекеттер өз жобаларын ұсынуда. Солардың қатарында Қазақстанның да өзіндік ұсынысы бар.

Адамзат дамуының тарихына көз жүгіртсек, экономикалық тиімділік тұрғысынан елдердің басын біріктіру қай заманда да болған. Әр ел өз ішінде «Бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығаруды» көздейтін болса, көрші елдермен сауда-саттық саласын, алыс-беріс дәстүрін жалғастыруды қалаған. Қазақ елі де ежелден Ұлы Жібек жолы бойында осындай ұстанымды ұстанғаны анық.

Еске түсірер болсақ, біздің дәуірімізге дейінгі 570-520 жыл бұрын Мидия патшасы Кир «Азия билеушісі» деген атқа ие болып, Ұлы Даланы да басып алуға аттанған болатын. Соғыс қазіргі Сырдария өзенінің бойында Түркістан мен Отырардың арасында болыпты. Геродоттың айтуынша, бұл қақтығыс ең қырғын және ұлы соғыс болған. Ұлы Даланың Сақ патшайымы Тұмар ханымның массагеттер, тиграхаудтар және хаомавар халқын біріктіріп, қарсы тұрғанының арқасында жеңіске жеткен. Жер жүзі тарихындағы халық есінде қалған жарқын бейне – Сақ патшайымы Тұмар ха­нымның халықты біріктіріп, жауға қарсы жұмылдыра білуі де, бүгінгі тілмен айтсақ, бұл да интеграция.

Ал екі мың жыл бұрын Азияда Ұлы Жібек жолы халықаралық дең­гейге шыға бастады. Батыс елдері мен Шығыстың бір-біріне деген қызығушылығы мен өзара экономикалық сауда-саттық деңгейі арта бастады. Қытайдың жібек маталары, кептірілген өнімдері Батыс елдерінің халқын қатты қызықтырды. Сол кездерде Батыс елдерінде христиан діні таралып, олар бір орталыққа бағына бастады, ол ұлы Ватикан болатын. Міне, бұл да интеграция.

Демек, адам баласы интеграция­ны екі бағытта пайдалана бастады. Біріншіден, оның ықпалын ұлғайту, билеу, екіншіден, сауда-саттық қатынасты дамытып, ел экономикасын көтеру, іздену, даму әлемдегі тауарлардың барлық жаңа үлгісін еліне жеткізіп, қолжетімді ету мемлекеттің көтерілуіне тікелей ықпал жасау, халықты тауар өндірісіне ынталандыру.

Сол тарихи жолдың сүрлеуі бүгінгі заманға да жетті.

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев 1994 жылы Мәсеуде, Ломоносов атындағы университетте сөйлеген сөзінде Еуразиялық экономикалық одақ (ЕАЭО) құру туралы ұсынысын жария еткен бола­тын. Осы бастама бүгінде жүзеге асты.

Экономикалық интеграциялық бірлестікті – Еуразиялық эконо­ми­калық одақты құру, тұтастай алған­да, осы бірлестіктің, сондай-ақ, оның барлық қатысушыларының экономикалық мүддесін қамта­масыз ету болып табылады.

2014 жылы 29 мамырда Астана қаласында Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің отырысында Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа қол қойылды. Бұл ұйым 2015 жылғы 1 қаңтардан бастап өз жұмысын бастағаны белгілі.

Аталған Шарт аясында тауар­лардың, көрсетілетін қызметтердің, капитал мен жұмыс күшінің еркін қозғалысы және экономика саласында үйлестірілген, келісілген немесе осы Шартта және Одақ шеңберіндегі халықаралық шарттарда айқындалған бірыңғай саясаты қамтамасыз етіледі.

Еуразиялық экономикалық одақ халықаралық құқық қағи­дат­тарына негізделеді. Оның ішінде мүше мемлекеттердің егемен­дік тепе-теңдік, бірлестік қатысу­шыларының саяси құрылымдық ерекшеліктерін құрметтеу, өза­ра тиімді ынты­мақтастықты қамта­масыз ету, нарық экономикасының заң­дылықтарын сақтау қағидат­тары маңызға ие.

Бүгінгі таңда белгілі сарап­шылар ЕАЭО-ның әлемдік экономикалық архитектураның маңызды бөлшегіне айналатынын айтып отыр. Шартқа сәйкес ЕАЭО өз құзыреті шегінде халықаралық қызметті жүзеге асыра алады. Ол мемлекеттермен, халықаралық ұйымдармен және халықаралық интеграциялық бірлестіктермен ынтымақтастықта жұмыс істеу құқығына ие.

Айталық, қазан айында Ас­танада «Еуразиялық эконо­микалық перспектива» атты халықаралық форум болып өтті. Бұл басқосуды Қазақстан Республикасы Пар­ла­ментінің Мәжілісі мен Ресей Феде­рациясы Федералды Жиналы­сының Мемлекеттік Дума­сы бірлесіп ұйымдастырған бола­тын. Осы халықаралық форум­ға Армения, Беларусь, Қазақстан, Қытай, Қырғызстан, Ресей Фе­де­ра­циясы, Тәжікстан парламент­шілері, сондай-ақ, шекаралас ай­­мақ­­тардың басшылары, мем­ле­кеттік органдардың өкіл­дері, беделді халықаралық ұйым­­дар­дың және Еуразиялық экономи­калық комиссияның өкілдері, ға­лымдар мен сарапшылар, БАҚ және елімізде аккредиттелген дипломатиялық корпустың өкіл­дері қатысуының өзі оның маңыз­дылығын көрсетіп отыр.

Халықаралық форум аясында Еуразиялық экономикалық одақ пен Жібек жолы экономикалық бел­деуін құру ісін ұштастыру, осындай өзара әрекеттестіктің әлеует­ті болатынына байланысты ортақ ай­қындаманы қалыптастыру жөнін­дегі мәселелер және Еура­зия құрлығында жан-жақты ынты­мақ­тастықтың бағыттары талқыланды.

Осы басқосуда өз ойын ортаға салған Парламент Мәжілісінің Төрағасы Қабиболла Жақыпов әлем­дік экономиканың тұрақ­сыз­дығы мен қаржы дағдарыстарының теріс әсері жағдайында Еуразиялық экономикалық одақ өз жұмысын бастағанына тоғыз ай өтсе де, ол өзінің өміршеңдігін және болашағы бар екенін дәлелдей алғанын айтып өтті. Осы Одаққа биыл Армения мен Қырғыз Республикасы қосылды.

ЕАЭО-ны қалыптастыру үшін көп жұмыс атқарылды, бірқатар маңызды құжаттар қабылданды. Мәжіліс Төрағасы жалпы экологиялық нормаларды және Еуразиялық экономикалық одақ кеңістігіндегі басқа да мәселелерді техникалық реттеуді стандарттау мен қабылдауды қоса алғанда, тарифтік емес кедергілерді алып тастау бойынша жұмыстардың жалғасып жатқанын алға тартты.

Сонымен қатар, бүгінгі таңда басқа да интеграциялық даму жолдары айқындала бастады. Нақтырақ айтсақ, ЕАЭО-ның қам­тып жатқан аумағын алып қарасақ, 20,2 млн. шаршы км-ні құрайды, халық саны 182,1 млн. болып отыр. Ендігі алға қойған мақсат Ұлы Жібек жолы экономикалық белдеуін құру болып табылады. Бұл дегеніміз жер аумағы 54 млн. шаршы км-ні құрайтын болады, бұл Жер құрлығының үштен бір бөлігі. Адам саны, яғни тұтынушылар 4,5 млрд. көлемінде болмақ, ол әлем халқының төрттен үш бөлігі екені даусыз.

Осы айтылған Жібек жолы бел­деуіне кіретін елдердің саны 60-қа жетеді.

Жібек жолы белдеуінің үш бағыттан тұратын халықаралық дәліздер болмақ. Атап айтқанда, бірінші – Қытай – Моңғолия – Қазақ­стан – Ресей және одан әрі қарай Еуроодақ елдері; екінші – Қытай – Бангладеш – Үндістан – Мьян­ма; үшінші – Қытай – Пәкіс­тан және одан әрі ұлы теңіздер мен мұхиттарға шығатын күре жолға жалғасады.

Демек, Қытайдан Қазақстанға кірген көліктердің керуендері екі бағытпен жүретін болады. Яғни, біріншісі – Үрімжі – Қорғас – Жетіген – Шымкент – Қызылорда – Қан­дыағаш – Орынбор – Мәскеу – Минск және әрі қарай Еуроодақ елдері; екіншісі – Үрімжі – Шань­коу – Достық – Астана – Көкшетау – Петропавл – Түмен – Қазан – Мәс­кеу және одан әрі қарай Еуроодақ елдері.

Осы жайттарды ескеретін болсақ, мол мүмкіндіктердің ашылаты­нын байқаймыз.

Қазақстан Президенті Н.Ә.Назар­баев үстіміздегі жылғы 28 қыркүйекте өткен БҰҰ Бас Ассамблеясының 70-сессиясында сөйлеген сөзінде жаһандық мәселелерді көтергені белгілі. Халықтар мен елдер арасында ғаламдық үнқатысу орнату және экономикалық мүдделер интеграцияға қол жеткізу идеясын алға тартты, халықаралық құқықтар негізінде болашақты дамытудың жаңа стратегиясы мен трендін ұсынды.

Мемлекет басшысы көптеген елдер үшін өзекті әрі ұтымды болатын және халықаралық ынты­мақтастықты жаңа деңгейге көтеретін интеграциялық жобаларды алға тартты.

«ХХІ ғасырда даму орталығы әлемнің ең үлкен континенті – ғаламшар тұрғындарының үштен екісі мекендейтін, ірі ресурстар шоғырланған Азияға қарай ойысады. Азияның дамып келе жатқан экономикаларының қуатты серпіні жаһандық үдерістердің жаңа сипатын танытып отыр. Осы үдерісті ескере отырып, мемлекеттердің өзара қарым-қатынасына жаңа серпін беру үшін бұл тарихи мүмкіндікті пайдаланудың маңызы зор», деді Н.Ә.Назарбаев Бас Ассамблеяның 70-сессиясында.

Бүгінгі таңда осы бағытта жұ­мыстар жасалуда. Алайда, бас­қа елдер де қол қусырып қарап отырған жоқ. Әр ел «көрпені» өзіне қарай тартқысы келеді. Мысалы, ғаламторда АҚШ президенті Барак Обаманың сөзі жарияланды. Ол Транс-Тынық мұхиты сауда әріптестігі туралы 12 жақты келісім жасалғанын айта келіп, әлемдік сауда қағидасын басқа ел емес, Америка жазатынын мәлімдеді. АҚШ-тың шығаратын өнімінің 95 пайызын шетелдегі әлеуетті тұтынушылар пайдаланады екен. Сондықтан әлемдік сауда қағидасын біз жазамыз деген сөзді тартынбай айтып отыр. Аталған әріптестік шеңберінде Азия-Тынық мұхиты өңірінде ашық сауда аймағы құрылмақшы, оның құрамында 12 ел болмақ. Оның құрамында АҚШ, Канада, Мексика, Перу, Чили, Малайзия, Бруней, Сингапур, Вьетнам, Жапония, Австралия және Жаңа Зеландия бар. Олар да өз белдеулерін жасап жатыр.

Тарихта талай рет орын алған Батыс пен Шығыстың және мемлекеттер бірігіп, интеграция жасап, өздерінің даму жолдарын ретке келтіріп отырғанын атап өткен жөн. Осы бағытта әлемде ізденістер жүріп жатыр.

«Ұлы Жібек жолы эконо­ми­калық белдеуінің» жобасы бірыңғай еуразиялық сауда-эконо­микалық кеңістікті және транс­құрлықтық көлік дәлізін қалып­тастыруға, өңіраралық келісім­шарттарды нығайтуға және эконо­миканың көлікке, саудаға, туризм­ге, инвестицияларға қатысты саласындағы және Ұлы Жібек жолының экономикалық белдеуі аймағында орналасқан елдердің ынтымақтастығының басқа да салаларындағы өзара іс-қимылды тереңдетуге бағытталған.

Жалпы, келешекте біздің еліміз Қытай, Еуропа, Таяу Шығыс және Оңтүстік Азияның нарықтарын бірік­тіретін маңызды көліктік-тран­­зиттік магистральдың байла­ныс­тырушысы болтыны сөзсіз. Елбасының «Нұрлы Жол – бо­ла­шаққа бастар жол» атты Жол­дауы­ның басты мақсаты да еліміз­дегі жол-көлік инфрақұры­лымын дамыту, Шығыс пен Батыс­ты жалғастыратын заманауи халық­аралық көлік дәліздерін салу екені анық.

Мемлекет басшысы жа­һан­дық қоғамдастыққа «Үлкен Еуразия» идеясын жеткізді, яғ­ни үш ірі сауда-экономикалық бірлес­тіктің: Еуразиялық эконо­ми­калық одақ, Ұлы Жібек жолы­ның экономика­лық белдеуі және Еуропалық одақ­тың ынты­мақтастығы үлкен мүмкіндіктерге жол ашудың негізі екені даусыз.

Еуразия елдері үшін Ұлы Жібек жолында экономиканы заманауи тұрғыда жаңғыртудың маңызы зор. Бұл көптеген елдерге мол табыс әкелетінін және Еуропаға Азиялық-Тынық мұхиты аймағынан келетін транзитті қысқарта түсетінін Елбасы өз сөзінде атап өткен болатын.

Алдымызда үлкен жұмыстар күтіп тұр. Ендігі мақсат – Жібек жолы бойында және оған таяу орналасқан елдерді біріктіру, бір идеяға ынталандыру.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары