ҚР Тұңғыш Президенті-Елбасы Қорының Атқарушы директоры Әсет Исекешев «Burabay Forum: Қазақстанның халықаралық ынтымақтастығы» ІІІ халықаралық жастар форумында жастарды қолдауға бағытталған жобалар туралы айтты.
«Биылғы жылды Қазақстанда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Жастар жылы» деп жариялады. Көптеген шаралар өткізіліп, жобалар жүзеге асырылып жатыр. Соның ішінде «Жас маман» және «Жас кәсіпкер» жобалары бар. Бұл – жүйелі бастамалар. Мысалы, «Жас маман» бойынша 200 оқу орнын: 20 ЖОО мен 180-ге жуық колледжді жүйелі жаңғыртуды көздейді. Яғни, әр өңірде еңбек нарығында тез өзгеріп отырған мамандықтар бойынша оқытып, дайындайтын жаңа бағдарламасы бар бір мықты ЖОО мен 20 колледж болуы керек», – деді Ә.Исекешев.
Оның айтуынша, Қор үшін жастарды қолдау және дамыту басты міндеттің бірі болып отыр.
Мәселен, соңғы 10 жылда мәдениет, ғылым, гуманитарлық салалардағы талантты қазақстандықтарды қолдау бағытында 258 лауреат таңдалды.
«Биыл Жастар жылының соңына дейін біз 98 шара өткіземіз. Олардың бәрі жастарға қатысты», - деп қосты ол.
Сөз соңында Әсет Исекешев шетелден келген жас ғалымдарға жастарды қолдау бағытында өздерінің тәжірибелерін бөлісуін сұрады.
Айта кетейік, биыл Burabay Forum шарасына 12 мемлекеттің жас ғалымдары қатысып жатыр. Оның ішінде Қазақстан, Армения, Беларусь, Венгрия, Қытай, Қырғызстан, Литва, Ресей, Тәжікстан, Түркия, Өзбекстан, Украина және Францияның жастары бар.