$ 494.87  520.65  4.91

 Бейбіт Атамқұлов Францияның бас консулын қабылдады

Оңтүстік Қазақстан облысында жұмыс сапарымен Франция Республикасының Алматыдағы Бас консулы Патрик Ренар болды.

Өңір басшысы Бейбіт Атамқұловпен кездесу барысында екіжақты ынтымақтастық мәселелері талқыланды. 

Атап айтқанда, инфрақұрылымдық жобаларға, ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу және өңірдегі туризм салаларына инвестициялар тарту жайында айтылды.

Француз дипломаты өзара ынтымақтастықты кеңейту үшін мемлекеттік-жеке серіктестіктің мүмкіншіліктерінің потенциалы жоғары екендігін айтып өтті.  

Өз кезегінде Бас консул ОҚО әкіміне жылы қабылдағаны үшін ризашылығын білдіріп, іскерлік әрі серіктестік ынтымақтастықты одан әрі дамытатындықтары жөнінде сенімділік білдірді.

Айта кетейік, Қазақстан-Франция қарым-қатынасының тарихы 1992 жылда басталды. 1992 жылдың 7 қаңтарында Француз Республикасы Қазақстан Республикасының мемлекеттік егемендігін мойындады. Ал 1992 жылдың 25 қаңтарында дипломатиялық қатынастар орнатылды. Қазақстан-Франция қарым-қатынасының негізгі принциптері 1992 жылы Президент Н.Назарбаевтың Францияға сапары барысында қол қойылған «Қазақстан мен Францияның достық, өзара түсіністік және ынтымақтастық жөніндегі Келісімі» мазмұнында көрініс тапты.

Қазақстан Республикасы мен Француз Республикасы саяси, экономикалық, мәдени салаларда белсенді ынтымақтастық орнатқан. 1993 жылдан бастап Қазақстан мен Франция арасындағы парламентаралық байланыстар белсенді дамуда. Оның дәлелі – «Франция – Орталық Азия» достық тобының құрылуы.

Бүгінгі таңда Француз Республикасы Орталық Азияның аймақтық локомотиві және халықаралық аренадағы перспективті серіктес ретінде Қазақстанға үлкен қызығушылық танытуда және жңа ұстанымдар қалыптастыруда. Қазір Қазақстан нарығында мұнай-газ, тау-кен өндірісі, энергетикалық, транспорттық салаларда және қызмет көрсету саласында 40-тан астам француз компаниялары жұмыс істейді. Қазақстан үшін Франция бесінші сауда серіктесі болып табылады.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары