15.08.2019, 12:20

«Абдрахимовтың басына туған күн премьер Маминнің басына да тууы мүмкін» – сарапшы

«Асқар Маминге ҚР үкіметінің кеңсесіне Жанат Думинді (автор мысқылы) алма деп кеңес берер едім. Онсыз да Премьер-министр орынтағына ішінара талас басталған уақытта мынадай «креативті» жігіттің келуі Маминге Ғабидулланың тағдырын қамтамасыз етіп берері хақ...».

Егер «зың әкім» Абдірахимовтың «түбіне жеткен» деп есептелетін орынбасары Данат Жуминді премьер Асқар Мамин өз кеңсесіне қызметке алса, Абдрахимовтың басына туған күн премьер Асқар Маминнің басына да тууы мүмкін», - дейді белгілі сарапшы Ғалым Байтук.

Ол фейсбуктегі өз парақшасында «Асқар Маминге ҚР үкіметінің кеңсесіне Жанат Думинді (автор мысқылы) алма деп кеңес берер едім. Онсыз да Премьер-министр орынтағына ішінара талас басталған уақытта мынадай «креативті» жігіттің келуі Маминге Ғабидулланың тағдырын қамтамасыз етіп берері хақ...», - дей келе, осы тақырыпты жағы талмай көтеріп жүрген журналист Зауре Мирзаходжаеваға «Зауре Мирзаходжаева, тағы да жаза түс! Біздің басшылардың көзін ашуымыз керек...», - деп дем бере түседі.

Мұнымен тоқтамаған Ғалым Байтук құлашты кең жазып, тіпті, «Жанат Думинді (автор мысқылы) билікке жақындатпау мақсатында Президент пен Премьердің атына петиция ұйымдастыру қажет. «Сенімді жоғалтты» деп қызметтен алынған басшының орынбасары қалайша қызмет бабымен өспек? Сонда Ғабидулла жаман да, оның орынбасары жақсы болуы керек пе?!» - дейді.

Айта кетейік, бұған дейін жергілікті журналист Зауре Мирзаходжаева экс-әкімді қала бюджетінен жарнамаға дегенді желеу етіп, орынбасарының "АПЕКС-Консалт» ЖШС-не миллиондар аударған деп айыптаған болатын.

«Қараңыздаршы, тек 2017 жылы Жуминнің ЖШС Шымкент қаласының әкімдігінен 97 миллион теңгеге мемлекеттік тапсырыс алды. Бұл - шамамен 300 мың доллар! Онда да бұл тек Шымкент әкімдігі Ішкі саясат басқармасының бағыты бойынша ғана. 2018 жылы бұл сома аздау болып қалыпты, бар болғаны - 56 мың доллар. Бірақ 2016 жыл - ЖШС үшін майшелпекке кенелген кезең. Ол туралы басқа жолы сөз қозғармыз, әзірге 2017 жылдың тендерінің жайын талқылап алайық. Бір қызығы, 2017 жылы тендерге қойылған 10 лоттың 7-еуі «Жумин» компаниясына ешқандай бәсекелессіз негізде берілген», - деп жазды Зәуре Мирзаходжаева.

Журналистті мемлекет ақшасының «зың» секілді халықтың миын ашытып, көзін байлайтын жеңіл-желпі дүниелерге жұмсалғаны қынжылтқан.

Осыған қатысты Ғабидолла Әбдірахимовтың өзі Bnews.kz-ке қысқаша сұхбат берген.

«Иә, мен әкім болдым. Әкімдік жанында бөлімдер бар, конкурстық комиссия деген бар, солар конкурсты өткізетін. Енді ойлаңызшы, мен сол конкурстардың барлығын бақылап отыруым керек пе сонда? Егер алды ма, демек, алды. Егер қандай да бір проблемалар болса, онда құқық қорғау органдарына шағымдансын, солар айналыссын бұл іспен. Ол жағына менің наразылығым жоқ. Егер біреу заң бұзған болса, онда кез келген құқық бұзушылыққа белгілі бір жаза қарастырылған. Мыңдаған бәйге, конкурс өткізіліп жатады, соның бәрін мен қадағалап отыра алмаймын ғой», - деді экс-әкім.

Сондай-ақ, ол өзінің бұрынғы орынбасары Данат Жуминді ұзақ уақыт көрмесе де, өздерінің қарым-қатынастары бұрынғыдай дұрыс екенін айтты.