$ 498.34  519.72  4.85

«Қытай зауыттарына аз жалақыға құл болудан басқа амал қалмайды» - пикетші пікірі

Нұр-Сұлтанның Қытайға қарызы 12 миллиард доллардан асады.

Бүгін Нұр-Сұлтан тұрғыны Асқар Қайырбек «55 завод Қытайға қайтарылсын!» деген жазуы бар плакат ұстап, қала орталығындағы Бəйтерек монументі жанында бір адамдық пикет өткізді, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы, Азаттық радиосына сілтеме жасап.

42 жастағы Асқар Қайырбек Қазақстан үкіметінің Қытайдан өндіріс, құрылыс, ет пен дақылдар өңдеу және басқа шаруашылық салалары бойынша 55 зауыт әкеп, ел аумағына салу туралы шешіміне қарсы екенін білдірді. Қайырбек егер бұл зауыттар іске қосылса Қазақстан экономикасына қауіп төнеді деп санайды.

– Біздің санамыз төменгі жалақы алуға дағдыланған. Қытай зауыттарына аз жалақыға құл болудан басқа амал қалмайды, – деді ол.

Ол бұл мәселені ұлттық құрылтайда талқылап, билік бағдарламасына тосқауыл қою қажет деп санайды. Нұр-Сұлтандық белсенді алдағы қыркүйек айында Қытайға баруды жоспарлап отырған Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевты ол сапардан бас тартуға шақырды.

Жексенбі күні Бəйтерек монументі маңында қыдырып жүрген жұрт билікке талабын айқайлап тұрған белсендіге таңырқай қарады. Қайырбектің жанына келген ұлттық ұланның бірнеше қызметкері оның талабын тыңдады да, ештеңе деместен кетіп қалды. Бәйтерек маңайын көлігімен айналып жүрген полиция акция өткізіп тұрған белсендіге жолаған жоқ. Асқар Қайырбектің бір адамдық акциясы он минутқа созылды.

Бұған дейін Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаев 2019 жылы сәуірде Қытай басылымдарына берген сұхбатында Қытайдың Қазақстандағы 55 ірі жобасының 15-і жұмысын бастағанын, 11 нысан биыл пайдалануға берілетінін айтқан.

Қытай – Қазақстанға ең көп инвестиция құятын төртінші, ең көп қарыз беретін үшінші ел. Қытай Қазақстанды шикізат көзі, сауда нарығы және транзит аймағы ретінде пайдаланады. Былтыр Қытай Қазақстанға екі миллиард 62 миллион юань көлемінде кредит берген. Нұр-Сұлтанның Қытайға қарызы 12 миллиард доллардан асады.

Соңғы апталарда Қазақстанның кей қалаларында бір адамдық пикеттер жиі өтетін болған. Оны ұйымдастырушылар азаматтардың бейбіт жиын өткізу, сөз бостандығын шектемеуді, сонымен бірге құқық қорғаушылар «саяси тұтқын» деп таныған адамдарды қудалауды доғарып, оларға бостандық талап еткен.

Бұған дейін мұндай акцияларды өткіздірмей, оған шыққандарды ұстап, жазаға тартып келген билік қазір наразыларға тиіспейтін болған. Сарапшылар мұны Нұр-Сұлтанға айтылған халықаралық қауымдастық сынынан кейінгі уақытша жылымыққа балайды.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары