ҚР Премьер-министрінің өкімімен Данат Жумин Есболұлы ҚР Премьер-министрі Кеңсесі басшысының орынбасары болып тағайындалды, деп хабарлайды ҚР Премьер-министрінің ресми сайты.
Ол алдында Шымкент қаласы әкімінің орынбасары лауазымын атқарып, кәсіпкерлік, өнеркәсіп және инвестициялар, ауыл шаруашылығы, туризм, цифрландыру мәселелеріне жетекшілік еткен.
Данат Жумин 1983 жылы Қостанай облысында туған.
Қостанай бизнес колледжін "Менеджмент және бухгалтерлік есеп" мамандығы бойынша, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетін "Саясаттану" мамандығы бойынша, "Болашақ" бағдарламасы бойынша Монтана университетін (Монтана штаты, АҚШ) мемлекеттік басқару магистрі дәрежесімен бітірген, Гарвард бизнес мектебінде жоғарғы басшыларды даярлаудың үшжылдық бағдарламасын тәмамдаған.
2002-2007 жж. мемлекеттік жастар саясатын жүзеге асыруға белсене қатысқан. Қазақстан студенттер альянсын басқарған, Қазақстан жастар конгресінің атқарушы директоры қызметін атқарған.
2009-2011 жж. мемлекеттік басқару саласында жұмыс істеді. "Мемлекеттік қызметшілер персоналын басқару бойынша ұлттық орталық" АҚ департамент директоры, ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы ректорының кеңесшісі, ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының Дипломатия институтының директорының орынбасары болып тағайындалған. Мемлекеттік басқару реформалары жөніндегі Еуропалық комиссияның ұлттық сарапшысы болды.
2011-2013 жылдары "Apex Consult" ЖШС (2010 жылы құрған) стратегиялық маркетингтік коммуникациялар саласындағы консалтингтік агенттіктің бас директоры қызметін атқарды. 2013-2014 жылдары "Бәйтерек" Ұлттық басқарушы холдингі" АҚ басқарма төрағасының кеңесшісі болды. 2014-2016 жылдары "Қазақстан - 2050" Жалпыұлттық қозғалысы кеңесінің төрағасы, 2016-2017 жылдары "Apex Consult" ЖШС Бақылау кеңесінің төрағасы болды. 2017 жылы қараша айынан "Нұр Отан" партиясының саяси жұмыстар департаменті директорының орынбасары, 2018 жылы департамент директоры болып тағайындалды.
2018 жылғы шілде айынан 2019 жылғы тамыз айы аралығында Шымкент қаласының әкімінің орынбасары лауазымын атқарды, кәсіпкерлік, өнеркәсіп және инвестициялар, ауыл шаруашылығы, туризм, цифрландыру мәселелеріне жетекшілік етті.
Айта кетсек, биыл тамыз айының басында Шымкент қаласының әкімі Ғабидолла Әбдірахимов мемлекеттік қызмет этикасына сай болмағаны үшін жұмысынан босатылған. Сол кезде оның орынбасары Данат Жумин туралы жергілікті блогердің әлеуметтік желіде жазбасы жарияланған еді. Онда блогер Зәуре Мирзаходжаева экс-әкімді қала бюджетінен жарнамаға дегенді желеу етіп, орынбасарының ЖШС - "АПЕКС-Консалтқа" миллиондар аударған деп айыптады. Бұл айыпқа қатысты экс-әкімнің сұқбат беруіне тура келген.