$ 494.87  520.65  4.91

«Жауапкершілікке тарту – қылмыс жасаған азаматты толыққанды түзетуге қауқарсыз» - Салтанат Тұрсынбекова

Отбасындағы ахуалға Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиалық саясат жөніндегі ұлттық комисссиясы аса көңіл бөлуде. Комиссияның басқаруымен прокуратура, ішкі істер, әлеуметтік қорғау, білім беру, денсаулық сақтау, әділет, ақпарат және қоғамдық даму, мәдениет, спорт салаларындағы мемлекеттік органдар бірлесіп арнайы «Отбасындағы зорлық-зомбылықсыз Қазақстан» атты Жобаның Жол картасын әзірледі.

Ішімдікке салыну, нашақорлық, жұмыссыздық мәселесі отбасында үлкен дау тудырып, оның соңы қылмыс, зорлық-зомбылыққа итермелеп отырғандығын статистикалық мәліметтер айқын көрсетіп отыр. Тұрмыста қысым көріп, зардап шегетіндердің басым бөлігі – әйелдер. Төзімділік танытып, мәселені сабырға жеңдіргенімен, іс насырға шауып, құзырлы мекемелерден көмек сұрайтындар саны жыл санап артпаса, әзірге көрсеткіштер деңгейі төмендемей тұр. Мұның себебін анықтамақ мақсатта біз ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасы-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия мүшесі Салтанат Тұрсынбековамен сұхбаттасқан едік.


– Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарымен салыстырғанда, отбасылық кикілжің, дау, келіспеушілікті шешу үшін құзырлы мекемелерге жүгіну қаншалықты жиіледі?

– Мемлекеттің ең басты құндылығы - адам және оның құқықтары екені бәрімізге белгілі. Өкінішке орай, халқымыздың болмысына, ерекше тәлімді тәрбиесіне қашанда жат болған теріс қасиеттер бүгінгі күні жиеленіп келеді. Отбасы-тұрмыстық құқық бұзушылықтын саны егер 2017 жылы 446 болса 2018 жылы оның саны 919 жетіп, екі есеге өсіп отыр. Осы жылдын жарты айында 500 жуық құқық бұзушылық жасалғандығы белгілі болды. Әрбір санның артында адамның өмірі, ойран болған отбасы, жетім қалған балалар тұр. Анасын баласының көзінше ұрып-соғу, балағаттау, зорлау, үйлене салып ажырасу, ішімдік пен нашақорлыққа салыну, жұмыс істемей, балаларын аш қалдыру, алимент төлеуден бас тарту, өлтіру, жасөспірімдерге, қыздарымызға жыныстық зорлық жасау тағы да басқа сорақы жайттар  әрине жанға батады. Бұл мәселелер бүгін туындаған жоқ, яғни олардың шешімдері де бір күнде орындалып, бір қағазбен түзелетін дүние емес. Барлығымызды аландатып отырған жалпы отбасылық мәселелердің шешу жолын іздеген болсақ, зерделеп,  бірнеше сауалдарға жауап беруіміз керек шығар.Алдымен, қандай  проблемалар туындап отыр, оны түзейтін кандай іс-әрекеттер жасалуы тиіс, қай бағытта, кандай мерзімде? Оларды орындауға кім міндетті, ол міндеттер қай заңнамамен бекітілген, кімнін не болмаса қандай органның, қай лауазымды тұлғаның құзыретінде? Бекітілген болса неге нәтижесі жоқ, себебі неде? Іс-шаралар тек есеп берумен, жиылыстармен аяқталады ма? Не жүйелі, біріктірілген, ауқымды, жанжақты түрде іске асып жатыр ма? Рухани жан дүниесін дамыту, отбасылық құндылықтарды өздерінің, балаларының тұла бойына сіңдіру, үй тәрбиесіне көніл бөлу, әлеуметтік жауапкетшілікті күшейту, профилактикалық жұмыстарға белсенді қатысу мәселелерінде жеке тұлғаның, отбасының, қоғамның ролі қандай? Міне осындай маңызды жайттарға көңіл бөлмейінше, біз түйінді мәселені біржақты етіп шеше алмаймыз. 

– Ал осындай күрмеуі қиын отбасылық мәселелерді шешуде қандай жұмыстар атқарылып жатыр?«Отбасындағы зорлық-зомбылықсыз Қазақстан» атты ауқымды әлеуметтік жобаның басында жүргеніңізді білеміз. Аталған жобаның маңыздылығы неде?

– Мемлекет үшін балалардың құқықтары мен мүдделерін қорғау, отбасы мүшелерінің амандығын, қауіпсіздігін толық қамтамасыз етіп, зайырлы қоғам құндылықтарына сәйкес жаңғырту әрекеттерін жасау аса маңызды міндет болып саналады. Отбасындағы ахуалға Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиалық саясат жөніндегі ұлттық комисссиясы аса көңіл бөлуде. Комиссияның басқаруымен прокуратура, ішкі істер, әлеуметтік қорғау, білім беру, денсаулық сақтау, әділет, ақпарат және қоғамдық даму, мәдениет, спорт салаларындағы мемлекеттік органдар бірлесіп арнайы «Отбасындағы зорлық-зомбылықсыз Қазақстан» атты Жобаның Жол картасын әзірледі. Бірнеше зертеулер өткізіп, аналитикалық талдаулар жасап, нақты шешімдерін табуға тырыстық. Бұл - кешенді, жүйелі, әлеуметтік бағдарланған отбасындағы зорлық-зомбылыққа қарсы ұлттық стратегия. Жобаның негізгі мақсаты-отбасы-тұрмыстық қатынастар аясындағы құқық бұзушылықты тұрақты түрде төмендету, заманауи берік отбасының қалыптасуына жағдай жасау. Жол картасында көзделген іс-шаралар былтардан бері Шымкент қаласында пилоттық режимде іске асырылуда. Бүгінгі күні, жобада көзделген іс-шаралалар атқарылып, бірқатар нәтижелерге қол жеткізілді. Зорлық-зомбылық құрбандарына жәрдем беру және оналту жұмыстары жылдан жылға дамып келеді. Тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселесінде бүгінгі күні бір қатар іс-шаралар жоспарланып, жүргізіліп жатыр. Ерлер мен әйелдердің тең құқықтарының және тең мүмкіндіктерінің мемлекеттік кепілдіктері туралы Заңына өзгерістер енгізу арқылы, зорлық зомбылықтан зардап шеккен әйелдердің құқықтарын қорғауын күшейтуді көздеп отырмыз. Жақын арада «Тұрмыстық зорлық-зомбылық профилактикасы туралы» жаңадан әзірленген заңнамасына халықымыздың пікірін назарға ала отыра, әлеумет, құқық және экономика саласының білікті мамандарымен, кәсіби сарапшыларының қатысуымен талқылап, ҚР Парламентінің Мәжілісіне  қарауға жолдаймыз деп жоспарлап отырмыз. Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу жұмыстарының әлсіздігінің бірден – бір себебі – оның тиімділігін бағалайтын көрсеткіштердің жоқтығы.Осыған орай, алғаш рет отбасы зорлық-зомбылық саласында мемлекеттік органдардың және азаматтық қоғамдардың жұмысының тиімділігін көрсететін индикаторларды енгізуді жоспарлап отырмыз. Мемлекеттік органдар мен азаматтық қоғамдардың  арасындағы тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу мақсатында бірыңғай  іс-әрекеттерін, өзара іс-қимыл жасауды қалыптастыру үшін арнайы регламент әзірленіп оны мемлекеттік органдардың  қарауына жолдаймыз. Айта кететін жайт, бүгінгі күні отбасындағы құқұқ бұзушылықтың алдың алуға бағытталған нысаналы қаржылындыру мәселесі толығымен шешілмеген. Тек соққыдан зардап шеккен әйелдерге кризистық орталықтарда көмек көрсету үшін қаржы бөлінеді. Осыған орай, Шымкент қаласының әр басқармасы, өз өкілеттіктерінің шеңберінде, жүйелі түрде жасалатын іс-шаралардың нақты тізімін белгілеп, оның әрқайсысына нысаналы бөлінетін бюджеттік қаржының мөлшерін анықтап, іске асыратын механизмдерін қарастыруда. Маңызды жайт, бүгінгі күні отбасылық «бұзақылырмен», оның ішінде  ішкілікке салынған, есірткі мен психоактивті заттарға тәуелді болып қалған  отбасы мүшелерімен тиісті денгейде жұмыс әлі де қарқынды жүргізілмей келеді.  Полиция органдарының қолданыстағы құралдары - полиция учаскісіне апарып, олармен сөйлесумен, қорғау нұсқамасын берумен, не болмаса 10-15 күнге әкімшілік қамауға алумен шектеледі. Өкінішке орай, құқық бұзушылықтың алдын алуда бұл шаралардың да нәтижесі әлсіздігін көрсетіп отыр. Бұл тек уақытша ғана түзету шарасы сияқты. Қауіптің түп негізі тұрғанда отбасылық жанжал, келіспеушілік, қылмыс саны артпаса кемімейтіндігіне көзіміз жетті.  2018 жылы кісі өлтіру қылмыстарының 60 пайызынан астамы  ішімдік ішкен азаматтардың тарапынан жасалған. 

– Шымкент қаласында психологиялық оңалту орталығы ашылған екен? Жұмыс қарқыны қалай?

– Пилоттық жобамызды іске асыру барысында Шымкент қаласында  «Медициналық психологиялық оңалту орталығы» ашылды. Ол жерде құқықбұзушылармен және олардың отбасы мүшелерімен арнайы психокоррекциялық жұмыстар жүргізіледі. Мұндай практика барлық дамыған шет елдерінде қолдануда. Біздің оймызша, осындай психологиялық түрде ынталандыратын орталықтарды әрбір облыстың аудандарында ашу қажет. Біз әр облыстың шет аймағында орналасқан жерлерінде  ауқымды оңалту  орталығын ашуды әкімдерге ұсынып отырмыз. Оған орналасқан адам пстихологиялық түрде ем алып қана емес, тірлік істеп, спортпен айналысып, өзінің рухани ішкі дүниесін де ретке келтіреді. Қазіргі таңда еліміздің бірқатар өңірлерінде арнайы-әлеуметтік қызмет көрсету  орталықтары  да бар. Ол жерде өмірлеріне, денсаулықтарына қатысты өзекті мәселелерді шешуге бағытталған кеңестер мен арнайы құқықтық және психологиялық көмекті алуға болады. Өкілетті мемлекеттік органдардың міндеттеріне келетін болсақ, олардың басты мақсаты - азаматтармыздың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауды толық қамтамасыз етіп, қылмыстың алдын алып, барынша отбасылық  құқықбұзушылықтың азайтуына, болдырмауына бағытталу керек. Ол үшін, профилактикаға деген көзқарасты түбегейлі өзгертіп, жаңа, тиімді шараларды колдану қажет. Не болмаса заңда реттестірілген, практикаға еңгізілген біріқ та нәтижесі жоқ шараларды қадағалауды нығайтып, жауапкершілікті күшейту қажет. Сонымен қатар, ұлттық менталитетті ескере отырып, отбасы тәрбиесінің бірыңғай республикалық әдістемесінің жобасын әзірлеу де жоспраланып отыр.

– Отбасылық тәрбиені қалай түзету керек? Ұлттықсананы қалай қалыптастырамыз? 

– Егер біз мерейлі, бейбіт, зайырлы,  ынтымағы мен бірлігі мықты ел боламыз десек, теріс эмоциялардан шектеліп, жан толғанысымызды нақты іс-шараларға бағыттасақ, дұрыс болады. Бүгінгі жағдайда отбасы құндылығының, рухани  тәрбиенің рөлін көтеру қоғам алдындағы ең үлкен жауапкершіліктің бірі.Шаңырақтан шаттық үзілмей, отбасы мықты, берекелі, бақытты болса-мемлекетімізде де тұрақтылық орнап, өркениеттілігі мен үстемдігі нығая түсетіндігі белгілі. Ал оның басты шарты отбасы мүшелерінің ауызбірлігінде. Ең ұлы ғибадаттың бірі - туған-туыс, ағайын – бауырларыңмен, отбасы мүшелерімен жақсы қатынас жасап, көркем мәміледе болуда емес пе?! Атадан қалған ұлы өсиет «Туысы бірдің қонысы бір, туысы бірдің уысы бір» деп татулыққа бастаған емес пе? Сенімді қарым-қатынас құру өзімізге тікелей байланысты. Біз болашаққа сана-сезімі биік ұрпақ қалдыру үшін ең алдымен өзімізді тәрбиелей, жақсы жолда қалыптастыра білуіміз керек деп білемін. Ұл ойшыл Әл-Фарабидің өзі «Адамға ең бірінші білім емес, тәрбие берілуі керек, тәрбиесіз берілген білім адамзаттың қас жауы, келешекте оның барлық өміріне апат әкеледі»,-деп даналықтың негізін қалдырған. Демек, болашақ ұрпақтың тәрбиелі, мәдениетті, білімді болуы ең бірінші ата-анадан,  отбасынан бастау алады. Сондықтан, адамгершілік, имандылық, мейірім мен жанашырлық, сыйластық пен татулық, шыншылдық пен әділдік  сияқты қасиеттерді ұясынан бастап  баланың бойына сіңіруіміз керек. Дана халқымыз «Тегінен нәр алған тозбайды» деп  ұлағатты сөз тегін айтпаса керек.

– Ашық әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан Гүлназ БИСЕН

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары