$ 494.87  520.65  4.91

«Құқықтық тұрғыдан сауатты азаматтардың саны артып келеді» - Сәкен Алдашбаев

«Мүмкіндігі шектеулі жандарға жасалар әлеуметтік жағдайды әлі де жақсартсақ дейміз. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша жәрдемақы мөлшері де кезең-кезеңімен артып келеді. Мұның өзі жасалып жатқан жұмыстардың оң нәтижесі деп білемін. Біз азаматтардың денсаулығын нығайтып, оңалту бағытындағы жұмысымызды жүйелеуді  көздеп отырмыз».

Денсаулықтың шектеуіне қарамастан өзіне жаңа мүмкіндіктердің көкжиегін ашып, адамзатқа үлкен ой салардық, үлгілі іс тындырып жүрген мүгедек азаматтар қоғамда баршылық. Дені сау азаматтардың өзі кеңес, талдау, мотивация сұрайтын Ник Вуйчич қазіргі күні әлемге танымал оратор, меценат, жазушы. Фильм шығарып, бірнеше кітап жазған Ник өмірлік ұстанымы дара азамат, төрт баласына үлгілі әке. Ал 25 мәрте «Гремми» премиясын алған әнші, сазгер, пианист Стиви Уандерді танымайтындар аз шығар. Адазатқа лайықты қабілттің шексіз екендігін байқатқан спортшылар қаншама.  Елімізде мүмкіндігі шектеулы азаматтардың білім алып, қоғамда өз орнын табуға барынша жағдай жасалған. «Қызылорда қалалық мүгедектер қоғамы» қоғамдық бірлестігінің  басшысы Сәкен Алдашбаев жыл басынан бері атқарылған ауқымды жұмыстарды саралап, бірлестіктің мүмкіндігі шектеулі азаматтарға жасап жатқан  жағдайы мен олардың  құқығының қаншалықты қорғалып жатқандығы жайында кеңінен тарқатып айтқан еді.

– Бірлестіктің негізгі мақсатына тоқталып өтсеңіз...

– Біздің негізгі міндетіміз- мүмкіндігі шектеулі жандардың құқығын қорғау, олардың шеберлігін, қабілетін  ашу үшін түрлі шаралар ұйымдастыру, олардың ұсыныс-тілектерін талқылап, жүзеге асуына жағдай жасау, қажетті мекемелерге ұсыну.  Мүгедек азаматтардың  арбаға таңылдым, көзім көрмейді демей, немесе бұл менің қолымнан мүлдем келмейді демей біздің бірлестікке келіп, маңызды шараларға қатысып, бойындағы қабілетін дамытып, қоғамға өзінің қажет екендігін сезінсе екен деп жұмыс жасауды мақсат етеміз. 

– Жыл басынан бері қандай   ауқымды жұмыстар атқардыңыздар?

– Үлкен сауда орындарында мүгедек азаматтардың қолынан жасалған төл туындылыарының көрме-жәрмеңкесін ұйымдастырдық . Жоғары деңгейде өтті деуге болады. Бұл шара  арқылы  хоббиі ретінде қарайтын шаруаның қаншалықты табыс әкеліп, өзіне де, қоғамға да үлкен пайдалы болатындығын аңғардық. Біздің қолөнершілеріміздің әрбір туындысында тамаша талғам, шеберлік байқалады. Сұраныс та жоқ емес. Көздің майын тауысып жасалған туындылар таңдай қақтырады . Ұлттық құндылығымызды дәріптейтін қамшы, астау, көрпе-жастық, қуыршақтар, ыдыс-аяқтар, тұрмысқа қажетті бұйымдардың барлығын біздің қолөнершілердің жәрмеңкесінен табуға болады.  Бірнеше рет мәдениет орнында концерттік бағдарлама өткізіп, одан түскен қаражатты алдын ала өтініш жасаған азаматтардың еміне, дәрі-дәрмегіне жұмсадық. Бұдан бөлек үлкен сауда үйінде қолөнершілерге арналған әлеуметтік дүкен сөресін аштық, жазғы тынығу лагеріне мүмкіндігі шектеулі жандардың бірнеше баласын демалысқа жібердік. Біз қолымыздан келгенше бізге үміт артып, жүгінген жандардың өтінішін орындауға тырысамыз. Қала тұрғыны Назерке Кәрібаеваның баласының көзіне жедел ота жасалуы қажет еді. Оның Нұр-Сұлтан қаласына барып, емін алып, отасы үшін бірлестіктің атынан қаржылай көмек көрсеттік. 

– Азаматтардың жұмыспен қамтылу жағын қалай ұйымдастырып жатырсыздар?

– Біздің бірлестікке келіп, жағдайын айтып, жұмыс сұрайтындардың қабілеті мен талабы зор. Игерген мамандығына сәйкес тұрақты жұмыс табуды өзіне үлкен мақсат етіп алған. Алған істі тиянақты, ыждағатты орындайды. Мұндай азаматтарға неге мүмкіндік беріп, жұмыс жасауына жағдай жасамасқа. Біз Қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімімен бірлесіп, жұмыссыздық жәрмеңкесін ұйымдастырған болатынбыз. Онда  22 мекеме барлығы 221 бос жұмыс орнын ұсынды. Қазіргі күні жұмыспен қамтылып, мамандығымен нәпақа тауып отырған азаматтарымыздың саны артты деуге болады. Сонымен қатар, сандық технологияны игеру үшін арннйы курска он шақты азаматты жібердік. Республикалық «Халық» газетімен бірлесіп  жұмыс жасап келеміз. Бірнеше мүмкіндігі шектеулі азаматтардың көлемді мақаласы газет бетіне жарияланды. 

– Мүмкіндіктері шектеулі азаматтар өз құқығын қаншалықты жақсы біледі? Бұл бағытта қандай жұмыстар жасалуда?

– Қазіргі күні құқықтық тұрғыда сауатты азаматтардың қатары көбейіп келеді. Ақпараттық ағын күшті. Бірақ сонда да заң саласының маманымен байланыс жасап отыру да артық болмайды. Осы тұрғыда біз мүгедек жандардың қалалық, облыстық басшылықтың қабылдауына жазылып, арыз-шағымыны жеткізуге жағдай жасадық. Мекемелерге жолданатын өтініштері мен ұсыныстарын да кезектен тыс қабылдатып, мейлінше жедел орындату үшін жұмыс жасап жатырмыз. Сонымен қатар бірлестігімізде заңгеріміз қызмет көрсетеді.  Кез келген уақытта келіп, құқықтық кеңес алуға мүмкіндік бар. 

– Жыл соңына дейін атқаруды қажет ететін істерді атап бере аласыз ба?

– Мүмкіндігі шектеулі жандарға жасалар әлеуметтік жағдайды әлі де жақсартсақ дейміз. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша жәрдемақы мөлшері де кезең-кезеңімен артып келеді. Мұның өзі жасалып жатқан жұмыстардың оң нәтижесі деп білемін. Біз азаматтардың денсаулығын нығайтып, оңалту бағытындағы жұмысымызды жүйелеуді  көздеп отырмыз.  Олардың қимыл-қозғалысына, жұмыс жасауына мүмкіндік беретін құрал-жабдықтарымен қамтамасыз етсек әлі талай азаматтарымыздың күрмеуі қиін мәселесінің шешілуіне үлес қосқан болар едік. Қазан айының екінші жексенбісі БҰҰ белгілеуімен мүмкіндігі шектеулі жандар күні деп белгіленген болатын. Осыған орай бірлестік үлкен шара ұйымдастыруды мақсат етіп отыр. 

Сұхбаттасқан Гүлназ Бисен

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары