11.09.2019, 15:25

«Кредитті жабуға жағдайым болмаса, мен оны алмайтын едім» - Азат Перуашев

«Банктер ол адамдарға күдікпен қарайды. Себебі бұған дейін қарызды өз күшімен жаба алмады. Сондықтан осы мәселені де заңмен реттеп қою керек еді», – дейді депутат.

Парламент Мәжілісінің депутаты Азат Перуашев мұқтаж адамдардың кредитін кешіруге қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды sputniknews.kz.

«Бұл жерде әділетсіздік бар. Себебі кредитті төлемеген адамдарға жеңілдік жасалып отыр. Ал тура сондай көп баласы бар, бірақ, кредитті уақытында төлеп отырғандарға ештеңе жоқ. Қалай төледіңіз, тура солай төлей беріңіз деген сияқты», – деді Перуашев журналистерге берген сұқбатында.

Оның айтуынша, осы акцияны бастаудың алдында барлық мәселені ескеру керек еді. Сөйтіп, заң аясында реттеп қойған дұрыс. Депутат кредит алғанда мүмкіндікке қарау қажет деп санайды.

«Кредитті жабуға жағдайым болмаса, мен оны алмайтын едім. Мәселе сонда ғой», – деп атап өтті Перуашев.

Оның ойынша, кредитті кешіргеннен кейін банктен несие алуға қиын болады. Себебі берешек мемлекет тарапынан өтелсе, банк ондай қарыз алушыларға басқаша қарайтын болады.

«Банктер ол адамдарға күдікпен қарайды. Себебі бұған дейін қарызды өз күшімен жаба алмады. Сондықтан осы мәселені де заңмен реттеп қою керек еді», – дейді депутат.

Бүгінде кредиті кешірілетін адамдардың тізімі электронды үкімет порталында бар. Сол жерде электронды-цифрлық қолтаңба арқылы кез келген адам өзінің тізімде бар-жоғын тексере алады. Сондай-ақ, «111» байланыс орталығына хабарласып, қажетті ақыл-кеңес алуға мүмкіндік бар.