$ 494.87  520.65  4.91

Қазақстандық балуан Қорлан Жақанша әлем чемпионатында күміс медаль алды

Бұл – Жақаншаның алғашқы әлем чемпионаты және алғашқы жүлдесі.

Қазақстандық балуан Қорлан Жақанша Нұр-Сұлтанда өтіп жатқан күрес түрлеріне әлем чемпионатында грек-рим күресінен 55 келіде күміс жүлде иеленді, деп жазады Азаттық. 

15 қыркүйекте "Барыс арена" спорт кешенінде өткен финалда 27 жастағы Жақанша грузиялық Нугзари Цурцумиядан жеңілді - 0:9.

Қазақстан балуаны 14 қыркүйекте өткен алғашқы айналымда Абделкарим Фергаттан (Алжир), Макс Новриден (АҚШ) басым түскен. Ал жартылай финалда 2018 жылғы әлем чемпионы Елдениз Азизлиді (Әзербайжан) жеңген еді.

Бұл – Жақаншаның алғашқы әлем чемпионаты және алғашқы жүлдесі. Ол бұған дейін Азия чемпионатында екі рет қола медаль алған.

Нұр-Сұлтандағы әлем чемпионатында тағы бір қазақстандық Алмат Кебіспаев грек-рим күресінен 63 келіде қола медаль иеленді. 31 жастағы балуан қолаға таласта Қырғызстан балуаны Тынар Шаршенбековті жеңді - 9:0.

Алмат Кебіспаев алғашқы айналымда үндістандық Сагардан, биылғы Азия чемпионы атанған Қытай балуаны Туо Эрбатудан, былтырғы әлем чемпионатының қола жүлдегері түркиялық Рахман Билиджиден басым түскен. Ал жартылай финалда Рио олимпиадасының күміс жүлдегері, 2018 жылғы Азия ойындарының чемпионы жапониялық Синобу Отадан 1:10 есебімен жеңілді. Екі балуан 2016 жылы Рио олимпиадасында да белдесіп, ол кезде де жапон балуаны басым түскен еді.

Бұл – Кебіспаевтың әлем чемпионатында иеленген төртінші жүлдесі. Ол 2011 жылы Стамбулда (Түркия) өткен әлем біріншілігінің финалында Иран балуаны Омид Ноуризиден жеңіліп, күміс жүлдегер атанған. Ал 2010 жылы Мәскеуде (Ресей), 2015 жылы Лас-Вегаста (АҚШ) болған әлем біріншілігінде қола алған.

Қазақстан грек-рим күресінен әлем чемпионатында соңғы рет алтынды 20 жыл бұрын алған. 1999 жылы Грекия астанасы Афиныда өткен әлем біріншілігінде Мхитар Манукян 62 келіде жеңіске жеткен еді. Содан бері Қазақстан грек-рим күресінен әлем чемпионатында алтын ала алмай келеді. Бұл елден грек-рим күресінен бұған дейін Юрия Мельниченко (57 келі, 1994, 1997 жылдары), Манукян (62 келі, 1998, 1999 жылдары) және Бақтияр Байсейітов (76 келі, 1998 жылы) әлем чемпионы атанған.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары