17.09.2019, 18:05

Президенттің жұмыс сапары: Ақмола және СҚО ауыл шаруашылығы саласының даму барысы таныстырылды

«Мемлекетіміз үшін сіздердің еңбектеріңіздің мәні зор. Үкімет фермерлерге жан-жақты қолдау көрсетеді, ауылдың өмір сүру сапасын арттыру жөнінде шаралар қабылдайтын болады», – деді Президент.

Бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жұмыс сапарымен Ақмола және Солтүстік Қазақстан облыстарына барып, ауыл шаруашылығы саласына жауапты бірқатар нысандарды аралады, деп жазады Skifnews.kz ақпарат порталы, Ақорда сайтындағы жаңалықтарға сүйене отырып.

Алдымен Ақмола облысына табан тіреген ол егістік алқабын аралап, «Айбат» ЖШС-нің егін жинау науқаны барысымен танысты. Президентке облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуының негізгі көрсеткіштері мен агроөнеркәсіп кешенінің келешегі туралы мәлімет берілді. Сондай-ақ, дәнді және майлы дақылдардың жаңа сорттары көрсетілді. Мемлекет басшысы механизаторлармен әңгімелескенде, ауыл шаруашылығы алқаптарын тиімді пайдаланудың маңыздылығын атап өтіп, мемлекет тарапынан агроөнеркәсіп кешенін өркендетуге баса мән беріліп отырғанын айтты.

«Мемлекетіміз үшін сіздердің еңбектеріңіздің мәні зор. Үкімет фермерлерге жан-жақты қолдау көрсетеді, ауылдың өмір сүру сапасын арттыру жөнінде шаралар қабылдайтын болады», – деді Президент.

Одан кейін Мемлекет басшысы Жақсы ауылындағы Т. Уәлиев атындағы жекеменшік спорт мектебін аралап көрді. Бұл ретте, оған күрес, бокс және футбол спортына арналған залдар көрсетілді. Қазіргі уақытта Жақсы ауданының 170 оқушысы бокс, грек-рим күресі және футбол секцияларында спортпен шұғылданады. Бұл спорт мектебі өз тарихында 4800 спортшыны, соның ішінде Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген спорт шеберлері мен халықаралық дәрежедегі спорт шеберлерін дайындап шығарды. Мемлекет басшысы грек-рим күресінен Олимпиада чемпионы Юрий Мельниченкомен және спорт мектебінің тәрбиеленушілерімен әңгімелесу барысында ауылдағы бұқаралық спортты дамытудың маңыздылығын атап өтті.

Осы сәтте, Президент Жақсы ауылындағы «Урожай» ЖШС-нің агроөнеркәсіп кешеніне де барды. Ол жерде Қасым-Жомарт Тоқаевқа компанияның қызметі, диірмен кешенінің, элеватордың, комбикорм зауытының және нан-тоқаш өнімдерін шығару жөніндегі өндіріс нысандарының жұмысы туралы мәлімет берілді. Сонымен қатар, агрокәсіпорнында қуаты жөнінен жылына 12 мың тонна түрлі жармалар мен жылдам дайындалатын сұлы қауыздарын өндірудің жаңа технологиялық үдерісі, сондай-ақ, дайын өнімнің үлгілері көрсетілді. Мемлекет басшысы аграрилердің назарын мемлекет бөлген ауыл шаруашылығы субсидияларын тиімді пайдалану қажеттігіне аударды.

Келесі кезекте Солтүстік Қазақстан облысына жол тартқан Мемлекет басшысы ондағы жұмыс сапарын Аққайың ауданына қарасты Рублевка ауылындағы «Иван Зенченко» ЖШС-нен бастады. Осы орайда, ол сүтті тағамдар өндіретін ферманың толық айналымдағы жұмысымен танысып, астық жиналып жатқан егістік алқабын аралап шықты және механизаторлармен әңгімелесті.

Нысанды аралау барысында Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Құмар Ақсақалов Мемлекет басшысына өңірдің агроөнеркәсіп кешенінің дамуы туралы баяндады. Ал кәсіпорын директоры Геннадий Зенченко Мемлекет басшысына өндірілетін өнімдер мен өткізу нарығы, соның ішінде тауардың Ресейге экспортқа шығарылуы жөнінде айтты. Ол, сондай-ақ, компанияның ауылдық округтегі әлеуметтік саланы дамытуға зор көңіл бөліп отырғанын мәлімдеді. Қасым-Жомарт Тоқаев кәсіпорынның жұмысы мен экономикалық және әлеуметтік міндеттерді шешуге қосқан үлесін жоғары бағалады.