Саясат 19.09.2019 сағат 12:45

Президенттің 100 күні: Қасым-Жомарт Тоқаев биліктегі тәжірибесін қалай жүзеге асырып отыр?

Тәуелсіз Қазақстанның жаңа президенті халық үшін ашық және қолжетімді көшбасшы екенін, қоғамдық пікірге құлақ асатын және халықтың сұраныстарына жауап беретін, халықпен тікелей байланысқа шығуға дайын бірден-бір сенімге лайықты тұлға екенін анық аңғартты.
Президенттің 100 күні: Қасым-Жомарт Тоқаев биліктегі тәжірибесін қалай жүзеге асырып отыр?
Бөлісу
Бөлісу
Бөлісу

Бүгін – Қасым-Жомарт Тоқаевтың ресми ұлықтау рәсімі өтіп, Мемлекет басшысы қызметіне келгеніне 100 күн. Шын мәнінде, бұл үш жарым ай ғана мерзімді тұтас бір мемлекет мүддесін биікке көтеріп тастайтын мүмкіндік деуге келмейді. Алайда, Қасым-Жомарт Кемелұлы жаңа лауазымына бірден халықтың көңілінен шығатын бастамалармен белсене кірісті, деп жазады Skifnews.kz ақпарат порталы.

Қазақ бұқарасы Тоқаевтың қолына билік тізгінін ұстауын «жылымық орнай бастады» деп бағалады. Өзінің де 12 маусымдағы алғашқы Жолдауын «Мен – айтқанымды орындайтын президентпін» деген тоқетер сөзбен түйіндегені көпшілік сенімін нығайта түскені анық. Өйтпегенде ше?!.

Енді жүзі жылы президенттің жүз күнде нақты тындырған он іс-әрекетіне тоқталайық.

Біріншіден, ол Ұлттық қоғамдық сенім кеңесін құрып, қыркүйектің басында соның алғашқы отырысын өткізді. Оның құрамына кірген белгілі мемлекет және қоғам қайраткерлерінің, саяси партиялар, үкіметтік емес сектор өкілдерінен тұратын 40 маман әр саладағы көкейкесті мәселелерді ашық айтып, соларды шешуге қатысты ұсыныстар жасады. Сол сәтте, жаңа кезеңде дамудың демократиялық үлгісін басшылыққа алған Қасым-Жомарт Тоқаев, Ұлттық кеңес мүшелерінің жергілікті биліктің қоғам үшін қолжетімді болуына мүмкіндік беретін «Ашық әкімдік» тәжірибесін жаппай тарату туралы ұсынысын құп көрді. Әсіресе, президенттің отырысты қорытындылау кезінде барлық қатысушыларға қарата «құр ұрандатпай, нақты жұмыс жасау қажеттігін» қадап айтқаны да – көңілге медеу.

Екіншіден, осы жүз күн ішінде президент әлеуметтік аз қамтылған отбасыларға берілетін көмекті тездетуді тапсырды. Банкке қарызы барлардың несиесі кешірілді. Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан Республикасы азаматтарының борыш жүктемесін азайту шаралары туралы» Жарлыққа қол қойғаннан кейін көпбалалы отбасылар, асыраушысынан айрылу жағдайына байланысты төлемдер алатын отбасылар, мүгедек балалары бар және 18 жастан асқан бала кезінен мүгедек балалары бар отбасылар, атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасылар, жетім балалар, ата-анасынан кәмелеттік жасқа толғанға дейін айырылған, 29 жасқа толмаған ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар несиеден «азат етілді». Бұл ретте, тұтынушылық қарыз шарттары бойынша жалпы берешек сомасы 2019 жылғы 1 маусымдағы жағдай бойынша 3 миллион теңгеден аспауға тиіс болды. Белгілі болғандай, азаматтардың кепілсіз тұтынушылық несиесін кешіру акциясы уақытпен шектелмеген.

Үшіншіден, мұғалімдер мен дәрігерлердің айлығы кезең-кезеңімен өсе бастады. Атап айтқанда, президент тапсырмасына сәйкес, алдағы 4 жылда мұғалімдер жалақысын 2 есе арттыру, 2020 жылдан бастап «Дипломмен – ауылға» бағдарламасын қаржыландыруды 20 миллиард теңгеге дейін кеңейту ескерілген.

Төртіншіден, шағын бизнесті салықтан босату, зейнетақы қорындағы қаржыны қолдану және зорлық-зомбылыққа қатысты жазаны күшейту, сот-құқықтық реформа, әділетті әлеуметтік саясат, тұрғын үй мәселесін шешу, өңірлерді дамыту, тепе-теңдік және көпвекторлы сыртқы саясат, жастарды қолдау сияқты бірқатар өзекті бастамалар басты назарға алынып отыр. Оның ішінде Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігін екі ведомствоға бөлу – мемлекеттік қызметтің тиімділігін арттыруға, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күреске неғұрлым нәтижелі көңіл бөлуге жол ашпақ.

Бесіншіден, 24 маусымда Арыс қаласындағы әскери бөлімнің қоймасында жарылыс болғаны мәлім. Сол кезде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың оқиға орнына шұғыл жеткеніне де көзі ашық көпшілік: «Тәуелсіздік алғалы бері Қазақстанда президенттің қарапайым киініп алып, халық мұңына бетпе-бет келіп құлақ асуы, мұқтажын өтеуді қастарында тұрып уәде етуі бірінші рет болып тұр», – деп сүйсінген еді. Осылайша, ол жарылыс аумағынан эвакуацияланған тұрғындарға барлық мәселені жеке өз бақылауына алғанын айтып қуантқан-ды. Кейін зардап шеккендерге көмек қолын созу мақсатында елімізде «Арыс, біз біргеміз!» акциясы басталды.

Алтыншыдан, алғашқы Жолдауында Мемлекет басшысы Президенттік кадрлық резерв құрылатынын мәлімдеген болатын. Тамыз айының аяғында дереу өз Жарлығымен сол жөніндегі ұлттық комиссия да құрылды. Сонда 2020 жылдан бастап мемлекеттік қызметшілердің саны біртіндеп қысқартыла бастайтыны, үнемделген қаражат неғұрлым пайдалы қызметкерлерді ынталандыруға жұмсалатыны атап көрсетілді.

Жетіншіден, Қасым-Жомарт Кемелұлы барлық мемлекеттік органдарды «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы аясында жұртшылықпен байланыс орнату бойынша жүйелі жұмыс жүргізуге шақырды. Қазіргі уақытта Қазақстан азаматтары виртуалды қабылдау бөлмесі арқылы Президентке тікелей жүгіне алады.

Сегізіншіден, 2020 жылды Волонтер жылы деп жариялау – азаматтық қоғамды нығайту жөніндегі билік жұмысының маңызды бөлігі.

Тоғызыншыдан, халық әлеуметтік жағдайларын алға тартып, наразылық білдіргенде арты үлкен дауға айналып, Митингтер туралы заңнаманы жетілдіру қажеттігі туралы мәселе көтерілді. Бұған да айырықша мән берген Мемлекет басшысы «Конституцияға сәйкес азаматтарымыздың өз ойын еркін айтуға құқығы бар. Егер бейбіт акциялар заңның шеңберінен шықпайтын және азаматтарымыздың тыныштығын бұзбайтын болса, бұған түсіністікпен қарап, жиындарды өткізу үшін арнайы орын бөлу қажет. Мұндай орындар қаланың шетінде болмауы тиіс», – деді.

Оныншыдан, саяси сарапшылар Мемлекет басшысының тапсырмасымен Президент Әкiмшiлiгiнiң Өтiнiштердi қарауды бақылау бөлiмi ашылғанына елеулі оқиға деп баға беріп отыр.

Енді ҚР Президенті жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының мәліметіне сүйенсек, 2019 жылғы қыркүйек айының орта кезіндегі жағдай бойынша, Мемлекет басшысы 5 заңға қол қойып, саяси, әлеуметтік-экономикалық және мәдени салаларда 40 өкім шығарған. Осы кезге дейін 102 Жарлыққа қол қойған. Орталық мемлекеттік органдар, жергілікті атқарушы органдар, бизнес құрылымдары басшыларымен, азаматтық сектор өкілдерімен және қоғамның басқа да топтарымен 140-тан астам іскерлік кездесулер мен кеңестер өткізген.

Ең бастысы, Қасым-Жомарт Тоқаев – белгілі жазушы Кемел Тоқаевтың перзенті, тектінің тұқымы. Еске сала кетсек, соғыс ардагері, қаламгер Кемел Тоқаев – көп замандастары сияқты уақыт керуеніне ілесіп, ұрандатқан, жалаулатқан, қаламақы мен қошемет-марапатқа кеңінен кенеліп жатқан шоғырдан бөлектеніп, өз жолымен жүріп, өз тақырыбын қаузап, қазақ шытырман оқиғалы шығармашылығының көш басында тұрған тұлға. Ал оның перзенті Қасым-Жомарттың қызыл империя орталығы – Мәскеудің ең беделді дипломатиялық оқу орнын тәмамдап, Кеңестер Одағы Сыртқы істер министрлігінің орталық аппаратына қызметке алынуының өзі сол заманда қазақ баласы үшін үлкен жетістік еді. Сондықтан экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың КСРО-ның Қытайдағы елшілігінде лауазымды қызмет атқарып жүрген Қасым-Жомарт Тоқаевты елге шақыруы тегін емес. Сол сәтте томаға-тұйық дипломат командасын жұрт «бұрынғылармен салыстырғанда иманжүзді Үкімет» деп қабылдады. Себебі, оның құрамында бәрін тек ақшамен, түпкі пайдамен ғана есептейтін бизнестен келген жастар азайған болатын. Рас, тәуелсіздіктің алғашқы жылдары елге оңай соққан жоқ. Қызыл империя ыдырап, экономикалық байланыстар үзіліп, мұнай бағасы төмен, инвестор кем, оның үстіне 1998 жылы Азия елдерінде орын алған дағдарыс әсері әлемге жайыла бастаған-ды. Сондықтан 1999 жылы Үкімет тізгінін ұстаған Тоқаев үшін сынақтар аз болмады. Ауыр жағдайда бел шешпей жұмыс істеуге тура келді. Жалпы алғанда, Тоқаев Үкіметі Елбасы тапсырмасымен бұрынғы КСРО кеңістігінде бұрын-соңды болмаған екі өршіл стратегиялық жобаны жүзеге асыра бастады. Оның біріншісі – астананы Алматыдан көшіріп, жаңа заманауи қала салу. Екіншісі – мемлекеттік жоспарлау жүйесін реформалау. Мұнда Тоқаевтың Сыртқы істер министрі болған кезіндегі халықаралық тәжірибесі көп пайда берді. 2000 жылға қарай ел экономикасына 15 миллиардтан астам АҚШ долларын тартуға мүмкіндік туды, ал Қазақстан өзі сенімді және табысты инвестициялық серіктес ретінде қалыптасты.

Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас хатшысының орынбасары қызметін атқарып, қазақ арасынан алғаш рет әлемдік дипломатия шыңына жеткен де осы кісі.

Сондай-ақ, Қасым-Жомарт Тоқаевтың Сенат төрағасы кезінде өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында күн сайын елдегі жаңалықтарға өз пікірін білдіруі, қоғамдық резонанс тудырған оқиғаларға байланысты, тіпті, шетелдік арналарға елдегі саяси жағдайға қатысты баға беруі, көпке ілесіп кетпей, өз көзқарасынан айнымауы – тосын жайт. Ел президенті қызметін атқаруға кіріскен алғашқы күндерінде-ақ сол әдетпен «халыққа кабинетінің не қымбат көлігінің терезесінен қарайтын» ұлықтарды әлеуметтік желілерге жеке тіркеліп, «жерге түсу қажет» екенін, олардың мұң-мұқтажына ұдайы назар аударып, мәселені ел ортасына барып, жедел шешіп отыруды тапсырды. Жыл сайын бір рет ел алдына шығып, шоу-спектакль сияқты есеп беруді доғарып, күнделікті шаруамен айналысуды, халықпен тығыз жұмыс істеуді жүктеді.

Қорыта айтқанда, тәуелсіз Қазақстанның жаңа президенті халық үшін ашық және қолжетімді көшбасшы екенін, қоғамдық пікірге құлақ асатын және халықтың сұраныстарына жауап беретін, халықпен тікелей байланысқа шығуға дайын бірден-бір сенімге лайықты тұлға екенін анық аңғартты. Қоғам мен билік арасындағы диалогты дамытуға ден қойды. Себебі, ол сайлауалды науқан барысында өңір-өңірді аралап, халықтың жай-күйімен етене танысқан кезде біраз мәселеге қаныққан еді. Өз айтуынша, көп жағдайда азаматтарымыз орталық және жергілікті органдар басшыларының құлықсыздығы мен бейқамдығына байланысты президентке жүгінуге мәжбүр болады.

Оқи отырыңыз

загрузка...

Соңғы жаңалықтар

Қызықты материалдар