27.09.2019, 18:35

Итжығыс: Ақын шенеуніктерді, шенеунік халықты масыл дейді

Жалпы, саяси мінберлерде «масыл» сөзі мүлде қолданылмауы керек-ау?! Биліктің де, бұқараның да «сіркесі су көтермей тұрған» кезеңде.

 

Белгілі ақын, қоғам қайраткері Олжас Сүлейменовтің мемлекетке халық емес, шенеуніктердің өзі масыл екенін меңзегені мәлім. Енді Сенатта бірнеше заңдардың шикілігін талқылаған депутаттардың бірі соның салдарынан халық арасында масылдық пиғыл пайда болғанын айтып отыр, деп жазады Skifnews.kz ақпарат порталы.

Кеше ғана Олжас Сүлейменов: «Аналар – елдің үміті. Көпбалалы аналарды қолдау керек. Мен көпбалалы аналарды әрқашанда қолдаймын. Өйткені, менің анам көпбалалы болды. Өзім сондай отбасынан шықтым. Көпбалалы аналарды масыл деп айтқан шенеуніктердің өзін солай атау керек. Олардың өздері масыл», - деп еді.

Ал бүгін сенатор Бектас Бекназаров: «Қазір қоғамда ең көп талқыланып жатқан әлеуметтік мәселені қарайық. Тез арада дайындалып, әлеуметтік атаулы көмек туралы заң қабылданды. Әрине, түсінемін, тез арада қабылдау керек болды. Бірақ, осыны талқылау кезінде ол заңның неге апарып соқтыратынын болжай алдық па? Қазір масылдық деген мәселе айтылып жатыр. Ал осы масылдықтың туындауына осы заң үлес қоспады деп кім айта алады?», – деді.

Сонымен, кім кімге масыл?

Жалпы, саяси мінберлерде «масыл» сөзі мүлде қолданылмауы керек-ау?! Биліктің де, бұқараның да «сіркесі су көтермей тұрған» кезеңде.