$ 498.34  519.72  4.85

Алматыда баласы пышақталып көз жұмған баланың туыстары тергеу барысына көңілі толмайды

Өткен аптада бір топ бозбала мен жігіттердің төбелесі кісі өлімімен аяқталған.

Алматыда жастар арасындағы жанжалдан кейін пышақталып көз жұмған Жалғас Сейілхановтың туыстарының тергеу барысына көңілі толмайды, «КТК» телеарнасы.

Осы оқиға бойынша бір жасөспірім ұсталған еді. Ал Жалғастың жақындары төбелеске қатысы бар өзге де мектеп оқушыларының жауапқа тартылуын сұрап отыр. Өткен аптада бір топ бозбала мен жігіттердің төбелесі кісі өлімімен аяқталған.

Көп қан жоғалтқан 24 жастағы жігіт ауруханада жан тапсырса, оның досы жарақат алды.

 - Екі отбасын бағып отырған баламай... 

Тұңғыш ұлын кеше жер қойнына тапсырған ананың жүрегі қан жылайды. Бұл қаза шиеттей екі баламен жесір қалған жұбайына да ауыр соққы болды. Өйткені 24 жастағы Жалғас Сейілханов үйдің қамқоршысы, әрі асыраушысы екен. Марқұмның туыстары полицейлердің сылбыр жұмысына наразы. 

Нәсипа Шәмшібаева, Ж. Сейілхановтың анасы: 

- Барлық баланы жазалау керек. Баламның достары көрген. Бәрінің қолында пышақ болған. Мен қарғамаймын да, ұрыспаймын да. Бала асырап отырған пендемін ғой. Әділ жаза сұраймын. Қолымен істегенді мойнымен көтерсін.  

22 қыркүйекте болған жігіттердің жаппай төбелесі бейнебақылау камерасына түсіп қалған. Видеода өзара келісе алмай ерегескен жігіттердің бір-біріне жұдырық сілтеп жаға жыртысқаны анық көрінеді. Арасында пышақ ұстаған жасөспірімдерді де байқауға болады. 

Екі топтың қып-қызыл төбелесі темір қақпаның ішінде болған. Жігіттер арасындағы кикілжің «жай сөйлеңдер» деген бір ауыз сөзден басталыпты. Артынша суық қару ұстаған мектеп оқушылары екі адамды пышақтаған. Ал көп қан жоғалтқан Жалғас Сейілханов ауруханада көз жұмды. 

Жанжалдан зардап шеккен Аятолла ауруханадан бүгін шықты. Желпілдеген бозбалалар оның ішін пышақпен осып жіберіпті. Ол қас пен көз арасында болған қырқысты қорқынышты түсіндей еске алды. 

Аятолланың айтуынша, оқушылар марқұмның жүрек тұсына ас үй пышағын бар күшпен сұғып алған.  Аятолла Ақылбек, зардап шеккен жігіт: 

- Маған да келіп пышақпен ұрды. Пышақты көтергенде қабырғам ұстап қалған екен. Содан кейін артқа жүріп, дос баламның жанына бардым. Олар артымыздан қуалады. Артымызда есік болды. Соны жауып тұрдым. Олар пышақталды деп айтты да, тұра қашты. Есік жауып тұрғанда үштөрт пышақ көрдім.  

Оқиға орнынан із суытқан жігіттердің біреуі қазір қамауда отыр. Оған «екі немесе одан да көп адамның денсаулығына қасақана зиян келтірді» деген айып тағылды. Кәмелет жасқа толмаған күдіктінің кінәсі дәлелденсе, ол 12 жылға дейін бас бостандығынан айрылуы мүмкін.  

Салтанат Әзірбек, Алматы қалалық полиция департаментінің ресми өкілі: 

- Аталмыш істі ашуға бағытталған арнайы тергеу тобы құрылып, төрт сағаттан кейін сезікті қолға түсті. Ол 2004 жылы туған. Жергілікті тұрғын. Қазір ҚКнің 106 бабы, 3 тармағы бойынша қылмыстық іс әлі де тергеуде.

Аталмыш оқиғаға қатысты тергеу жалғасып, полиция кісі өлімімен аяқталған төбелестің жай-жапсарын анықтауда. Жанжалға қатысы бар өзге оқушылар жауапқа тартыла ма, ол жағы әзірге белгісіз. Ал қайғыдан қан жұтқан отбасы Жалғас Сейілхановтың өліміне кінәлі адамдардың барлығы жазалансын дейді.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары

Тегтер:

#Алматы