Тараздың орталық алаңы экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың атына өзгертілді, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы, arasha.kz-ке сілтеме жасап.
Бұған дейін Ашық үкімет порталында Жамбыл облыстық мәслихатының Тараз қаласындағы «Достық» алаңын «Нұрсұлтан Назарбаев» алаңы деп өзгерту туралы шешімі жарық көрген болатын. Ондай ұсыныс 31 мамыр күні шығып, 14 маусымға дейін қоғамдық талқылауға қойылған.
Енді міне, «Тараз қаласындағы «Достық» алаңы «Нұрсұлтан Назарбаев» атына өзгертілсін», – делінген Жамбыл облысы әкімдігінің жарғысында. Құжатта жергілікті тұрғындардың пікірі мен Республикалық ономастикалық комиссияның келісімі ескерілген.
Енді осы тапсырманың орындалуына Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Сұлушаш Құрманбекова жауапты.
Айта кетейік, осыған дейін Республикалық ономастика комиссиясы Атырау, Ақтөбе, Қостанай және Жамбыл облыстарында Назарбаевтың құрметіне көше берілмейтіндігі туралы айтқан. Алайда, осы облыстарда көше орнына басқа нысандардың атауын өзгертуді ұсынды.