Бұл туралы Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек өзінің Facebook-тегі парақшасында хабарлады.
Әкімнің айтуынша, Жезқазғандағы су құбыры жөндеу жұмыстары кезінде жарылған.
"Жезқазған су құбырын жөндеу кезінде құбыр жарылып кеткенін біліп отырмын. Соңы аварияға ұласып отыр. Желінің жалпы ұзындығы – 60 км екен. Ол авария қаладан 25 шақырым жерде орын алды. Себебі – 50 жыл бұрын салынған құбырдың әбден тозуы", - деп жазды Жеңіс Қасымбек.
Соңғы мәліметтер бойынша дәл қазіргі уақытта 389 көпқабатты үй сусыз қалған. Су 3 қабаттан жоғары орналасқан пәтерлерге түспей отыр. Тұрғындарға тәулік бойы су тасымалдау ұйымдастырылды.
"Қазір жөндеу әрі қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде. Барлық қажетті техника мен мамандар тартылды. Сондай-ақ, апат орнында менің орынбасарым Ермағанбет Бөлекпаев, Жезқазған қаласының әкімі Қайрат Бегімов, тиісті мамандар сонда. Бұл жағдай менің тұрақты бақылауымда екенін жеткізгім келеді", - деп хабарлады әкім Facebook-тегі парақшасында.