$ 443.85  474.3  4.8

«Қоғамдық қабылдау мүлде жүргізбеген»: депутаттардың қызметтік былықтары әшкереленді

Әлеуметтік проблемасын бүкіл ел білетін Жаңаөзенде үш депутат бір де бір қоғамдық қабылдау өткізбеген. Ал оның төрт әріптесінің қабылдауына жұрт жазылған, бірақ олардың бір де біреуі бұл кездесуге келмеген.
фото: zakon.kz
фото: zakon.kz

Мәслихат депутаттары азаматтардың өтінішін қарауға ат-үсті қарайды, көбіне оны «қағаз жүзінде» атқарады, ал кейбіреуі өзі сайланған өңір халқымен кездесуге мүлде бармайды да, - деді Nur Otan партиясының бақылау комитетінің мүшесі Снежанна Имашева, деп хабарлайды Zakon.kz.

«Талдау жасадық, бірқатар заң бұзушылықтарға жол берілген. Көбінесе бұл – келіп түскен шағым-арыздарға түсініксіз ресми жауаптар, жауаптардың уақтылы берілмеуі, ҚР заңдарын өрескел бұза отырып, арыз-шағымға мүлде жауап бермеу. Біз қоғамдық қабылдаулар жұмыс ережесін қалай сақтайтынын мұқият қарастырдық. Ережеде депутаттың істеуі тиіс бес пункт бар: партия мүшелері жыл бойына партияның қоғамдық қабылдау бөлімшелерінде кемінде 4 рет жеке қабылдау өткізуі керек. Талдау нәтижесі кейбір партия мүшелерінің мұндай қабылдау өткізбегенін анықтады. Мұндай заңбұзушылық еліміздің барлық өңірі бойынша анықталды», - деді Снежанна Имашева комитет отырысында.

«Мәселен, міне жыл аяқталып барады, ал Ақтөбе облысында бүгінгі күнге дейін облыстық мәслихат депутаттары бір де бір қоғамдық қабылдау өткізбеген. Маңғыстау облысы бойынша да осындай жағдай. Әлеуметтік проблемасын бүкіл ел білетін Жаңаөзенде үш депутат бір де бір қоғамдық қабылдау өткізбеген. Ал оның төрт әріптесінің қабылдауына жұрт жазылған, бірақ олардың бір де біреуі бұл кездесуге келмеген.

Қарағанды облысында Приозерск қалалық мәслихатының 10 депутаты осы жылдың сегіз айы бойында тек бір азаматты қабылдапты. Қарағанды қалалық мәслихатының 27 депутаты 12 азаматты қабылдаған, ал қалған 35 қалалық мәслихаттың депутаты партияның қоғамдық қабылдауларын мүлде жүргізбеген», - дейді комитет мүшесі.

Тағы бір кемшілік, оның айтуынша, депутаттар немесе қалалық басқармалардың бірінші басшылары азаматтармен кездесуге келмей, өз көмекшілерін жібере салады. Әрине, ел наразы бұған.

«Өңірдегі кездесулерге келер болсақ, елімізде 6,5 мың ауылдық елді-мекен бар. Шамамен 2 мыңға жуық қабылдау бөлімдері бар, сонымен қатар аймақтардан сайланған депутаттардың саны 3 мыңнан асады. Міне, осындай көрсеткішке қарамастан, сайлаудан соң депутаттың төбесін көрмеген ауылдар бар бізде. Ауыл халқы, тіпті кімге дауыс беріп, кімді сайлағандарын да ұмытып қалады. Бұл – шындық», - деп атап өтті Имашева.
Салдарынан ауыл тұрғындары өз проблемасын өзі шешуі үшін жүйкесін тоздырып, ақшасын шығарып аудан орталығына, қала берді облысқа, тіпті астанаға ат терлетіп барады. Алайда, әдетте, құзырлы мекеме есігін қағып келген адамның мәселесі сол өз жерінде, өз орнында-ақ шешуге болатын нәрсе болып шығады.

«Мен мүлде түсіне алмадым, неге біздің алып партиялық депутаттық корпус жылына 2-3 елді- мекенді игеріп, өз жұмысын дұрыс атқара алмайтынын. Партия жұмысындағы бұл олқылықтың көзін жою керек деп санаймыз. Ауыл-ауылға шығатын қоғамдық қабылдаулар санын арттыру керек, ауылдағы әрбір адамның шағымы мен арызын білу үшін. Біз бүгін келтірген мысалдар барып тұрған бассыздық, мұндай жауапсыз қарым-қатынас партияның мақсат-мүддесіне мүлде сәйкес келмейді. Партияда тәртіпті күшейту қажет. Мүмкін енжарлық танытқандардан, өзін түзегісі келмейтіндерден және партияның айтқанын тыңдағысы келмейтіндерден арылғанымыз дұрыс шығар», - деп сөзін қорытындылады Снежанна Имашева.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары

Тегтер:

#депутаттар