Өнертанушы Ерлан Төлеутайдың мына бір пікірі іштен тынып жүрген талайдың айызын қандырғандай екен. Өнертанушы барша бақытсыздығымыз бен сәтсіздігіміздің бастауында тұрған себепті бетің бар, жүзің бар демей тура айтыпты, деп жазады dalanews.kz.
«…Менің байқағаным, торгаштардың тұқымынан ешқашан мемлекетшіл тұлға шықпайды екен. Олар əртүрлі шетелдік экспансиялық, диверсиялық жобалардан делдал болып үлес алып, ақша табу үшін үнемі мемлекет мүддесіне қарсы əрекет етеді.
Ал жемқорлардың жиылып партия құра алмайтын себебі, олар – мемлекет бюджетін тонап байығандар, яғни шенеунік тонын жамылып алып, мемлекет қазынасын тонаған қарақшылар. Ал қарақшыда мемлекеттік, ұлттық сана болмайды. Олар ешқашан мемлекттік сана биігіне көтеріле алмайды. Ал оппозициялық партияның дені мемлекетшіл тұлғалардан, ұлттық буржуазия алпауыттарынан жасақталуы тиіс.
Кезінде билік Бутя бастаған келешек ұлттық буржуазия олигархтарының көрін өз қолымен қазды. Карметкомбинатты Бутядан тартып алып, Үндістан еврейі Лакшми Митталға су тегінге бере салғаны есіңізде шығар. Билік егер жөргегінде тұншықтырмағанда, жерасты байлығы мол мемлекетте ұлттық буржуазия аз уақытта есепсіз байып, өзінің билігіне ие бермей кететінін бірден сезді.
Сезді де ұлттық буржуазияны құрдымға жіберді. Сөйтті де маңайына саудагерлердің тұқымы – өңшең жемқорларды жиып алып, өзінің отыз жылдық билігін қамтамасыз етті.
Ал ұлттық буржуазия болса қазақта əлі жоқ. Қазақ ұлттық буржуазиясының жоқтығының сазайын əлі талай заман тартатын болады.
Себебі ұлттық буржуазиясы жоқ елге көрінген трансконтинентальды компаниялар, Қытай сияқты аждаһа мемлекеттер қожа болып алады. Алды да!
Қазіргі қазақ билігінде Қонаев заманынан келе жатқан торгаштардың тұқымдары өте көп! Олар ақша үшін шетелдік компаниялардың ықпалына тез түседі. Сөйтіп, мемлекет мүддесін арсыздықпен сатып жіберіп жатыр. Соның бір айғағы, Лондонға жиылған ел тонап, есепсіз байыған қашқын қарақшылар құрылғалы жатқан жалғыз оппозициялық партияны сатып жіберді.
Егер ұлттық буржуазия болғанда, қазақ қоғамындағы қазіргі ситуация мүлде басқаша сипатта өрбір еді.
Мен саясаттың сасық ауылында шошайып жалғыз қалған Ермұрат Бапи ағамды түсінемін, бірақ амал нешік, ұлттық буржуазиясы, мемлекетшіл тұлғалары жоқ елдің саяси өмірінің сиқы осылай болып қала бермек».
P.S. «Ұлттық бизнес өкілдерінің құлақтарына алтын сырға. Иә, оппозициялық қозғалысқа бизнес келіп қосылмайынша, әркім «өз қотырын» өзі қасып, «сен тимесең, мен тимен, бадырақ көз» болып жүре бермек. Оппозиция түгіл, осы Фейсбукті сүзіп шығалық: мұнда Марғұлан Сейсембай мен Zeinulla Kakimzhanovтан басқа ұлттық бизнестің ірі өкілдері бар ма екен? Бетке басар он бизнесмен таба алар ма екенсіз?», – дейді журналист Ермұрат Бапи.