Әне-міне дегенше 2015 жыл да соңына жетіп, қоғам жеткен жетістіктерді, кеткен кемшіліктерді тізбектеп, жылды қорытындылап жатыр. Осы тұста біз де биыл елімізде орын алған атышулы сот процестері туралы азды-көпті мәлімет беруді жөн көрдік.
Ұлтаралық дүрдараздық қоздырған азаматша
Әлеуметтік желіде ұлтаралық дүрдараздықты қоздырғаны үшін айыпталған алматылық Татьяна Шевцова-Валова есімді азаматша ҚР Қылмыстық кодексінің 164 бабының 1 бөлімі бойынша кінәлі деп табылды. Facebook қолданушылардың арызынан кейін үй қамаққа алынған әйелге сот 4 жылға шартты түрде (3 жылға сынақ мерзімімен) бас бостандығынан айыру туралы үкім шығарды.
Бостондағы қазақ студенттері
2013 жылдың сәуір айында Бостон қаласында болған терактіден кейін тұтқынға алынған қазақстандық суденттер Азамат Тәжаяқов пен Диас Қадырбаевтар тергеу жұмыстарына кедергі келтірді деп айыпталды. Екі жылға жуық созылған сот процесінен кейін Азамат Тәжаяқов – 3 жарым жылға, Диас Қадырбаев - 6 жыл мерзімге бас бостандықтарынан айырылды.
Бостон қаласындағы марафон кезінде болған жарылыстардан 3 адам қаза тауып, 280-нен астам адам жарақат алған болатын.
Түрмедегі миллионер
Әліби-Жамалиев оқиғасы туралы еңбектеген баладан, еңкейген кәріге дейін хабардар деген ойдамыз. Себебі, еліміздегі БАҚ-тарда және әлеуметтік желіде ең көп талқыланған тақырыптардың бірі осы.
Сот шешімімен бизнесмен Қайрат Жамалиев - 13 жылға, оның серіктері Арман Әбілтаев пен Анатолий Прибытков 12 және 8 жылға бас бостандықтарынан айырылды.
«Чукотка» барының іргесіндегі оқиға
Наурыз айында Алматыдағы түнгі клубтардың бірінде керісіп қалған В.Кузнецов пен С.Мұратқалиевтардың арасындағы төбелес қайғылы жағдайда аяқталды. С.Мұратқалиев ауыр соққылардан көз жұмды. А.Кузнецовтың үстінен ҚР Қылмыстық кодексінің 102 бабы – «Өзін-өзі қорғау шегін асырғандықтан кісі өлтіргені» үшін іс қозғалып, 1 жарым жылға бас бостандығынан айырылған болатын. Алайда, тараптардың шағым түсіруіне байланысты іс қайта қозғалды. Жергілікті БАҚ-тар мен әлеуметтік желіде қызу талас тудырған сот процесі барысында прокурор А.Кузнецовты «Кісі өліміне соқтырған денсаулыққа аса зор зиян келтіргені үшін» айыптауды ұсынуда. Қазіргі таңда сот процесі жалғасуда.
Тайраңдаған той кортежі
29 қыркүйекте Астана көшелерінде жол ережесін өрескел бұзған той кортежі туралы бейнеролик жарияланды. Әлеуметтік желіде сынға ұшыраған бейнеролик кейіпкерлері көп ұзамай құрықталды.
Әкімшілік құқық бұзу ережесінің: қарсы бағытқа шыққаны үшін; қозғалыс қатарларын бұзғаны үшін; кері бағытта жүргені үшін; көлік құралын мемлекеттік нөмірсіз жүргізгені үшін; автокөліктерге стробоскоп қойғаны үшін; дыбыс белгісін беру ережесін бұзғаны үшін... айыпты деп табылған жүргізушілерге жалпы көлемі 500 мың теңгеге жуық айыппұл салынып, төртеуі жүргізуші куәлігінен айырылды. Той кортежінде болған жас жұбайлардың бірі ҚР Ішкі істер министрлігі әкімшілік полиция комитеті төрағасының орынбасары Бақытжан Балташевтің ұлы екендігі анықталып, жоғарғы лауазымды шенеунік өз арызы бойынша қызметінен босатылды.
«ЭКСПО-2017» құрбаны
Сыбайлас жемқорлықпен айналысқан деген күдікпен, биылғы жылдың маусым айында «Астана ЭКСПО – 2017» ҰК экс-төрағасы Талғат Ермегияев тұтқынға алынды. Көп ұзамай ұлттық компанияның бұрынғы басқарушы директоры Сұламбек Баркинхоев, ҚР Спорт және дене шынықтыру агенттігі төрағасының орынбасары Азамат Тұматаев та осы іске қатысы бар деген күдікпен тұтқындалды. Бас прокуратураның хабарлауынша, осы оқиғаға қатысты іс Бас прокуратураға әлі түспеген.
Әкесін қызметінен босатқан бозбала
Кинопарк кинотеатрында сусын сатып тұрған кассир қызды теуіп, жалпасынан түсірген басбұзардың әрекеті де қой жылы қазнетті шулатқан оқиғалардың қатарына кіреді. Бұл жігіт те қатардағы қарапайым адамдардың бірі емес болып шықты. ҚР Премьер-Министрі кеңсесінің белді қызметкері Болат Тұракелдиевтің ұлы Қуаныш Тұракелдиев.
Бірнеше күннен кейін баласының кесірінен әкесі өз еркімен арыз жазып, қызметінен кетті. Қылмыстық кодекстің тиісті бабы бойынша қозғалған қылмыстық іс те көп ұзамай екі тараптың келісімге келуіне байланысты тоқтатылды.
Серік Ахметов және оның серіктері
Тәуелсіздік тойының қарсаңында Тәуелсіз елдің экс-премьері Серік Ахметовтің ісіне нүкте қойылды. Қарағанды облыстық мамандандырылған ауданаралық соты сыбайлас жемқорлық қылмысы үшін Серік Ахметовті 10 жыл мерзімге бас бостандығынан айырып, мүлкін тәркілеу туралы шешім шығарды.
Қарағанды қаласының экс-әкімі Бауыржан Әбдішев те 5 жылға қамалып, мүлкі тәркіленіп, тағы 5 жылға мемлекеттік қызметтен шеттетілді. Әбдішевтің бұрынғы орынбасары Ғабит Мұхамбетов 3 жылға бас бостандығынан айырылды.
Берік ТҰРЖАН