$ 494.87  520.65  4.91

«Бұл – саяси акция»: Бауыржан Байбек белсенділердің мешіт алдында садақа сұрау себебін түсіндірді (ВИДЕО)

«Нұр Отан» партиясына ақша қажет емес» деген Байбек сотқа шағымданған «Нұр Отан» мүшелеріне белсенділер төлейтін өтемақыны қайырымдылыққа жұмсайтынын айтты.
фото: zakon.kz
фото: zakon.kz

«Нұр Отан» партиясы төрағасының орынбасары Бауыржан Байбек өткен аптада Нұр-Сұлтандағы мешіт алдында «садақа сұрап», акция өткізген белсенділердің шарасы жайлы естігенін айтып, оны «саяси акция» деп атады, деп жазады Азаттық радиосы.

«Нұр-Сұлтан қаласына ұшақпен келу, ол жерге жету біраз ақшаны талап етеді ғой. Сондықтан менің ойымша, бұл – саяси акция. Ол ақшамен байланысты емес», - деді Бауыржан Байбек.

22 қарашада күндіз жұма намазы уақытында Нұр-Сұлтандағы «Хазірет Сұлтан» мешітінің алдында Санавар Закирова бастаған бірнеше әйел «ақша жинау» акциясын өткізген. Белсенділердің айтуынша, олар бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаев басқаратын партия мүшелерінің шағымы бойынша өздеріне салынған өтемақыны төлеу үшін «садақа сұрауға» мәжбүр болған. Мешіт алдында ақша жинап тұрған кезде арнайы жасақ өкілдері мен полиция келіп, төрт әйелді ұстап әкетті. Кейінірек үш әйелдің әрқайсысына «қоғамдық орынға бару ережесін» (Әкімшілік кодексте «Қоғамдық орында тиісу» деп көрсетілген) бұзғаны үшін 12 625 теңге (32 доллар) көлемінде айыппұл салынды.

26 қарашада «Нұр Отан» партиясына ақша қажет емес» деген Байбек сотқа шағымданған «Нұр Отан» мүшелеріне белсенділер төлейтін өтемақыны қайырымдылыққа жұмсайтынын айтты.

18 қарашада Алматы қаласының Жетісу аудандық соты моральдық шығынның өтемақысы ретінде азаматтық белсенділер Санавар Закирова, Әлнұр Ильяшев және Марат Тұрымбетовті «Нұр Отан» партиясының төрт мүшесіне әрбіріне бір жарым миллион теңгеден (шамамен 3875 доллар) ортақтасып төлеуді міндеттеген. Сот шешімі күшіне енген жағдайда жауапкерлер «Нұр Отан» партиясына сот шығыны үшін 60 мың теңгеге жуық ақша төлеуі тиіс.

Сот сонымен бірге үш белсендіні Facebook-тағы парақшаларында «Нұр Отан» партия құруға кедергі жасады» деген мазмұндағы жазбаларын терістеуді де міндеттеген. Жауапкерлер соттан талап арызды қанағаттандырудан толық көлемде бас тартуын сұраған.

«Нұр Отан» мүшелерінің сотқа шағымдануына әлеуметтік желілер мен ақпарат құралдарында белсенділер жариялаған жазбалар түрткі болған. «Нұр Отан» өкілдерінің айтуынша, бұл жазбаларда Закирова, Ильяшев және Тұрымбетов «шындыққа сәйкес емес ақпарат» таратқан.

Биыл көктемде белсенді Санавар Закирова «Наше право» партиясын құру және құрылтайын өткізу туралы бастама көтеріп, ақпарат жариялағалы бері түрлі кедергілерге тап болғанын мәлімдеген еді.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары