$ 494.87  520.65  4.91

Әл-Фараби – 1150 жыл, Шымкент – 2200 жыл: қос мерейтойды атап өтуге ЮНЕСКО ресми қолдау білдірді

40-шы Бас конференция бекіткен тізімге 53 мүше мемлекеттің ұсынысы енді.

Әл-Фарабидің 1150 жылдығы мен Шымкент қаласының 2200 жылдығын атап өту жөнінде ұсыныс ЮНЕСКО ұйымы тарапынан ресми қолдау тапты, деп хабарлайды «The Qazaq Times».

ҚР Сыртқы істер министрлігі таратқан аақпаратта: «2019 жылғы 12-27 қараша аралығында Франция астанасында өткен ЮНЕСКО-ның 40-шы Бас конференциясы ортағасырлық Шығыстың ғұлама ойшылы әрі ғалымы Әбу Насыр Әл-Фарабидің 1150 жылдығын және Шымкент қаласының негізі қалануының 2200 жылдығын келесі жылы атап өтетін халықаралық мерейтойлар тізіміне енгізу жөнінде арнайы қарар қабылдады», - делінген.

Ұйымға мүше 193 мемлекеттің ортақ шешіміне сәйкес, ЮНЕСКО Хатшылығына аталған мерейтойлар аясында өткізілетін іс-шараларға қатысу тапсырылған. Бас конференцияның пленарлық жиналысында Қазақстанның Франциядағы Елшісі әрі ЮНЕСКО жанындағы Тұрақты өкілі Жан Ғалиев мүше мемлекеттерге еліміздің ұсыныстарын қолдағандары үшін алғыс білдіріп, оларды аталған мерейтойларға, және қазақтың ұлы ақыны әрі ойшылы Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына орай елімізде және шетелде өткізілуі жоспарланып отырған іс-шараларға қатысуға шақырды.

ЮНЕСКО мерейтойлары күнтізбесіне енгізу жөнінде өтініштер, атап өтілуі Ұйымның жаһандық мәдениет, ғылым мен білімге қосқан үлестерін насихаттау арқылы халықтарды жақындастыру мақсатына сай келетін, маңызды оқиғалар, айтулы тұлғалардың туғанының немесе қайтыс болғанының елуге бөлінетін даталарға қатысты болуы тиіс.

40-шы Бас конференция бекіткен тізімге 53 мүше мемлекеттің ұсынысы енді. Солардың арасында – көне түркі жазуының аса маңызды үлгілерін қамтитын Білге қаған мен Тоңықұқ (Тоңыкөк) ескерткіштері орнатылуының 1300 жылдығына арналған іс-шараларға ЮНЕСКО-ның қатысуы жөнінде түркітілдес елдер мен Моңғолияның бірлескен ұсынысы да бар.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары