Бұл жолы Шымкент қаласының әкімдігі әлеуметтік желіге жариялап, проблемасы бар тұрғындарды өздері шақырды. Сол-ақ екен, шағым арқалағандардың тізімі толып кетті, деп хабрлайды Sn.kz.
Ел құлағы елуден қала әкімінің қабылдауы деп естігіндер шағымын арқалап жеткен. Бірі — қолына кішкентай баласын ұстап жүр, енді бірі — сыр берген денсаулығына қарамастан амалсыз кезекте тұр. Таңғы сағат тоғыздан басталған қабылдауға түскі уақытқа дейін 12 адам кіріп үлгерді. Көпшілігі әлеуметтік мәселені қозғай келген. Әрине, ортасында жеке басына қатысты жағдайды айтқандар да болды. Солардың бірі — Қарлығаш Құлтаева. 2014 жылы айтып келмейтін апаттан аяқ-асты мүгедек арбасына таңылған азаматша өмірге өкпелі емес. Тек сол өмірде жүрген жауапсыз жандарға қапа.
Қаладағы баспана баспалдақтарының көпшілігі мүгедек жандарға жайлы емес. Қарлығаш сондықтан бірінші қабаттан үй беруін өтінді. Және тұрақты ем алу үшін квотаның құжаттары да кедергі келтірмесе екен. 35 жасар азаматша денсаулық саласындағы осы секілді мәселелерді айтып, Ерлан Айтахановпен еркін сөйлесіп алды. Әлеуметтік мәселені арқалап келгендердің көпшілігі жол, су, жарық азабынан шаршаған. Мегаполисте тұрып жатқан тұрғындар «бізге қарағанда ауылдың жағдайы айналайын» дейді. Тіпті әкімнің өзі мұны мойындап, барды бар, жоқты жоқ деді.
Қабылдауға келгендердің барлығы демесек те, тең жартысы қоғамдық көлікке ренжулі. Минут пен секунд үшін жарысатын автобустар кешкі сағат жетіде жұмысын тоқтата бастайды. Жұмыстан сол уақытта шығатын тұрғындар осы мәселені көтеріп, ашынды. Шындығында соңғы уақытта Шымкентте қоғамдық көліктің проблемасы өршіп тұр. Хабары бар әкім осы жағдайға ұзағырақ тоқталды. Жауаптыларды тікесінен тік тұрғызып, тапсырма беріп өзі қадағаламақ ниетте.