Алматы қаласында «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында қалалық әкімдіктің ұйымдастыруымен өткізіліп жатқан шаралар аз емес. Солардың бірсыпырасы туралы қала басшысы Бақытжан Сағынтаев айтты. Бұл туралы Sn.kz. хабарлайды.
Алматыда жыл сайын «Ұлы Дала – көшпенділер әлемі» халықаралық этникалық фестивалін өткізу игі дәстүрге айналған.
«Фестиваль ұмыт бола бастаған ұлттық дәстүрлерді, түркі әлемінің спорт ойындарын насихаттауға және өскелең ұрпақтың ұлттық өнерге, тарих пен мәдениетке деген қызығушылығын арттыруға бағытталған», - деді Бақытжан Сағынтаев.
Айта кетейік, дәстүрлі іс-шараға еліміздің өнерпаздарымен қоса, Венгрия, Моңғолия, Украина, Өзбекстан, Қырғызстан, Башқұртстан, Тыва, Дағыстан, Саха, Алтай, Қалмақиядан және т.б. түркі елдерінен келген өкілдер қатысады.
Мұнда түркі елдерінің дәстүрлі ән мен күйін, салт-дәстүрін, жауынгерлік өнері мен ұлттық спортын тамашалап, ас мәзірінен дәм татқан көрермендер (олардың саны 30-40 мың адамға дейін жетеді) ерекше әсермен қайтады.
Сондай-ақ, қаладағы тарихи-мәдени ескерткіштер туралы әңгімелеген қала басшысы Райымбек батыр кесенесінің келешектегі келбеті туралы да айтты.
«Алматы қаласының тарихи және мәдени ескерткіштерінің бірегейі – Райымбек батыр кесенесі де киелі нысандар қатарында. Кесене келбетінің сақталуын қамтамасыз ету мақсатында әкімдік тарапынан реставрациялық жұмыстар жүргізілді.
Алдағы уақытта Райымбек батыр кесенесінің туристік тартымдылығын арттыру үшін кесене аумағынан «Райымбек батыр музей-кешенін» (2 түнеу және намазхана салу) құру жоспарланған», деді Алматы әкімі. Ал Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының музей-үйі «Қазақстанның киелі жерлерінің географиялық картасына» енген.
«Ахмет Байтұрсынұлының музей-үйінің қалыптасу тарихын, құрылымы мен зерттелуін жан-жақты ашып сипаттау мақсатында «Ахмет Байтұрсынұлы музей-үйі» түрлі-түсті фотоальбомы және ұлт ұстазының өмірбаяны мен еңбек жолын суреттейтін «Ахмет Байтұрсынұлы» фотожинақ-кітабы шығарылып, қалың оқырманға ұсынылды», деді қала әкімі.
Жалпы, республикалық маңызы бар киелі нысандардың тізіміне Алматы қаласының аумағында орналасқан 6 нысан еніп отыр. Олар: «Тәуелсіздік» және «Тәуелсіздік таңы» монументтері, бұрынғы Үкімет үйі (қазіргі Қазақ-Британ техникалық университеті), Райымбек батыр кесенесі, Ахмет Байтұрсынұлының музей-үйі, Вознесенск Кафедралды шіркеуі, «Боралдай Сақ қорғандары» археологиялық паркі. Бұдан бөлек, Алматы қаласының жергілікті маңызы бар киелі жерлерінің тізімінде 9 нысан бар.
«Аталған киелі нысандар мен қаланың көрікті жерлерін танымал ету және киелі жерлерге туризм инфрақұрылымын құру бойынша бүгінде әкімдік нақты шараларды жүзеге асыруда. Мәселен, жаз айларында Алматы тұрғындары мен қонақтарына, оның ішінде шетелдік меймандарға арналып, қала аумағында орналасқан киелі нысандармен кеңінен танысуға мүмкіндік беретін арнайы туристік маршрут іске қосылды. Туристік көліктер қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде экскурсия жүргізетін аудио-гидтармен жабдықталып, арнайы 2 бағытта: Республика алаңы (Тәуелсіздік монументі және Тәуелсіздік таңы), Бұрынғы Үкімет үйі (қазіргі Қазақ-Британ техникалық университеті), Вознесенск Кафедралды шіркеуі, «Боралдай Сақ қорғандары» археологиялық саябағы, Медеу шатқалы және шаһардағы тағы басқа да киелі нысандар бойынша экскурсиялар ұйымдастырылды», - деді Бақытжан Сағынтаев.