12.12.2019, 11:15

«Ой саларлық екен»: қазақтар Ангела Меркельдің сыра ішкенін де саясатпен байланыстырып отыр (ФОТО)

«Қазіргі біздің қоғам осындай адамдардың өзіне зар боп қалды ғой. Бізде адал ас ішіп, тура жолда жүрген сияқты. Ал нәтижесінде парақор, тәкәппар, өтірікші, жағымпаздар қаптап жүр».

Белгілі әнші Бейбіт Көшқалиев facebook парақшасына Германияның федералдық канцлері Ангела Меркельдің бір саптыаяқ сыраны сіміріп отырған суретін жүктеді, деп жазады Skifnews.kz ақпарат порталы.

Суреттің үстіңгі жағына арабша жазу жазылған. Ал көптен бері өзінің де бір діни бағытты ұстанатынын аңғартып жүрген Бейбіт Көшқалиев: «Олар арақ-шарап ішеді, шошқаның етін жейді, бірақ, адамдардың, жетімнің, пақыр-мұқтаждың малын жемейді», - деп қазақша жазба қалдырған.

Оған Руслан Кулымбетов есімді желі қолданушы «Ой саларлық екен» деп қолдау танытса, Орынбасар Райханов деген азамат: «Бұл сөзіңіздің астарында иман келтіргендерді кемсіту тұр ғой, бауырым!» - деп реніш білдірген. Ал Orken Sarsenbayev оған: «Бұл жерде кемсіту емес, мұсылмандарға ескерту! Кім нені іздесе, соны табады», - деп кейіп отыр.

Ерболат Әлқожа атты азамат болса, «Қазіргі біздің қоғам осындай адамдардың өзіне зар боп қалды ғой. Бізде адал ас ішіп, тура жолда жүрген сияқты. Ал нәтижесінде парақор, тәкәппар, өтірікші, жағымпаздар қаптап жүр», - деп, жазба авторынікімен үндес пікір қалдырды.

Кім не десе де, бұл – Ангела Меркель ханымның саптыаяқ толы салқын сыраны алғаш сіміріп тұрғаны емес. Ашық дереккөздерде оның түрлі басқосуларда үнемі «шөл басып» тұратын сәттерінен фотоайғақ баршылық.

Алайда, федералдық канцлердің іскерлігіне қатысты жоғарыдағы жақсы анықтамаларға алып-қосарымыз жоқ.