$ 447.4  477.55  4.76

«Astana LRT-ның» ақшасын жымқырған әкім орынбасарына халықаралық іздеу жарияланды

Перовтың мәліметінше, қазір әкімдіктің 5 лауазымды қызметкері мен мердігер компаниялардан 6 адам жауапқа тартылып отыр.

Жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі екінші департаментінің жетекшісі Сергей Перов «Astana LRT» жобасына қатысты қылмыстық істің аяқталуға жақын екенін хабарлады. Ол Астана қаласының бұрынғы әкімінің орынбасары Қанат Сұлтанбеков пен «Astana LRT» бұрынғы басшысы Талғат Ардан шетелдік компаниялардың қатысуымен жемқорлық қылмысын ұйымдастырғанын айтты, деп жазады Азаттық рухы.

«Аталған тұлғалар әкімдіктің басқарма басшылары Аманжоловтың, Нұрпейісовтің араласуымен жоба шығынын 24 млрд теңгеге көбейтіп жіберген. Бұл сомаға жобалық-сметалық құжат шығындары, консультациялық қызметтер көрсету және техникалық бақылау кірген. Өз кезегінде мердігер ұйым басшылары жоғары сомаға келісім-шарттар жасап, ақшаны жалған компаниялар арқылы шешіп алып отырған. Соның салдарынан мемлекетке 5 миллиардтан аса шығын келді», - деді ол.

Айтып өтейік, Ж. Нұрпейісов әлі күнге дейін Нұр-Сұлтан қаласы мәслихатының депутаты екен. Перовтың мәліметінше, қазір әкімдіктің 5 лауазымды қызметкері мен мердігер компаниялардан 6 адам жауапқа тартылып отыр.

«5 адам ұсталып, қамауда отыр. Үшеуіне халықаралық іздеу жарияланды. 3 адам өз кінәларын мойындағандықтан, тұтқындалған жоқ. Іс бойынша тергеу жұмыстары ай соңына дейін аяқталады. «Астана LRT» құрылысы, оның ақшасының Астана банкінде сақталуына қатысты Ұлттық банк шешімі мен құрылыс сараптамасының нәтижесі де шығады», - деді ол.

Интерпол бұрынғы қала әкімінің орынбасары Қанат Сұлтанбековке, бұрынғы «Astana LRT» басшысы Талғат Арданға және жеке компания басшыларының бірі Дәурен Абдулхамитовке іздеу салуда.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары

Тегтер:

#Astana LRT