17.12.2019, 14:20

«Президент мырза, менің көңілімді қалдырмаңыз!»: 85 жастағы актриса Тоқаевқа хат жазды

фото: tsn.ua
«21 ғасырда осындай азаптауларға жол беруге бола ма? Францияда немесе әлемнің басқа елінде бұндай әрекеттерді жасаған адамдар психопат болып танылып, емделуге жіберіледі болмаса ұзақ мерзімге түрмеге тоғытылады».

Атақты француз актрисасы және жануарлар қорғаушысы Брижит Бардо Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа хат жазды, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы, Sputnik-ке сілтеме жасап.

Бұл ашық хатында Брижит Бардо Қазақстанда көше кезген бұралқы жануарлар жауыздықпен өлтірілетінін жазған. Хат қордың сайтында жарияланып, француз және қазақ тілдерінде Sputnik Қазақстан редакциясына да жолданыпты.

«Сіздің елдегі қаңғыбас жануарлардың тағдырын білгендегі үрей мен үмітсіздік мені осы хатты жазуға итермеледі. Иттер мен мысықтардың жауыздықпен ұсталып, варварлық жолмен өлтірілгеніне куәлік ететін фактілер бізге түсіп жатыр. Осылайша көшелерді ит-мысықтардан тазалайтын «Жануарларды бақылау» қызметтеріне көп ақша төленеді», делінген хатта.

Актриса жазбасымен қатар, қинап өлтірілген жануарлардың суреттері де болған. Бұдан бөлек, бірқатар жантүршігерлік фактілер жазылған, мәселен, Атырау мен Оралда ит-мысықтарды тірідей өртеп жіберген.

«21 ғасырда осындай азаптауларға жол беруге бола ма? Францияда немесе әлемнің басқа елінде бұндай әрекеттерді жасаған адамдар психопат болып танылып, емделуге жіберіледі болмаса ұзақ мерзімге түрмеге тоғытылады», - дейді Бардо.

Ол Қасым-Жомарт Тоқаевтан далада қалған жануарларға қатысты адамгершілік танытуды сұрайды.

«Гуманды жол дегеніміз – зарарсыздандыру, таңбалау, бұралқы жануарларды қорғауға қатысты құқықтарды кеңейту. Қазіргі уақытта ит-мысықтарды жоюға бөлініп жатқан қаржыны осы бағыттарға жұмсауға болады», - дейді зооқорғаушы.

Сонымен қатар Бардо өзінің жануарларды қорғау ұйымының көмегін ұсынған.

«Менің қорым қазіргі стратегияны өзгертуге көмектесуге әзір. Сіздің еліңіздің қорғаушыларымен бірге жануарларды қорғау туралы жаңа заң әзірлесеңіздер жөн болар еді», - деп өтінген Бардо.

Бұл ретте, ол Тоқаевтан бұл істі кейінге қалдырмауды сұрайды. Сол үшін өзі қор өкілін Қазақстанға жіберуге дайын.

«Мен сізден тез және оң жауап күтемін және өз қорымның өкілін жіберуге әзірмін. Ол бұралқы ит-мысықтарды аяусыз өлтірмей, оларды бақылаудың амалдарымен бөліседі. Президент мырза, менің көңілімді қалдырмаңыз!» деп аяқтаған хатын Бардо.

Еске сала кетсек, 1934 жылы 28 қыркүйекте туған Брижит Бардо қазір 85 жаста. Француз актрисасы, әнші, фотомодель және жазушы. Ол 1970 жылдан бері белсенді түрде жануарларды қорғаумен айналыса бастаған. «Брижит Бардо қоры» ұйымын құрған.

Тегтер: Тоқаев хат