$ 498.34  519.72  4.85

Назарбаев «Аллажар» фильмін біраз жерін қысқартса, Мемлекеттік сыйлыққа ұсынбақ болған

«Имекең маған фильмді қысқарту туралы президентіміздің кеңесі жазылған қағазды көрсетті. Онда Нұрекең фильмде алып тастауға тиіс кадрлердің тізімін беріпті».

Белгілі режиссер, Желтоқсан көтерілісі туралы «Аллажар» атты айтулы фильмді түсірген Қалдыбай Әбенов Тәуелсіздік күні қарсаңында abai.kz сайтына сұхбат беріпті. Онда бұрын-соңды айтылмаған біраз жайттың басы ашылған, деп жазады Skifnews.kz ақпарат порталы.

Біз оқырман назарына сол көлемді сұхбаттың негізгі үзінділерін алып ұсынып отырмыз.

«Аллажардың» алғашқы сценарийінде бас кейіпкер алқаш етіп көрсетілген

«Мен бұл фильмді әу баста Нұрлан Сегізбаевпен бірге түсіремін деп ойлағанмын. Ол менің жақсы досым еді. Екеуміз 87 жылдың аяғында фильмнің атын шамамен «Аллажар» деп жобалап қойғанбыз. Сөйтіп, бір күні Нұрлан екеуміз жолықтық. Нұрлан бұл тақырыпқа сценарий жазып, бастап кеткенін айтты. Менде де біраз ойлар жүрген. Бірақ, әлі бастамаған едім. Сөйтіп, мен оған жазғаныңды алып кел дедім. Оның сценарийімен танысқан соң, бірден «Нұрлан, Желтоқсан оқиғасын бұлай бастауға болмайды» дедім.

Онда ауылдан келген бір жігіт қалада жұмыс істейді. Сөйтіп, 17-сі күні арақ ішіп алаңға шығып, полицейдің машинасын өртейді. Алаңда жүріп орыстың бір әйеліне күш көрсетеді. Содан ауылына қашып барады. Онда да өз үйіне бара алмай, тауға кетеді. Сонда қар көшкіні болып, әлгі жігіт сонда өледі. Қысқаша осылай.

Бірақ, мен ол жерден ешқандай Желтоқсанды көрмедім. Өйткені, мен алаңда болдым ғой. Сондықтан Сегізбаевтың позициясы біздің ұлтқа қарсы болды. Оның үстіне Нұрлан «Аллажар» дегенді түсінбей «Аллаяр» деп жазыпты. Менің түзетуіме «соның не керегі бар» дегендей кіжіне сөйледі. Орыс тілді ғой...

Одан бөлек, бірнеше жерде екеуміздің ұстанымдарымыз сәйкес келмеді. Сөйтіп, ол «Аллажардан» бас тартамын деп қолхат жазып берді. Сегізбаевтың сол хаты менде әлі күнге сақтаулы».

Содан кейін Қалдыбай Әбенов фильмнің сценарийін өзі жазып шыққан.

Кино үшін ҰҚК пленкалары ұрланған

«Ол кезде барлық пленкалар пленка өңдеу цехында (ЦОП) болатын. Біздің «Қазақфильмдегі» кинопленкалар да сол ЦОП-та жасалады. Оның бастығы Жанна Мұңайтпасова деген апамызбен жақсы араласатын едім. Сол кісі маған юбкасының арасына тығып, КГБ-ның төрт каропка кинопленкасын берген».

«Аллажарды» Назарбаев екі рет көріп, көп жерін қысқартуға кеңес берген

«Біз 1996 жылдың 17 мамыры күні «Арман» кинотеатрының қос залында (қызыл, көк) «Аллажардың» тұсаукесерін жасадық. Презентация аншлагпен өтті.

Сол тұсаукесерде мен бірінші залда актерларды таныстырып жатқан кезімде, қасымдағы кинотеатрдың директорына киномеханик келіп, «екінші залдағы (көк зал) пленканы президент әкімшілігінен бір кісілер сұратып жатыр. Мұны режиссерға айтпаңыз» депті. Алайда, директор фильмнің авторына айтпасақ, ұят болады деп маған кинодан шыққаннан кейін болған жайтты ескертті. Мен директорға көк залда көрсетілген пленканың бір-екі жері жыртылғанын айттым. Ол бірден «сен Иманғалимен хабарласып, пленканы ауыстырып бер, ұят болар» деді.

Сосын мен президент аппаратындағылармен байланысып, «бұл пленканы кім сұратты?» дедім. Олар президент Нұрсұлтан Назарбаев сұратып жатқанын айтты. Мен оларға пленканың жыртылғанын айтып, «менен басқа пленка алыңыздар» дедім. Олар бірден келісіп, 10 минутта барамыз деді. Менің адресімді де сұраған жоқ. Ал мен жаңадан көшіп барған пәтерді көп адам білмейтін. Бірақ, президент аппаратындағылар дәл 10 минутта үйіме келіп, пленканы алып кетті.

Ол «Аллажардың» тұсаукесерінен кейін, 4-5 сағаттың ішінде болған жағдай.

Киноның басшылары Назарбаевтың қасына кеңесші ретінде өз адамдарын жібереді. Талғат Теменов сол кеңесшілердің бірі боп отырады. Тәкеңнің маған деген көзқарасы дұрыс емес еді. Теменовтен бөлек, бірнеше адам отырады. Бірақ, Талғат менің фильмдегі қателіктерімді өте «әдемілеп» көрсетеді. Және, «ол Үкіметке қарсы, оппозиционер» деген сияқты әңгімелер айтады.

Нұрекең оны тыңдады ма, тыңдамады ма білмеймін, бірақ, көргеннен кейін ол кісі Иманғалиды шақырып алып, «Мен «Аллажарды» екі рет көрдім. Өте жақсы түсірілген. Бірақ, бұл фильмде біраз қысқартатын жерлері бар екен» дейді. Мұны маған Иманғали арнайы кездескенде айтып берді.

Біз Бішкекке барар жолда, көлдің жағасында Мұхтар Шаханов ағамыздың туған күнін тойлап отырғанбыз. Сол жерге қара көлік келіп тоқтады. Келе салып: «Қалеке, жүріңіз» деді бір кісі. «Қайда?» деп едім, «Сізді вице-премьер Иманғали Тасмағамбетов күтіп отыр» деді. Мен: «Кешіріңіздер, біз мұнда Мұхаңның туған күнін тойлап жатыр едік. Мен қазір Мұқаңды, желтоқсандықтарды тастап кетсем ұят болады ғой. Кейінге қалдырсақ қайтеді?» дедім, оларға өтіне қарап. «Вице-премьер Сізді жедел жеткіз деген! Дайынсыз ба, дайын емессіз бе, біз оны білмейміз. Жүріңіз! Имекең күтіп отыр» деді.

Сөйтіп, Үкімет үйіндегі Иманғали Тасмағамбетовтің кеңсесіне келдім. Екеуміз стол басына жайғастық. Мен Иманғалиға: «Имеке, кешіріңіз, үсті-басым шаң, бүгін Сізбен жолығуға дайын емес едім», - дегенімде, ол: «Оқасы жоқ, Сіздер өнер адамдарысыздар ғой», -деді.

Сөйтіп, Иманғали Тасмағамбетов маған: «Қалеке, фильміңізді көпшілік жақсы қабылдап жатыр. Бұл фильмді келешекте мемлекеттік сыйлыққа ұсыну ойымызда бар. Президентіміз де «Аллажарды» жақсы бағалады. Бір емес, екі рет көріп, фильмді ұнатып отыр. Бірақ, бұл фильмде біраз қысқартатын жерлері бар екен дейді.

Сосын, Имекең маған фильмді қысқарту туралы президентіміздің кеңесі жазылған қағазды көрсетті. Онда Нұрекең фильмде алып тастауға тиіс кадрлердің тізімін беріпті. Мен қағаздағы жолдарды қарап шығып, ол кісіге: «Сіз өзіңіз айттыңыз, Нұрекең фильмді ұнатып отыр деп. Фильм несімен ұтымды? Өйткені, көрермен қуанатын жерде қуанады, мұңаятын жерде мұңаяды. Намысы оянған кезде, рухы көтеріледі емес пе?! Сондықтан, Имеке, қысқартуға менің батылым бармайды», - деп қысқарту туралы көрсетілген қағазды Иманғалидың алдына сырып қойдым.

Имекең біраз үнсіздіктен кейін: «Ойланып көріңіз...» - деді маған. Қағаз екеуміздің ортамызда қалды. Ал 10 мамыр күні Президент әкімшілігінің ішкі-сыртқы саясатындағылар мен КГБ, МВД-ның адамдары көрді. Сол кездесуде Уәлихан Қалижан ағамыз да болды».

Филмьді Тасмағамбетов қолдап, Қажыгелдин қарсы болған

«Шын мәнінде маған «Аллажарды» көтеруге көмектескен – Иманғали Тасмағамбетов. Имекең сол кезде Қажыгелдиннен кейінгі үшінші адам ғой. Бірақ, Қажыгелдин – «Аллажарға» бірден қарсы болған адам. Ал Имекең сол кезде Қажыгелдинді айналып өтіп, Назарбаевқа тікелей шығыпты.

Жалпы, Иманғали  –қазақ саясаткерлерінің арасындағы еліне жанашыр азамат. Өзім оның еңбегін жоғары бағалаймын. Ол 2006 жылы Желтоқсанға 20 жыл толғанда да бізге көп көмегін тигізді».

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары