$ 494.87  520.65  4.91

Халықтың 93,6%-ы сайлауды қолдайтыны шындыққа жанаса ма?

Өткен сәрсенбі күні Мәжіліс депуттары өздерін өздері тарату туралы бастама көтергені белгілі. Арада бір тәулік өтпей жатып, тиісті мекемелер сауалнама жүргізіп үлгеріп, саясаттанушылардың, әлеуметтанушылардың, журналистердің, қарапайым халықтың қанша пайызы сайлауды қуана қолдап отырғандарын анықтағаны мәлім болды.

Әлеметтік желілерде өзін-өзі таратқан Парламенттің әрекеті сынға ұшырап, ол туралы түрлі анекдоттар мен әзіл суреттердің хитқа айналып жатқаны жасырын емес. Алайда, Орталық сайлау комитетінде өткен брифингте олай емес екендігі айтылды. Мәселен, Еуразиялық интеграция институты жүргізген сауалнамаға сенсек, халықтың 82,8%-ы депутаттардың өтінішінен құлағдар. Тақырыптан хабардар халықтың 93,6%-ы сайлау өткізуді дұрыс деп бағалайды екен.

Еуразиялық интеграция институтының бөлім меңгерушісі Ботагөз Төреханова айтып кеткендей, жедел сауалнамаға 615 респондент қатысқан. 615 адамның 92,5%-ы лажы болса Мәжіліс пен мәслихаттардың сайлауын қатар өткізілгенін қалайды.

93,6% халық сайлаудың неғұрлым тезірек өткенін қолдап отыр. Себебі, бұл болашақ депутаттардың тезірек іске көшіп, Бес институционалдық реформа аясындағы Ұлттық жоспарларды орындауға бел шешіп кірісуі үшін керек.

Сауалнама сұрағына жауап бергендердің 92,5%-ы мерзімінен бұрын сайлау өткізу қазақстандықтардың ертеңгі күндеріне деген сенімдерін нығайтуға ықпалын тигізеді деп есептейді.

Демократия институты ғылыми-зерттеу қауымдастығының жобалар бойынша директоры Юлия Кучинская болса мемлекеттік мекемелер, азаматтық қоғам, жоғары оқу орындары өкілдері арасында, саясаттанушылар, журналистер арасында және басқа да сала өкілдері арасында жүргізілген скауалнаманың барысын жария етті. Демократия институтының сауалнамасына бас-аяғы 97 сарапшы қатысқан.

Сонымен, сауалнама нәтижесінде, сарапшылардың 94,8%-ы бұл дағдарысқа қарсы жедел әрекет ету үшін ауадай қажет екенін айтқан. Респонденттердің 93,4%-ы депутаттардың «5-шақырылымдағы Парламент мәжілісі өз миссиясын орындады» деген пікірмен толықтай келіседі. 94,2%-ы сайлау жаңа партияларға өз күштерін сынап көруге мүмкіндік береді деп санайды.

Бір қызығы, тура 5 минутқа созылған брифингтен кейін қатысушылар журналистерің сұрағына жауап берместен, орындарынан дүрк көтерілген күйі тез-тез басып жөнеле берді. Оларды арттарынан лифтіге дейін барған БАҚ өкілдері бірде-бір сұраққа жауап ала алмады.

Бекен ДУМАН

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары